386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстың өткені мен бүгіні

  • 308
  • UPD: 21:03, 03.08.2019

Арыс қаласында жарылыс болған күннен бері екі айға жуық уақыт өтті.

Бүкіл елді алаңдатқан шаһардағы тiршiлiк қазір мамыражай қалыпқа келді. 90% тұрғын үй қайта қалпына келтірілді.

Бұдан бөлек әлеуметтік нысандар мен коммерциялық орындар толығымен жөнделуде. «Тоғыз жолдың торабында» орналасқан шаһарда қыруар жұмыс атқарылып жатыр.

Бұл бейне көрініс Арыста оқиға орын алған күні түсірілген. Дегенмен бұл кезеңді жергілікті тұрғындар ешқашанда есіне алғысы келмейді. Қала бір сәтте оқ пен оттың астында қалды. Үйлер мен түрлі нысандарға залал келді. Қысқа мерзімде Арыс қаласында үлкен ауқымды жұмыс атқарылды. Қаланың 90%, соның ішінде тіршілікті қамтамасыз ететін нысандар мен инфрақұрылымдары қалпына келтірілді. 6,5 мыңнан астам тұрғын үй қалпына келтіріліп, 6,5 мың отбасы жөнделген үйлеріне кірді. Барлық инженерлік инфрақұрылым толық жөндеуден өткізілді. Көшелер ауқымды түрде жаңғыртылды. 62 әлеуметтік нысан, соның ішінде ауруханалар, мектептер, балабақшалар, спорт ғимараттары 20 тамызға дейін дайын болады. Қазір шаһарда құрылыс жұмыстары жалғасын табуда.

қала тұрғындары:

- Қала өзгеріп жатыр. Барлығы істеліп жатыр. Шатырлардың барлығы жабылып бітті. Жолдарды жөндеп жатыр. Көңіліміз толады. Жан-жақтан көмек беріліп жатыр.

- Жарылыстан кейін қаламыз жақсы. Өзгерді. Рақмет. Көршілердің барлығының үйлері жақсы жасалынған.

- Бірінші күндерге қарағанда су мәселесі дұрысталды. Инженерлік құбырлар, электр желілері жөнге келіп, дүкендердің барлығы жұмыста. Өздеріңіз көріп отырғандай, қалада тіршілік жанданып, бәрі өз жұмыстарымен айналысып жатыр.

Нұрбек Байбосын, тілші:

– Жарылыс апаты орын алғаннан кейінгі аптада қалада дүкендер мен дәмханалар жұмысын тоқтатқан болатын. Ал қазір әр бұрышта «Біз ашылдық» деген белгілер бар.

Жалпы Арыс қаласын қалпына келтіруге шамамен 10 мың құрылысшы жұмылдырылды. Олар зардап шеккен 7516 жеке үйлердің 6611-і жөндеуден өткізді. Қалған 900 ден астам яғни 10% үйдің жөндеу жұмыстарын 10 тамызға дейін аяқтау қажет. Бұдан бөлек 67 көп қабатты үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстарды 20 тамызға дейін бітуі тиіс. 66 әлеуметтік нысанның мерзімі де осы уақытқа дөп келеді. Дегенмен баспанасының жайына алаңдаған халық та жетерлік мұнда. Солардың бірі – Дарина Нұрманова. Ол отбасымен Майлықожа көшесінде тұрады. 5 баланың анасы қазір жарамсыз болып қалған үй ауласында күн кешуде. Дарина тұратын бұл үйде негізінен бір шатырдың астына 5 отбасы қоныстанған. Барлығының мәселесі бір.

Дарина Нұрманова, Арыс қаласының тұрғыны:

– 1,5 ай болды далада тұрып жатырмыз. Сонымен үйдің бәрін тауық қораның ортасына қойдық та сонда көшіп отырмыз. Еш қимыл ештеңе болып жатқан жоқ. Ол үйді қашан бұзатыны, оны бұзған соң қашан бастайтыны белгісіз.

Бұл аумақ Нұр-Сұлтан қаласына тиесілі екен. Біз тұрғындармен бірге бас қаланың секторына бас сұқтық. Штабқа жауапты Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов сүрілуге кетуі тиіс үйді көруге арнайы келді. Осындағы халыққа жұмыс нақты қашан басталатынына жауап берді. Жаплы бұл 9 секторға 642 жеке тұрғын үй мен 57 көп қабатты тұрғын үй кіреді.

Нұрлан Нұркенов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары:

– Осы күнге дейін бізде тексеру болған. Ертеңнен бастап, құрылысқа кіреміз. Құрылыс сейсенбі күні басталады. Қыркүйекке дейін жұмысты бітіреміз деп ойлаймын.

Алдағы уақытта Арыс қаласының және қала маңындағы елді мекендер тұрғындарына бір реттік өтемақы төлеу жұмыстары басталады. Халыққа көмек мұнымен тоқтамайды. 1 қыркүйек Білім күні қарсаңында «Мектепке жол» акциясы аясында кәсіпкерлер мен меценаттар оқушыларға мектеп формасынан бастап, қажетті құрал-жабдықтарды тарту етуде.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы