386,44 428,48 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ДСҰ Бас директоры елорда ұйымның конференциясын өткізуге лайықты қала екеніне сенімді

  • 401
  • UPD: 20:25, 08.07.2019

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен бері елімізге 67 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестициялар тартылған.

Оның үштен бір бөлігі қызмет ету саласын дамытуға құйылған. Бұл ең алдымен сауда, дистрибьюторлық, құрылыс, көлік-логистикасы мен қаржылық қызмет түрлері. Келесі жылы елордада Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-конференциясы өтеді.

Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін Қазақстан бірден қауымдастық жұмысына белсенді араласып кетті. 2017 жылы еліміз экологиялық мақсаттағы тауарлар саудасы бойынша келіссөздер тобын басқарған. Ал өткен жылы қызметтер саудасы бойынша арнайы сессияға жетекшілік етті. 

Жанар Айтжанова, Қазақстанның БҰҰ бөлімі мен Женевадағы өзге де халықаралық ұйымдардағы ҚР тұрақты өкілі:

- Жаһандық келіссөздер сессиясын басқарғанымыз маңызды болды. Ең алдымен бұл тең бәсекелестік үшін қажет. 2020 жылы маусымның 8-і мен 11-і аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін конференция қарсаңында көп тарапты сауда жүйесін дамыту бойынша нақты шешімдер қабылдау маңызды болып отыр. Атап айтқанда, электронды сауда бойынша жан-жақты талқылауды бастау туралы шешім шығарылады деп ойлаймыз. Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымының заманға сай болуы үшін керек.

2015 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөнінде келіссөздер аяқтаумен қатар Қазақстан Еуроодақпен кеңейтілген ынтымақтастық пен серіктестік Келісімін жасасуға дайындығын аяқтаған болатын. Бұл құжаттың басым бөлігі Еуроодақ елдерімен инвестициялық, бизнес және сауда қатынастарын дамытуға арналған. Жалпы Қазақстанның сыртқы сауда көлемінің жартысы осы елдердің үлесіне келіп тұр.

Жанар Айтжанова, Қазақстанның БҰҰ бөлімі мен Женевадағы өзге де халықаралық ұйымдардағы ҚР тұрақты өкілі:

- Еуроодақпен барлық келісімдеріміз Дүниежүзілік сауда ұйымындағы міндеттемелерімізге сәйкестендірілген. Еуразиялық экономикалық одақ ережелерімен де үйлестіруге тура келді. Техникалық жағынан бұл күрделі келіссөздер болған. Дегенмен, бәрін үйлестіре алдық.

Роберто Азеведо, ДСҰ Бас директоры:

- Жақында Нұр-Сұлтан қаласында болып, конференция өтетін ғимараттар мен бөлмелерді қарап, кездесулерді  ұйымдастыратын қызметкерлермен сөйлестім. Бәріне риза болдым. Конференция барысында елдердің дамуына әсер ететін ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі  секілді дәстүрлі салаларды қарастыруды көздеп отырмыз. Бірақ сонымен қатар жаңа мәселелер мен сын-тегеуріндер бойынша да жұмыс істейміз.

Роберто Азеведоның пікірінше, конференцияны өткізу және сауда саласындағы осындай ауқымды шараны басқару кез келген ел үшін үлкен сын. Алайда Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры Нұр-Сұлтан қаласында осы беделді форумды өткізуге қажет тиісті инфрақұрылымдардың бар екеніне сенімді.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы