386,66 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балабақшадағы тәрбиешілердің өзіне тәрбие керек болатын кездер жиілеген

  • 113
  • UPD: 11:52, 15.08.2019

Тәрбиешіге де тәрбие керек. Еліміздегі балабақшаларда жиілеп кеткен жантүршіктірерлік жағдайлар көпшілікке осындай ой салды.

Редакциямызға хабарласқан кейіпкерлердің де оқиғасы сан түрлі. Тәрбиешілердің дөрекілігі неге жиіледі? Оларға қойылар талап қандай? 

Әбділдә Әбдікәрімовтің немересі тәрбиешілерден таяқ жеген. Қария баланың көгерген денесін көргенде шошып кеткенін айтады. Балабақшадағы зәбірді бірден суретке түсіріп алыпты.

Әбділдә Әбдікәрімов, зейнеткер:

-  Кешқұрым ұлым баланы үйге алып келіп, киімін ауыстырып жатқан. Денесіндегі қызыл дақтарға көзі түсті. Аллергия ма, әлде біреу ұрған ба екен? Жақындап қарасақ, алақанның ізі көрінді. «Дереу суретке түсіріңдер» дедім. Сөйтіп, келесі күні мән-жайды білу үшін балабақшаға келдім. Маған болған жай тексерілетіні ғана айтылды.

Қарағандының тұрғыны шағымын айтып, облыстық білім басқармасына да барған. Әзірге тексеріс нәтижесі жария етілмеді. Жалпы соңғы жылдары тәрбиешілердің ерсі қылығы көпшілікті алаңдатуда. Мысалы, Алматыдағы балабақшалардың бірінде түсірілген мына видеода тәрбиешінің сәбидің бетінен салып қалғаны анық көрініп тұр. Ал Талдықорғандағы тәрбие ошағындағы жағдай мынау. Жауапсыздық салдары жекеменшік ғана емес, мемлекеттік бөбекжайларда да жиілеген.

Мамандардың айтуынша, педагогтарға қойылатын талап күшті болуы керек.

Жаңыл Қылышбаева, Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл сұрақтар бойынша көп ойландым. Көптеген елдерде педагогтарға үлкен талап қойылады. Олар оқуға қиын сыннан өтіп түседі. Бізде қалай? Педагогикалық жоғары оқуларына ҰБТ-дан төменгі балл алғандар тапсырып жатады. Меніңше, педагогикаға үлкен арман, жүрек қалауымен ғана келу керек. Өкінішке орай, көпшілік мамандар бұл салаға аз болса да тұрақты жалақы үшін, бюджеттің сала болған соң пәтер алу ниетімен ғана келіп жатқандар көп. 

Еліміздегі әрбір жұмыс беруші тәрбиешілерді түрлі талаппен қабылдайды. Ең алдымен, маманның сотты болмағанын және психикалық-наркологиялық диспансерде тіркелмегенін растайтын анықтамалар сұралады. Міндетті түрде мамандыққа сай диплом болуы керек. Санитарлық кітапшаны да талап етеді. Бастысы, жұмысқа орналасқан маман жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындауы тиіс.

Жаңыл Қылышбаева, Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Білім министрлігінде мектепке дейінгі мекеме педагогтарын аттестациялауға өзгеріс енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде мұндай жүйе мектептерде енгізіліп үлгірген. Педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-шебер. Осы сатылардан өткен мамандарға жоғары жалақы беріледі. Тәрбиешілер де осылай жұмыс істейтін болады.

Бала тәрбиесін балабақшаға ысыра салған дұрыс емес. Ұрпақ болашағына ата-ананың да тікелей араласқаны жөн. Айтпақшы, елімізде педагогикалық мамандықтарға 8 мың грант бөлінген. Оның 750-і осы мектепке дейінгі білім беруге бағытталды. Аз жалақыны қанағат тұтып, қызметіне адалдық танытып отырған тәжірибелі мамандардың бар екенін ұмытпайық.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы