389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – маңызды міндет – Қ.Тоқаев

  • 603
  • UPD: 20:47, 16.08.2019

Педагогтардың жалақысы алдағы 4 жылда екі есе өседі. Бастауыш сынып оқушыларына ағылшын тілінде білім беру міндеттелмейді. Бұл ретте оқушылардың, дұрысы олардың ата-аналарының қалауы ескеріледі.

Бүгін ұстаздардың Тамыз конференциясына қатысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы тектес бірқатар тың бастама көтерді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Университет, колледж, мектеп және мектепке дейінгі мекемелерден 2000-нан астам педагог бүгін бас қалада бас қосты. Ұлағатты ұстаздардың ең ауқымды жиынына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Бұның да өз жөні бар. Күн тәртібінде талқыланып, шешімі табылуы тиіс мәселелер көп. Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, адам баласы үшін ортақ және қажетті жақсылыстардың бірі емдеу болса, екіншісі оқыту. Өйткені біріншіден, адам ауырса емделгісі келеді, ал екіншіден, әркімнің де оқығысы бар. Сондықтан екеуі де халыққа қолжетімді болуы шарт. 

Республикалық тамыз кеңесі жылда ұйымдастырылатын шара болғанымен, тұтас ел үшін маңызы зор жиын. Әсіресе ұстаздар қауымына берері мол. Ал оларды алаңдатқан мәселелер аз емес. Ең алдымен мұғалімдердің қоғамдағы ролі күшейтілуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез» деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет. Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. 

Білім саласындағы реформалар енді саябыр табуы тиіс. Өйткені оқушылармен қоса ұстаздардың өзі де қандай да бір ауқымды өзгеріске дайын емес. Біріншіден, жұмысы шаш етектен, оның үстіне қоғамдық істермен жиі айналысады. Салдарынан мұғалімдердің тікелей міндеті - шәкірт оқыту, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу көлеңкеде қалып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз тарихыңа құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс. Кең ауқымда өтіп жатқан «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясын дәл осындай бағыттағы өте қажетті, дұрыс бастама деп санаймын. Мұндай шараларға әрқашан қолдау көрсете береміз. 

Білім беру ісі ұдайы дамып отыруы қажет. Осы мақсатта, балаларды бастауыштан жаңартылған мазмұнда оқыту басталды. Мәселен, биыл жаратылыстану пәні қайта енгізіледі. «Осының өзі ғылымға жол бастайтын бірден-бір қадам» дейді ұстаздар. 

Перизат Биғайзина, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДБҰ Білім беру бағдарламалар орталығының аға менеджері:

- Бұл пән толығымен практика бағытталған. Жер және қосмос деген тақырыптар бойынша білім беріледі. Бұл пәннің негізгі мақсаты оқушылардың зерттеу дағдыдаларын дамыту. Қызығады, үйренеді. Болашақта ғылым жолын таңдауы мүмкін. 

Жаңартылған мазмұндағы оқулықтар өз нәтижесін көрсетті. Бұл соңғы жылдарда қолға алынған реформалардың тәуірі болғанымен, сын көтермейтіндері де жетіп артылады. Мәселен, былтыр педагогтар біліктілігінің жаппай тексерілуі ұстаздар қауымының жұмыссыз қалып, тұрақты табысынан айырылуына түрткі болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Бүгінде мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан дамыту Білім және ғылым министрлігінің салалық құрылымдары өткізетін курстармен және семинарлармен шектеледі. Мұндай шаралардың қажет екені түсінікті. Дегенмен, аталған курстарда мұғалімдер қауымын толғандыратын өзекті мәселелер назарға алынбай қалады. 2018 жылы мұғалімдерді сертификаттау шарасы өтті. Нәтижесінде педагогтардың 35 пайызы біліктілігін растай алмады. Бұл іс біржақты және бюрократиялық негізде жүзеге асырылды. Осындай квазиреформалардың салдарынан мұғалім мәртебесі төмендеді.

Педагог мәртебесі туралы жаңа заңның әзірленуі қоғам тарапынан оң бағаланды. Алайда еңбекақы мәселесі түбегейлі шешіле қойған жоқ. Әсіресе жыл сайын қосылатын үстемақы көптің көңілінен шыға бермейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Сыныпқа жетекшілік ету мен дәптер тексеруге және мұғалімнің магистр дәрежесіне қосымша ақша төлеу, барлық педагогтардың еңбек демалысын 56 күнге жеткізу сынды шаралар қолға алынуы қажет. Елімізде ұстаздардың жалақысы өте төмен. Экономика бойынша орташа көрсеткіштің тек 65 процентін құрайды. Бұған біз әрине келіспейміз. Білім саласына білікті кадрларды тарту үшін үкіметке мұғалімдер жалақысын алдағы 4 жылда 2 есе ұлғайтуды тапсырамын.

Мемлекет басшысы қазақ тілінің тағдырына алаңдайтынын да аңғартты. Бұл ретте мәселенің түп-тамыры мектептен бастау алатыны белгілі. Бастауыш сыныптан ағылшын тілін оқытуға ден қойғанымызбен, ана тілімізге қатысты ұстаным әлсіреп келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деп өте өнегелі ой айтты. Сондықтан ағылшын тілін оқытуды 2, 3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын. Ал жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарап жүргізу қажет.

12 жылдық білім беру жүйесіне кезең-кезеңмен көшуге келсек, бұл бағыттағы бетбұрыс өзгеріссіз қалады. Алайда кәсіптік және техникалық білім беру ісін қайта қарау қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев білім және ғылым саласын дамытуға арналған жаңа бағдарламада осы мәселенің шешімін табуды міндеттеді. Сондай-ақ балалар арасындағы суицид деректеріне алаңдаушылық білдірді. «Буыны әлі бекімеген өрендердің өз-өзіне қол жұмсауы ұлттық деңгейдегі қасірет» деді Президент. Сондықтан оқушылардың бойына ең алдымен азаматтық тәрбие принціптерін сіңіруге шақырды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Марат Диқанбаев

Хабар 24 телеарнасы