384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейбіт аспанда желбіреген көк туымыз – баға жетпес байлық – Қ.Тоқаев

  • 279
  • UPD: 18:01, 05.07.2019

Елорда күнін тойлау ресми түрде басталды. «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде Мемлекеттік ту көтеру рәсімі ұйымдастырылды.

Саланатты шараға Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Көк байрақ қаланың қақ ортасында орналасқа биіктігі 111 метрлік тұғырға ілінді. Ал президент қала тұрғындары мен қонақтарын елорда күнімен құттықтап, шаһардың адымы алшаң екенін айтты. Осы рәсімнен кейін мемлекет басшысы әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шен табыстады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Еліміздің ең үлкен туы елордадағы «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде орналасқан. Бұл орын астанадағы көрікті орындардың бірі ретінде тұрғындарға танымал. Ал осындағы көк байрағымыз көлемі жағынан ұлан ғайыр жеріміз секілді әлем бойынша алғашқы ондыққа кіреді.

Мемлекеттік ту, әнұран және елтаңба - еліміздің ең басты әрі қастерлі нышандары. Ұлттық рухымыз бен бітім-болмысымыздың айшығы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Егемен еліміздің бейбіт аспанында желбіреген көк туымыз бүгінгі күннің баға жетпес байлығы. «Туған жерге туыңды тік деген» деген даналықтың мән-маңызы да осында. Себебі біз қасиетті топырағын қадір тұтатын, туын әрқашан биік ұстайтын елміз. Елорда күні қарсаңында салтанатты ту көтеру рәсімі өздеріңіз сияқты ел қорғаны болатын азаматтардың алдында өтуде. Бұл аға ұрпақтың сіздерге артатын зор сенімін көрсетеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың төл туындысы - елордамыз халқымыздың жарқын болашаққа деген ұмтылысын айғақтайды.

Көк байрақтың авторы Шәкен Ниязбеков. Биіктігі 111 метр болатын тұғырға қойылған тудың ені 15, ал биіктігі 30 метр. Салмағы 100 келіге жуықтайды және еліміздегі ең үлкен ту саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бас қаламыз бір ел, бір халық, бір ұлт болып жұмылған еліміздің жүрегі. Ел астанасы бүгінде халықаралық жиындар өтетін аса маңызды геосаяси орталыққа айналды. Дүниежүзілік ЮНЕСКО ұйымы елордамызды бейбітшілік қаласы деп атады. Ел астанасының қазіргі даму қарқыны айрықша. Бұл ең алдымен Елбасымыздың теңдессіз еңбегі, дана  халқымыздың ынтымақ, бірлігінің арқасы.

Мемлекеттік ту көтеру рәсімі арқылы елорда күніне арналған мерекелік шаралардың шымылдығы түрілді. Әрі жоғарғы әскери оқу орындарын бітірушілер лейтенант арнаулы атағына ие болды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі институттар мен академиялардың үздік деген 27 түлегіне Президент офицер шенін табыстады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрметті түлектер сіздер үшін бүгін ешқашан ұмытылмайтын күн. Барлығыңызға офицер шені беріледі. Әскери оқу орнында алған білімдеріңізді Отанымыздың қауіпсіздігін сақтауға жұмсайтын кез келді. Нағыз сардар елдің мықты қорғаны болуы тиіс. Сіздер ғұмырларыңызды әскери қызметке арнап отырсыздар. Ата-бабаларымыз Отанымызды ақ білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғады. Екінші дүниежүзілік майданда, Ауғанстанда 100 мыңдаған отандастарымыз ерліктің үлгісін көрсетті. Қазіргі күрделі ахуалда біздің ер-азаматтарымыз шиеленіс ошақтарында бітімгерлік миссиясын атқаруда.

Батыр бабалар жолы жалғасын табуы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев түлектерге осындай өнеге айтты. Өйткені Қазақстан қарулы күштері қауқары жағынан жер қайыстырып ғана қоймай, әрбір сарбаздың бойында батырлық рух жалындап жануы тиіс.

Назгүл Қожамжарова, ҚР ІІМ Қарағанды полиция академиясының түлегі:

- Бүгін сіздің қолыңыздан алған жұлдызша бізге ұлттық қауіпсізідкті сақтауға, азаматтарымыздың тыныштығын қорғауға, сондай-ақ ішкі істер органдарында қалыптасқан үрдісті жалғап, Қазақстан әскерінің мәртебесін түсірмеу жолында үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы жолда Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант етеміз.

Абылай Тоқтан, ҚР Ұлттық Ұлан әскери институтының түлегі:

- Біздер жас офицерлер жастар жылы аясында ЖОО аяқтап, бар күш-жігерімізді егемен еліміздің дамуына және әскери күштеріміздің қатарын нығайтуға жұмсаймыз деп сендіреміз. Қазақстан халқына, президентіне адал қызмет етуге ант етеміз.

Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасын жалғаған елорда күніне арналған шаралар осылайша бастау алды. Енді алдағы бірнеше күн бойы бас қала думанды шаралар мен көңілді кештердің орталығына айналады. Ал қолдарына офицер шенін алған әскери қызметкерлер осы сәттен бастап абыройлы міндеттеріне кіріседі.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов, Айдос Меделбеков

Хабар 24 телеарнасы