386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тұрғын үй бағдарламасының проценттік мөлшерлемесі халыққа тиімсіз – Экономист

  • 228
  • UPD: 09:22, 12.08.2019

Еліміздегі жастардың 62 проценті баспанаға мұқтаж. Мамандар соңғы уақытта екінші нарықтағы тұрғын үйлерге сұраныс артқанын айтады. Бірақ мемлекеттік бағдарламалардың талаптары тұрғын үй бағасының шарықтауына негіз болып отыр. Ал экономистер пайыздық мөлшерлеме халық үшін тиімсіз дейді.

Әрбір жетінші қазақстандық баспанаға мұқтаж. Бұған дейін сарапшылар халықты тұрғын үймен қамту мәселесі 2035 жылға дейін толық шешілмейтінін болжаған. Ол рас сияқты. Түйткілдің түйінін тарқату үшін құрылыс қарқынын еселеу қажет. Ал қазір елімізде үй тапшылығы байқалады. Нарықта бары тым бағалы. Қолжетімсіз.

Алина Буравцева, баспана нарығының маманы:

- Елдегі бірқатар қалада тұрғын үй бағасы аспандап келеді. Соңғы 7 айда Петропавл, Өскемен, Шымкенттегі өсім 5-7 проценттен асқан. Алматыдағы орташа баға 3 процентке артты. Елордадағы баға бұрынғыдай, бір пайызға арзандаған.  

Деректерге сүйенсек, соңғы 9 айда бірінші нарықтағы баға 3,5 процентке артқан. Халық ипотекалық бағдарламаларды жүйелі пайдалануда. Бірақ жыл сайын шарықтап келе жатқан баға көңілге қаяу түсіреді. Мамандардың айтуынша, әсіресе күз мезгілінде баспанаға сұраныс артады. Қазір астанада 1 пәтердің орташа құны 13 млн 200 мың теңге, Алматыда 15 млн, ал өңірлерде 7-7,5 млн теңге шамасында.

Алина Буравцева, Krisha.kz шолушысы:

- Елдегі тұрғын үй нарығы теңгемен сипатталады. Осы ретте мұның валюта бағамына әсері барын айта кетейін. Себебі халық ақшаны доллармен сақтағанды құп көреді. Меніңше күзде баға тағы да өседі. Қазір екінші нарықтағы үйлерге сұраныс көп. Тек бұл жағдайда дұрыстап саудаласқан абзал. 

Жыл басынан бері Қазақстанда 144 мыңнан аса баспананы сатып алу-сату келісімі жасалған. Екінші жартыжылдықта 190 мыңға жетуі тиіс. Болжам осы. Мамандардың айтуынша, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының нарыққа әсері тиді. Пайыздық мөлшерлеме артқан сайын баға да құбыла түседі. 

Арман Байғанов, экономист:

- Проценттік мөлшерлеме ойға қонымсыз. 12,15 процент. Бұл адамды несиенің құлына айналдырады ғой. Сыйақы мөлшерлемесін төлеп келген халыққа обал жасағандық бұл. Негізінде пайыздық мөлшерлеме инфляциядан аспауы керек. Яғни 5-6 пайыз. Нарықтық механизм осындай.

Егемендік жылдары елімізде 141 млн шаршы метр баспана бой көтерді. Жыл сайын ауылдан қалаға көшетін халықтың саны артып келеді. Демек, баспанаға мұқтаждық мәселесі бүгін-ертең шешіле қоймасы анық. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарағойшы

Хабар 24 телеарнасы