384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Эльмира Суханбердиеваға қатысты сот үкімі шықты

  • 282
  • UPD: 14:44, 10.07.2019

Елордалық сот білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Эльмира Суханбердиеваға үкім шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сот шешімімен экс вице-министр 6 млн теңгеге жуық көлемде айыппұл төлейді, одан бөлек мемлекеттік қызметпен өмір бойы айналыса алмайды. Президент табыстаған мемлекеттік наградасынан да айырылады. Айыпталушы тарап соттың шешімімен келіспей, жақында Жоғарғы сотқа апелляциялық шағым түсірмек.

Эльмира Суханбердиеваны сот отырысына конвойлар ертіп келді. Қолында кісен болмады. Жүзі жадыраңқы көрінді. Бірақ іштей қобалжу бары анық сезіліп тұрды. Қорғаушысын сөзге тартып, екеуара ақылдасып отырды. Сол сәтте үкімді оқуға судья келді.       

Есіл аудандық сотының судьясы Бақытжан Есенов үкім шығаратын кезде күдіктінің кәмлеттік жасқа толмаған 3 баласы барын ескергенін айтты. Сондай-ақ Суханбердиева өз кінәсін толық мойындап, тергеушілермен процессуалды келісімге келгені де есепке алынған. Соттың шешімімен бұрынғы вице-министр қамаудан босатылды, бірақ үлкен көлемде айыппұл төлейтін болды.  

Бақытжан Есенов, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы №2 сотының судьясы:

– Күдікті Суханбердиеваға 2500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Сонымен қатар, өмір бойына мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және мемлекет үлесі 50% асатын өзге де мемлекеттік органдарда – ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттарында жұмыс істеу құқығынан айырылады.

Мемлекеттік қызметпен өмір бойы айналыса алмайтын бұрынғы шенді Президент табысаған «Ерен еңбегі үшін» медалінен де айырылатын болды. Сот үкімі күшіне енбейінше, өзге қалаларға қолхатсыз шыға алмайды.

Осы іске қатысы бар тағы бір күдікті Елена Шевернява да айыпты деп танылды. Сот шешімімен ол 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болды. Айыпталушы тарап үкіммен келіспейтіндерін айтты. Ол енді Жоғарғы сотқа апелляциялық шағым түсірмек. 

Эльмира Суханбердиева:

– Біз сыйлық бермек болған балалардың тізімі бекітілген еді. Бас-аяғы 41 бала болатын. Оларды мереке кезінде қуантпақ болғанбыз. Бірақ соңы осындай жағдайға ұласты. Десе де мен әлгі балаларға түптің-түбінде сыйлық жасаймын. Планшеттер мен ұялы телефондар менің қолыма тимеді. Олар мемлекеттің мүлкіне өтіп кетпеуі үшін Жоғарғы сотқа жүгінемін. Сыйлықтар қалай да балаларға берілуі керек.   

Суханбердиваның вице-министр қызметінен босатылатыны анық. Енді ол кәсіпкерлікпен яки ұстаздық қызметпен айналысуы мүмкін. Сот отырысынан кейін журналистерге ағынан жарылған бұрынғы шенді темір торда отырып кітап жазғанын айтты. Жақында жарыққа шығармақ.

Эльмира Суханбердиева:

– Мен енді кәсіпкерлікпен айналысуды немесе ұстазық етуді ойлап жүрмін. Абақтыда жатып кітап жазуға кірістім. Жуырда жарыққа шығарамын. Қазірдің өзінде бізге хабарласып, сол кітапты басып шығаруға ниетті адамдар бар.

Эльмира Суханбердиева білім және ғылым министрінің орынбасары болып осыдан 3 жыл бұрын тағайындалған. Ол орта мектептердегі білім беру сапасын қадағалаумен айналысқан және ведомстводағы жемқорлықпен күреске жауапты еді.  

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы