386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Министрлік жылда жыр болатын оқулық сапасын қалай жақсартпақ?

  • 192
  • UPD: 12:15, 13.08.2019

Елімізде жаңа оқу жылының басталуына небәрі 3 апта қалды. Ал оқулық мәселесі әлі де күйіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тапшы болатыны анық, бірақ қолда бар оқулықтың өзінде қателер өріп жүр. Білім және ғылым министрі өткен аптада кітап сапасына жауаптыларды сынға алған еді. Сорақысы сол - олқы тұсы көп оқулықтардың жартысына жуығы өңірлерге жіберіліп үлгерген. Енді оқушылар сол кітаптармен оқуға мәжбүр болады. Өйткені әлгі кітаптарды қайтару әсте мүмкін емес. Ондағы қателіктерді түзеу де қып-қызыл шығын. Министрлік жылда жыр болатын оқулық сапасын қалай жақсартпақ?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Бүлдіршінге шылым шектірген кім? Біз осыны алтыншы сынып оқушыларына оқытып жүрміз. Саннан сүрінгенді, енді бірде қаріптен қағылғанды көрген едік. Ал мына сурет ата-аналардың тіптен ашуын келтірді. Бұғанасы бекімеген балаға мұндайды көрсетудің өзі – қастандық. Оқулық дайындайтындар авторларды да ажырата алмайтын болған. Екінші сыныпқа арналған «Өзін-өзі тану» пәнінде бір өлеңге екі бірдей ақынды теліп қойды. Миы қойыртпақ болған балаға мұндайда қайтпек керек?!

Татьяна Коршунова, Нұр-Сұлтан қаласы ата-аналар кеңесінің хатшысы:

Қателер өте көп. Әсіресе, математика пәнінде есептердің шешімі дұрыс емес. Кейбір оқулықтардың мазмұнында қателік бар. Балалар оларды түсінбей, бізге жүгінеді. Ақылға қонымсыз дүниелерді біз де түсіндіре алмай әлек боламыз.

Оқулықтардағы олқылықтарды өткен аптада білім және ғылым министрі де тізіп берген еді. Асхат Аймағамбетов «қазіргі кітаптардың сапасы сын көтермейді» деді. Оқулық әзірлегендер ағылшын тіліндегі сөзді жөнді аудармаған, ал физикада берілген тапсырманың дұрыс нұсқасы мүлдем көрсетілмепті. Сала басшысы мұны сорақылыққа балады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

- Қоғамда өте көп сын-пікірлер бар. Олар жыл сайын көтерілетін мәселелер. Біз шын мәнінде көтеріліп жатқан сын-пікірлермен келісуіміз керек. Өйткені өз басым бұл олқылықтарды сын айтатын мәселелер деп санаймын.

Оқулық жыры жылда айтылады. Бірақ соған тіс батырған басшы болмады әлі. Әйтпесе бір оқулықты бес бірдей мекеме әзірлемес еді. Бізде кітапқа тапсырыс беретін бір орталық, оны сараптайтын басқа адамдар, қабылдайтындары да бөлек ұйым. Осыдан барып осындай қателер өріп жүреді. Ал жауаптылар өздеріне кір жуытқылары келмейді. Бір-бірлеріне сілтеумен безек болады.

Әділхан Дүйсебек, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары:

- Жаңартылған білім мазмұнына дереу көшуіміз керек болды. Бізге аз ғана уақыт берілді. Қазір қоғам сапасыз оқулықтар әзірледі деп бізді жаппай сынап жатыр. Негізінде бірен-саран кітапта ғана қате бар. Оларды түзеуге болады. Оқулықтарды білікті мұғалімдер, ғалымдар дайындайды. Олардың барлығы бекітілген, тізімге алынған адамдар.

Үздік мұғалімнің барлығы білікті сарапшы емес. Біз осыны ұғынбай келеміз. Қатеге көз жұма қарайтын болған дені. Яки оқулықтардың сапасын тексеретін адамдардың барлығы қажыған. Сондықтан бас ұстаз оқулыққа сараптама жасайтын адамдардың тұрақты тобын құруды ұсынып отыр. Сол арқылы әдебиеттердің сапасын жақсарту көзделген.

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

- Жақсы мұғалімнің бәрі мықты сарапшы емес. Кез келген мұғалім оқулыққа сараптама жасай алмайды. Біз бұрын сараптама жасап көрмеген ұстаздарды жинап аламыз да, қолдарына оқулық ұстатамыз. Жүйенің өзі дұрыс болмаған соң нәтижесі де белгілі. Оқулық сапасын нағыз мамандар сараптауы тиіс.

Жаңа оқу жылының басталуына 3 апта ғана уақыт қалды. Ал оқулықтарда қате әлі де өріп жүр. Ең сорақысы – дайын болған оқулықтардың жартысына жуығы өңірлерге жіберіліп үлгерген. Оларды кері қайтару әсте мүмкін емес. Оның үстіне қатені түзеу де қып-қызыл шығын. Олқы тұсы көп оқулықты әзірлеудің өзіне биыл бюджеттен 2 миллиардқа жуық қаржы бөлініпті. Сапалы оқулық болмай, сапалы білім беру мүмкін емес.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Даная Исатай

Хабар 24 телеарнасы