384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев: Мектептерде домбыра үйрену пәнін енгізу қажет

  • 403
  • UPD: 23:14, 07.07.2019

Ұлттық аспап ұлықталған күні мемлекет басшысы осылай деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тек ұлтқа тән құндылықтарды дәріптеу арқылы болмыс-бітімді сақтап қалуға болады», – деді.

Қазақ елі монументі маңында өткен айтулы шарада мыңға жуық қатысушы бір мезетте бірнеше күйді орындады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Арасында қарапайым тұрғындардан бастап сахна саңлақтары, спорт майталмандары мен мемлекеттік қызметкерлерге дейін бар.

Бұл мереке елді осылай ұйыстырды. Домбыра күнінде көпшілік алдында өнер көрсетуге іргедегі елді мекендерден келгендері де бар. Жасы да, жасамысы да осында. Санаулы уақыттан кейін ұлттық аспапты ұлықтайтын айтулы шара басталады. Бірі қобалжып, енді бірі тағатсыздана тосып жатты.     

Домбыра күніне арналған мерекелік концертке мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президент қос ішекті аспапты арқалап келген мыңға жуық өнерпаздың өнерін тамашалады. Олар 6 бірдей күй орындады. Шанақтан «Сарыарқа» күйі төгілгенде, бұғау кісен бұзылды, «Адайдың» дүбірі естіліп, елді арындатты, «Көңіл толқыны» көптің көңіл пернесін басты. 

Домбыраның қадір-қасиетін өзіміз түгіл, өзгелер де ұғынып жатыр. Қазақтың қара домбырасы мен күмбірлеген күйі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енген. Мұның өзі қазақ қадір тұтқан аспаптың құндылығын әспеттейді.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз бола беруі тиіс. Бүгін барша халық болып ұлттық аспаптан шыққан күйдің құдіреті мен қуатын сезіндік. «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері ұлттық рухымызды көтеретін таңғажайып туындылар. Домбыраның пернесінен шыққан күйде халқымыздың терең тарихы бар. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұтуымыз қажет.

Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Оларды бір-бірінен айыру әсте қиын. Бабадан жеткен бұл өнерді өскелең ұрпақтың бойына жаппай сіңіру керек. Мемлекет басшысы: «Кейінгі буын домбырадан қол үзбесін», – деді. Сондықтан ел мектептерінде домбыра үйрету сабақтарын енгізу қажеттігін айтты.    

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз.  Баршамызға ортақ құндылық – домбырамызды жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабағын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану заманында халқымызға тән бірегей құндылықтарды  жаңғырта беруіміз қажет. Төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мемлектіміздің айрықша назарында болады. 

Өнерде шек болмайды, оны түсінуге тілдің де керегі жоқ. Қазір қазақты осы бір аспаппен әлемге танытып жүрген өнерпаздар бар. Қасым-Жомарт Тоқаев сол өнер тарландарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле беретіндігін айтты. Өйткені қазақты өзгелерден өзгешелейтін, көптен ерек қылатын осы саф өнері.

Секен Тұрысбеков, күйші, композитор:

– Қазақтың дәстүрлі әні, күйі, биі – қазақ тарихыменен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан ұлы құбылыс. Оның ішінде домбыраның қоңыр үні. Домбыра бізге үлкен күш, қуат, жігер береді. Сондықтан қазақ осы домбырамен мақтанады.

Ұлттық аспап ұлықталған күні спорт майталмандары да көпке қосылып өнер көрсетті. Арасынан мемлекеттік қызметкерлерді де байқадық. Кәсіби өнерпаздар көшті өздеріне ілестіріп отырды. Бір күйді бір мезетте орындағанда қазақ аспаны күмбірлеп сала берді.

Ермахан Ыбырайым, Сидней олимпиадасының чемпионы:

– Кеше ғана Қанат Ислам өзінің шешуші айқасына шығар кезде домбырасын тартқызып, рухтанып отырды. Күш жинады. Көрдіңіз бе домбыраның қасиетін?! Сондықтан домбыра күні – бізге өте керекті мейрам. Басты мейрамдардың бірі деп айтуға болады.

Айтулы шара өткен алаңға бірнеше ақшаңқан үйлер де тігілді. Көрме ұйымдастырылып, музейде көздің қарашығындай сақталған құнды жәдігерлер қойылды. Арасында сал-серілер өз дәуірінде ұстаған көне домбыралардың көшірмелері болды. Бұл мерекені көппен бірге атап өтуге отбасыларымен келгендері де бар. Олар көрерменнің емес, қатысушылардың қатарынан табылды. 

Айтулы күні өзге ұлт өкілдерінің де қос ішекті күмбірлетіп отырғанын көрдік. Бұл ұлттық өнер тұтас ұлтты ұйыстырғанын аңғартса керек.

Авторлары: Дастан Сейірханұлы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы