383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Танымал қаржыгерлердің АХҚО-ны табысты орталық етуге атсалысатын кезі келді – Қ.Тоқаев

  • 221
  • UPD: 19:53, 02.07.2019

Елордада Астана халықаралық қаржы орталығы сотының ғимараты мен төрелік орталығы ашылды. Салтанатты рәсімге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Кейін президент орталықты басқару жөніндегі кеңес мүшелерімен кездесті. Алқалы жиында елордадан Токио, Сингапур және Шанхайға тікелей әуе рейстерін ашу, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарын қаржы орталығының базасына орналастыру сынды маңызды мәселелер қаралды.

Әйтеке, Төле және Қазыбек би. Елордадағы Астана халықаралық қаржы орталығының соты мен төрелік орталығы дегенде, енді осы тұлғалардың есімі бірінші аталуы тиіс. Себебі мұндағы төрелік айтатын орындарға сол ұлылардың есімі беріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін сот ғимараты және халықаралық төрелік орталығын салтанатты түрде ашты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз заманауи, кәсіби және дербес сот жүйесін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлеміз. Сот және халықаралық арбитраждық орталықты ағылшын құқығы қағидаты негізінде құру арқылы біз «Астана» халықаралық қаржы орталығының институционалдық құрылымын жасауды аяқтаймыз. Сонымен қатар Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі бастамаларының бірін жүзеге асырамыз.

Заң үстемдігі енді осы қаржы орталығында салтанат құрады. Бұл арқылы инвесторлардың елімізге деген сенімі нығаяды. Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев алда қыруар жұмыс барын еске салды. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу ең басты міндет болғандықтан Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағында «Астана» халықаралық қаржы орталығының беделін нығайта түсу қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз бұл міндеттің өте өршіл екенін түсінеміз. Ол тұрақты әрі сапалы экономикалық өсімді, әртараптандыруды, жаңа инвестиция мен технологияны тартуды талап етеді. Біз реформалардан қорықпаймыз. Соның арқасында бұрынғы КСРО аумағында алғаш рет ағылшын құқығы негізіндегі сот төрелігі пайда болды.

«Астана» қаржы орталығы исламдық қаржыландыру, адам капиталы, инновация және цифрландыруды дамыту, стартап-жобаларды қолдау салалары бойынша ілкімді істерден кенде емес. Қазір осында тіркелген 200-ге тарта компания сол жобалардың бір парасын іс жүзінде қолданып та үлгерді. Ал орталықтың инфрақұрылымы әлем бойынша үздік деуге толық негіз бар.

Кристофер Кэмпбелл-Холт, АХҚО соты мен халықаралық төрелік орталығының аппарат жетекшісі:

- Орталық сотының төрағасы Лорд Гарри Кеннетт Вульф. Ол Англия мен Уэльстің бұрынғы судьясы. Одан бөлек жалпы құқық жүйесінің 8 судьясы бар. Ал халықаралық төрелік орталығын Барбара Доманн ханым басқарады. Оның құрамында төрелер мен медиаторлардан құралған 30 кәнігі маман бар. Ал қазақстандықтарға келсек, олар да осында судья ретінде қызмет атқарады. Ағылшын тілін жетік меңгергендері жетіп артылады.

«Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңеске биыл жаңа инвесторлар қосылды. Мәртебелі меймандар қатарында енді Ислам даму банкі мен "City Group" сынды компаниялардың басшылары да бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Астана халықаралық қаржы орталығы құрылған сәттен бастап Кеңестің 4 отырысы өтті. Онда орталықтың даму стратегиялары, органдарының құрылымы бекітіліп, өзге де жүйелік маңызды мәселелер қаралды. Астана халықаралық қаржы орталығы табысты жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалды және инфрақұрылым жолға қойылды деп толық сеніммен айта аламыз. 

Былтыр қаржы орталығында еліміздің «Қазатомөнеркәсіп», Ресейдің «Полиметалл» сынды компаниялары құнды қағаздарын саудаға шығарды. Алдағы уақытта өзге де ірі кәсіпорындар осы істі қолға алуға ниетті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әлемнің жетекші сәулетшілері елорданың бірегей бейнесін жасады. Енді дүние жүзінің белгілі қаржыгерлері осы жерде табысты қаржы орталығын қалыптастыруға атсалысатын кез келді. Орталық қаржы секторын дамытумен қатар, экономикаға инвестициялар тартуы тиіс. АХҚО базасында келешегі зор жобаларды қаржыландыру жөніндегі негізгі мәмілелер жасалуы қажет. Бұл жерде «Қазақтелеком», «Қазмұнайгаз», ҚТЖ, «Эйр Астана» сынды ұлттық компаниялардың IPO-сы өтеді.

Президент орталықтың небәрі бір жылда 37 саты көтеріліп, әлемдік индекс бойынша 51-ші орынға тұрақтағанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев – бұл орталық ең әуелі елорданың дамуына мол мүмкіндік берді деді. Осы қарқын жалғасса, көп ұзамай Нұр-Сұлтан қаласы жаһандағы ең озық инвестициялық орталықтардың біріне айналмақ. Қазірдің өзінде елорда Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы көшбасшы қалалардың қатарында тұр.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- Біз орталық жұмысын 3 бірдей бағытта дамытуды көздеп отырмыз. Біріншісі – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кәсіпкерлерімен тығыз байланыс орнату. Екіншісі, Орталық Азияның нарығына кіру. Үшіншісі, «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан қаласын халықаралық қаржы хабына айналдыру. Қазір осы жоспарды орындауға кірісіп кеттік. «Астана» халықаралық қаржы орталығында жұмыс істейтін компаниялар саны 200-ге жетті. Арасында Қытай даму банкі сынды ірі компаниялар бар.

Қаржылық әрі инфрақұрылымдық хабқа айналу үшін Токио, Сингапур, Шанхай қалаларына тікелей әуе рейстері ашылуы қажет. Кеңеске қатысушылар осы мәселені де пысықтады. Демек, алдағы уақытта елорда арқылы әлемдік қаржы орталықтарымен тікелей қатынас орнайды. 

Игорь Финогенов, ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі:

- Қазақстанның қаржы нарығына қарқынды түрде бет бұрып жатырмз. Еуропада бізге саяси тұрғыда қысастық көрсетіліп келеді. Мұндағы геосаясат орнықты. Біздің соңымыздан өзге де компаниялар келіп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес отырысынан кейін Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар және «Bloomberg Media Group» компаниясының бас атқарушы директоры Джастин Смитпен кездесті. Басқосу барысында тараптар исламдық қаржыландыру мәселесі мен басқа да институттарды тарту жайын қарастырды. Әрі орталық базасында банк құрылымдарын орналастыру және биржаға ислам облигацияларын шығару жөнінде пікір алмасты. Ал «Bloomberg Media Group» компаниясының бас атқарушы директорымен кездесуде орталық алаңынан тікелей хабар тарататын «Bloomberg» студиясын ашу мен беделді халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарын тарту үшін медиахаб құру және биржа жұмысын кеңінен насихаттау мәселелері талқыланды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Экспо-2017 аясында құрылған АХҚО арқылы енді шетелдік инвестициялардың ағыны артуы тиіс. Себебі сол әлемдік компания жетекшілері мұнда еш алаңсыз қаржы құюына бар жағдай жасалды. Бұны экономиканы мызғымастай, берік ету мақсасында жасалған маңызды қадам деп ұғынған дұрыс. Ал экономика қаншалықты қуатты болса, елдің де жайы соншалықты әлеуетті бола түседі. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы