388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы: Мұнай-газ саласындағы компаниялар қызметкерлерді сыйақымен қамтамасыз етуі қажет

  • 580
  • UPD: 23:59, 04.07.2019

Еліміздегі кәсіби-техникалық колледждер жаңғыртылады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Білім беру үдерісін жұмыс берушілердің сұранысына сәйкестендіру үшін бюджеттен 60 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының базасында нарық сұранысына жауап беретін құзыретті органдар құрылады.

Бүгін елордада 32-мәрте ұйымдастырылған шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында осындай бастамалар көтерілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үшін бұл – президент ретінде қатысып отырған алғашқы шетелдік инвесторлар кеңесі. Биыл 32-мәрте ұйымдастырылған жиын осымен ерек. Бұл – бір. Ал, екіншіден, осы отырысқа кейбір кеңес мүшелері де жаңа. Әсіресе Қазақстан Үкіметінің тарапынан өзгерістер орасан. Ал бұл – өз кезегінде инвесторлармен тағы бір мәрте жүздесіп, тікелей диалог орнататын жаңа мүмкіндік деген сөз.

Шетелдік инвесторлар кеңесі – билік пен бизнестің арасындағы көпір. Ал оның мүшелері – елімізге жалпы көлемі 250 миллиард доллардан астам қаржы құйған трансұлттық компания басшылары.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– Осы пікірталас алаңына қатысқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Себебі, сіздердің ұсыныстарыңыз біздің назарға алынады. Демек әріптестігіміз де арта түседі. Еліміздегі инвестициялық климат жақсарады.

Еліміздің сенімді серіктесі шетелдік қаржы институттарының бірі – Еуропадағы қайта құру және даму банкі. Бір ғана осы құрылым экономикамызға 9 миллиард доллар инвестиция құйған. Кеңеске мүше өзге компаниялардың да капиталы аз емес. Бірі инфрақұрылымға, енді бірі шикізаттық емес секторда кәсіпорын құрып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал мемлекет жайлы жағдай жасауын жалғастырып келеді. Алдағы уақытта да солай бола бермек. Қасым-Жомарт Тоқаев келешек жастардың қолында екенін айтты. Яғни білімге үздіксіз қаржы құюды меңзеді. Биылғы отырыстың адам капиталын дамыту тақырыбына арналуы осыған себеп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– Мен үшін жастарды дайындау – басты мақсат. Келешек білімді ұрпақтың қолында. Арқаны кеңге салуға болмайды. Білім саласындағы реформалар әлі де алда. Сын-қатерлерге дайын болуымыз керек.

Мемлекет басшысы шетелдік инвесторларды алаңдатқан бірнеше мәселеге назар аударды. Әсіресе кәсіби-техникалық білім сапасын жаңғырту қажеттігін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– Кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінің базасы нашар. Оны тәмамдаған түлектер бәсекеге қабілетті емес. Одан бөлек, оқытушылар да жеткіліксіз. Жұмыс берушілер сол бітірушілердің 70 процентіне көңілдері толмайды. Сондықтан осы оқу орындарын жаңғырту үшін республикалық бюджеттен 58 млрд теңге бөлуді тапсырамын.

Ал жоғары оқу орындарының базасында жұмыс берушімен тікелей байланыс орнататын құзыретті органдар құрылады. Сол арқылы нарықтағы сұраныс толықтай ескеріледі. Демек қолында дипломы болса да, салаға қажетсіз мамандар даярлау ісі доғарылады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– Мұнай-газ саласы мен химия кешенінде біліктілікті арттыру курстары көбейеді. Осы ретте Үкімет инвестициялық қауымдастықпен бірлесіп, жүйелі ұсыныстар әзірлеуі қажет. Одан бөлек, осы мұнай-газ саласындағы компаниялар қызметкерлерді сыйақымен қамтамасыз етуі қажет. Бұл шетелдік компанияларға көбірек қатысты. Кіріс теңдей бөлінуі керек.

Кез келген еңбеккердің қызметі алға бассын десек, оларды үнемі ынталандыру қажет. Президенттің тағы бір ұсынысы осы. Демек қоғамда қордаланған түйткіл – шетелдік жұмыс берушілердің қазақстандық мамандарға деген көзқарасы жақсарады деген сөз. Қасым-Жомарт Тоқаевтың адам капиталын дамыту тұрғысындағы пікір-пайымы осы. Бұл ретте инвесторлардың да айтары бар.

Констанц Ульмер-Айлфорт, «Бейкер энд Макензи Интернэшнл» фирмасы төрағасының орынбасары, атқару комитетінің мүшесі:

– Қазақстандағы әйелдерге бизнес ашып, кәсіппен айналысуына мол мүмкіндік беру қажет. Экономикаға олардың қосар үлесі көп болады. Соңғы 10 жылда оқу бітірген азаматтардың 57 проценті – әйелдер. Бірақ барлығы бірдей жұмысқа кірісіп кете алмайды.

Марко Мариотти, «Филип Моррис Интернэшнл» компаниясының Шығыс Еуропа аймағы бойынша президенті:

– 1990-2000 жылдарда біз жұмыс күшін тарту үшін шетелдерге жүгінетінбіз. Ал қазір Қазақстанда бәрі бар. Енді тек солардың имиджін қалыптастыратын бағдарлама әзірлеу қажет. Сол арқылы түбегейлі өзгерістерге қол жеткізуге болады.

Отырыста еліміздің еңбек нарығына кешенді түрде зерттеу жүргізу жөнінде ұсыныс жасалды. «Бұл – келешекке нық қадам басудың тағы бір жолы», – деді қатысушылар. Себебі, автоматтандыру, цифрландыру үдерісінің салдарынан жүздеген мамандық жойылып кетуі мүмкін. Демек болашақтың сын-қатеріне қазірден бастап қамдану қажет.

Айта кетейік, мемлекет басшысының ұсынысы бойынша шетелдік инвесторлардың келер жылғы отырысында шикізаттық емес секторды дамыту мәселесі қаралады.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы