386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


10 тамыз – кемеңгер ақын Абайдың туған күні

  • 272
  • UPD: 15:38, 10.08.2019

Ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасы – ұрпағы үшін теңдессіз қазына.

Уақыт өткен сайын Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасау – заңдылық. Осы орайда елімізде Абайтану ғылымы қандай деңгейде? Ақынның дүниетанымына қаншалықты бойлай алдық?

Қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу болуын көксеген Абай жетінші қара сөзінде «Дүниенің көрінген және көрінбеген сыры болады, деп хабарлайды «Хабар 24». Соны адам баласы бірлікте ала отырып түсінбесе, оның жаны хайуанның жаны болады», – дейді. Абай айтқан дүниенің көрінген сыры не? Көрінбеген сырын тани алдық па? Саналы ғұмырын абайтануға арнаған ғалым Мекемтас Мырзахметов: «Абайдың бұл ілімі дәл қазіргі уақытта қазақ үшін ауадай қажет», – дейді.

Мекемтас Мырзахметов, абайтанушы ғалым:

– Көрінген сыр деген біздің қоршаған материалдық әлем бар ғой, соны танығанбыз. Енді дүниенің көрінбеген сыры бар ғой, руханият. Бүкіл әлем руханиятты білмей, ешқайда бара алмайды. Бізді сансыратып қойған нәрсе, дүниенің көрген сырын танытты, бәрін білді. Ал дүниенің көрінбеген сырын бұлар тани алмады. Абай сол дүниенің көрінбеген сырына қарай ұмтылды.

Тілші:

– Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, она да ойла...

Өз заманының зарын көріп, ұрпағының ертеңін ойлаған Абайдың жұмбағын шеше алдық па?

Мекемтас Мырзахметов, абайтанушы ғалым:

– Шеше алмадық. Абайдың бір жұмбағы толық адам еді, оны біз шештік деп айта аламыз. Арғы жағын шеше алмадық. Оны шешу үшін Абайдағы жантану ілімін шешуіміз керек. Ішіне кіруімізге болады. Шеше алмаймыз. Себебі біз оған дайын емеспіз.

Адамгершілік пен парасаттың биік деңгейін меңзеген толық адам ілімі – түзу жолға салар бағдар. Абайдың көксегені де, көздеген мұраты да сол.

Мекемтас Мырзахметов, абайтанушы ғалым:

– Абайдың толық адам ілімін Абай заманында өзі жүзеге асыра алмаса, біз жүзеге асыруымыз керек, мектеп арқылы. Біз ендігі ұрпақты осы толық адам ілімімен екшеп тәрбиелеуіміз керек. Сонда біз Еуропаның бұзылған педагогикасын оқытып балаларды бұзбауымыз керек. Біз ұлттық шығыстық негізде өз педагогикамызды жасауымыз керек.

Мектеп бағдарламасында Абайды оқыту үшін аптасына 34 сағат бөлінген. Нақты әдістемелік құрал болмағандықтан, берілген уақыт діттеген мақсатта пайдаланылмай отыр. «Ал Абайтану институтын ашсақ, жас ұрпақтың санасына Абай мұрасын сіңіру жүйелі түрде жүргізілер еді», – дейді ғалым. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы