386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қоғам белсенділері зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейтуді талап етуде

  • 237
  • UPD: 22:30, 30.07.2019

Қоғам белсенділері елімізде жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейтуді талап етіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір олар халықтан қол жинауда. Осы күзде өтініштерін Парламентке жібермек. Ал, Бас көлік прокуратурасы болса, «Тальго» пойызында жолаушыны зорлау оқиғасына қатысты істі апелляцияға берді.

Естеріңізге сала кетейік, шығарылған үкім қоғам наразылығын туғызды. Себебі, «жаза аса жеңіл» деседі көпшілік.

Неге елде жыныстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту қажеттілігі туындап отыр? Депутаттар қоғам белсенділерін қолдауға дайын ба?

Қоғам белсенділері зорлық-зомбылық оқиғаларына қатысты шығарылған сот шешімдерімен келіспейді. Олар осы мәселені көтеріп, Парламентке онлайн өтініш жасамақ. Белсенді топ зорлық- зомбылық жасағандарға жазаны күшейтуді талап етіп отыр. Әзірге жақтастары көп емес. Мың жарым адам ғана. «Бұл қадамға олар тиісті орындарға жіберген өтініштері назарға алынбағандықтан барып отырмыз», - дейді. Айтуларынша, біздің елдегі ауыр қылмыс жасағандарға берілетін жаза аса қатаң емес.

Дина Смаилова, қоғам белсендісі:

Бізде осындай бірнеше іс болды. Бұрын орташа ауырлықтағы қылмысқа жататын іспен 7 рет сотталған адам бірінші  рет қылмыс жасағандай жазаланады. Жасаған қылмысының екеуі зорлау оқиғасы. Бірақ судья оған екі жарым жыл ғана береді. Себебі, ол зардап шеккен адамнан кешірім сұрайды. Өкінетінін айтып, кінәсін мойындайды. Ал, бірақ шын мәнінде олай емес. Қылмыскер бұлай жасаса, жазасының жеңілдейтінін жақсы біліп алған. Сотқа қанша іс түскені туралы айтар болсам, өткен жылы 120, 121-баптар бойынша  332 арыз берілді. Сотқа оның тек 454-і ғана жетті.

Мұндай қылмыстар әдетте өте ұзақ тергеледі. Көп жағдайда жәбірленушіге жан-жақтан қысым жасалады. Сондықтан мұндай істер сотқа жете бермейді. Соңы істе қылмыс құрамы жоқ деумен немесе бәрі тараптардың татуласуымен бітеді.

Анна Рыль, қоғам белсендісі:

- Қоғамның зорлық-зомбылыққа деген көзқарасының өзгеруі - бұл әйелдер мен балаларға қатысты кез келген зорлыққа мүлдем төзбеу деп білемін. Полиция қызметкерлері өтініш қабылдаудан бастап істің жүргізілу барысына дейін ерекше қарау керек. Мүмкін зардап шеккен жанды қинамау мақсатында істі жедел түрде қарайтын арнайы алгоритм әзірлеу керек шығар. Осыған қатысты заңнаманы қатаңдатуда қылмыстың қайталанбауы ескерілуі тиіс.

Өзіне зорлық-зомбылық жасалғанын дәлелдеу де сол жәбір көрген адамға оңай соқпайды. Қорланады, азап шегеді, агрессиядан өтеді. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова онлайн өтінішті қолдауға дайын. Сондай-ақ елде мұндай қылмыс үшін жазаны қатаңдату қажет деп санайды.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі кезде іс орташа ауырлықтағы қылмысқа жатса, екі жарым жыл беріледі. Ал бір жарым жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босауға мүмкіндік алады. Кейін ол осы қылмысты қайта жасауы да ғажап емес. Сондықтан бұл қылмыс ауыр қылмысқа жатқызылуы тиіс. Мен бұл петицияны қолдаймын және жазаны күшейту керек деп санаймын.

Депутаттың пікірінше, жәбірленуші мен қылмыскерге татуласпау қажет. Өйткені бұл жазаны жеңілдетеді. Мәселен, осы көктемде «Медеу» мұз айдынының дәретханасында 16 жастағы қызды зорлап кеткен адам бар болғаны үш жарым жыл бас бостандығынан айырылды. Ал «Тұлпар–Тальго» жүрдек пойызында жолаушы әйелді зорлаған жолсеріктер 2 жарым жыл ғана арқалаған. Бас прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері тек 120-бап бойынша 647 қылмыс тіркелген.

Хабар 24 телеарнасы