386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда аптап ыстық тамызда да жалғасады

  • 318
  • UPD: 13:16, 23.07.2019

Алатаудың баурайындағы Алматыда аптап ыстық.

Термометр таңертеңгі уақытта 27-29 градус ыстықты көрсетсе, түс қайта 36-38 градусқа жетті. Ауа райын болжаушы мамандар шілденің шіліңгір ыстығы тамызда да жалғасады деп отыр.

Аптап ыстық алдымен денсаулығы сыр берген жандар мен егде жастағы адамдарға ауыр тиюде. Соңғы уақытта қаладағы жедел жәрдем қызметін шақырушылардың саны артқан. Дәрігерлер ыстықта далаға шықпай, майлы тамақтан бас тартқан дұрыс, дейді. Ең бастысы сұйықтықты көп ішкен абзал.

Азамат Әменов, қалалық медициналық жедел жәрдем қызметі директорының м.а:

– Соңғы аптада шақыртулар көбейді. Тәулігіне шақыртулар 2400 болса, қазіргі таңда ол 2600-ден 3 мың шақыруға дейін көбейді. Ең шақырту көбі жүрек қан тамырлары сырқаты бар науқастар, олар артериалды гипертензиямен ауыратын науқастар қант диабеті барлар көп шақыртып жатыр.

Бүгін қала көшелеріндегі термометр түс қайта 36-38 градус ыстықты көрсетті. Тұрғындар қапырық ыстықтан субұрқақ маңынан сая іздеуде. Алайда мамандар бұл аномальды ыстыққа жатпайды дейді. Айта кетейік, Алматыда 43 градустық ыстық 1983 жылы тіркелген.

Дәулет Кисебаев, жетекші инженер-синоптик:

– Егер термометр көрсеткіші 40 градустан асса, онда бұл климаттық өзгеріс болып саналады. Шілде жылдың ең ыстық айы болғандықтан, бұл әдеттегі жағдайға жатады. Қалада ең ыстық жаз 1983 жылы тіркелген. Ол кезде ыстық 43 градусқа жеткен. Ал соңғы рет Алматыда 2007 жылы 39 градус ыстық болған.

Мамандар аптап ыстық тамыз айында да қайталанады дейді. Тек айдың ортасынан бастап қана ыстықтың беті қайтады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы