384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бүгін Ұлттық домбыра күні

  • 744
  • UPD: 09:23, 07.07.2019

Бүгін Ұлттық домбыра күні. Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра.

Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің осы қанатты сөздері күмбірлеген қара домбыраның сан ғасырлық тарихын әспеттесе керек. Оның үстіне қазіргі уақытта ұлттық аспаптың заманауи музыка ырғағымен үйлесімді үндесіп жатқанын назарға алсақ, домбыра ғұмыры әлі талай ғасыр жасайтынын аңғаруға болар. Әріптесім Мейірлан Алтынбек жалғастырсын.

Соңғы кезде заманауи отандық музыкада ұлттық аспаптар үнін жиі естиміз. Жәй естіп қана қоймай делебеміз қозып, еріксіз тербелеміз. Мәселен, рәп жанрында қобыздың қоңыр үні қолданылса, рокта қара домбыра күмбірі.

Этнорок жанрын елімізде алғашқылардың бірі болып «Ұлытау» тобы енгізгені баршаға мәлім. Әлем бойынша жасаған гастрольдері қазақи этнорок тыңдармандарының көптігін және аталған жанрдың әлі жаны бар екенін аңғартты. Бірақ шет елде дәуірі аяқтала бастаған классикалық рок жанрының алғашқы лебі біздің елімізге осы қара домбыра арқылы келіп, жанрға ұлттық бояу берілді.

Рүстем Баекеев, «Ұлытау» тобының домбырашысы:

- Енді біздің Ұлытау тобын білесіздер. Біздің бағытымыз рок бағыты болып есептелінеді. Ол рок бағыты да жайдан-жай таңдалған жоқ. Қазақтың күйлері де өзі соған ыңғайлы. Рок жалпы, жаугершілікке, батырлыққа, руқтылыққа тәрбиелейді ғо. Қазақтың күйлері де солай. Махамбет болсын, Құрманғазының күйлерін бәрін тыңдасаңыздар арқаңыз қозып, бір шапқыңыз келіп, бір жорыққа аттанғыңыз келіп тұрады. Сол рокта соған сәйкес келгеннен кейін, сол екеуін үндестіріп, халыққа ұсынған кезде, әсіресе еуропа халықтары, германия болсын, америка болсын бәрі өздерінің үндестігін тапқандай қуанып, Ұлытауды сол үшін құрметтейді, пір тұтады өздеріне. 

Домбыраның пішіні жаңғыртылып, цифрланып келе жатыр десек, артық айтқанымыз емес. Мәселен, музыкалық аспап дүкендерінде  электро-домбыраға сұраныс артып келеді. Қара домбыра мен электро-домбыраның айырмашылығы неде дерсіз?

Рүстем Баекеев, «Ұлытау» тобының домбырашысы:

- Біздің домбыраларды пайдалана беруге болады. Құр қазақтың күйлерін тартуда. Ал қазір «Алдаспан» тобын білесіздер, ол кісілердің ұстап жүрген домбырасы таза электрондық. Өйткені ода акустикалық шанақ жоқ, тек домбыраның сұлбасы жасалған да, бірақ ішінде электрогитараның функциясын атқарады. Ішіндегі бүкіл жүйесі солай қалыптасқан.

«Ұлытау» тобының скрипкашысы Әсел Исаеваның айтуынша, күйдің ұлттық бояуын жоғалтпай, домбыраны заманауи ырғақпен үндестіріп шертетін орындаушылар бүгінде көп емес. Осыған байланысты классикалық музыкант нота ерекшеліктеріне қарай шебер орындай алатын домбырашылардың көбейгенін қалайды.

Әсел Исаева, «Ұлытау» тобының скрипкашысы:

- Домбырашыларға тілерім, сіздер бізге өте кересіздер. Өте қажетсіздер. Дәстүрлі күй, дәстүрлі, сапалы музыка әуен бізге өте қажет. Қазір енді Асылбек ағамыз болсын, Тұран тобы болсын, әр түрлі топтар бар. Домбыраны заманауи бірақ өте сапалы түрде халыққа паш ете білетін. Сондай домбырашылар көбейсе екен деген ниет бар.

Қазіргі уақытта елімізде домбыраға ерекше мән беріліп жатқаны соншалық, еліміздің әр қаласында ұлттық аспапқа арналып мүсіндер орнатылуда. Әлеуметтік желілерде онлайн үйірмелер де тегін жүргізілуде. Этнофесттер мен «Домбыра Party» сынды бейресми мәдени басқосулардың ұдайы өткізіліп жатқаны тағы бар.

Мейірлан Алтынбек, тілші:

- Әттең осындайда нағыз қазақтың иісін шығарып, «әу» деп жібергенге не жетсін. Домбыра шерте білмегенімен, қанға сіңген әдетті арасында осылай байқатып отырсақ та болмай ма дерсіз. Бірақ соңғы кезде қоғам арасында мектептерде домбыра сабағын енгізу туралы ұсыныстар жиі айтылып жатқаны белгілі. Тіпті бұл ұсынысқа қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кезінде өзінің оң көзқарасын білдірген еді, естеріңізде болса. Енді алдағы уақытта осы сауал өз шешімін тауып қалар деген үміттеміз.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Марат Диқанбаев, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы