386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы: Қазақстан әлі күнге өзінің брендін қалыптастыра алмады

  • 214
  • UPD: 22:03, 23.08.2019

Қазақстан әлі күнге өзінің брендін қалыптастыра алмады. Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған мемлекет басшысы осылай деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев индустриалық-инновациялық даму жөніндегі кеңесте экспорт үлесінің күрт төмендеп кеткенін айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сыртқа сататын тауарымыз азайған. Тартылған инвестиция көлемі де көңілден шықпай тұр. Сондықтан өндірісті ширатып, дайын өнім экспортын ұлғайтуды президент басты міндет ретінде айқындады.

Қарағанды - ел өндірісінің алпауыты. Мұнда ірі зауыттар да, кешенді өндіріс орындары да көп. Президенттің өңірге жұмыс сапары арнайы экономикалық аймақтан басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен құбыр крандарын шығаратын зауытқа барды. Қазір онда 50 адам жұмыс істейді. Дені Германияда оқып келген.

Асқар Мұқанов, «Бёмер арматура» ЖШС директорының орынбасары:

- Басында өзімізде сапалы кадрлар болмағаннан кейін барлығын Германияда оқыттық. Қазір сол оқып келген азаматтарымыз жұмысқа жаңадан келген жұмысшыларды оқытып жатыр.

Зауыт өнімдері еліміздегі маңызды жобалардың құрылысында қолданылып жатыр. Айталық, «Сарыарқа» магистральді газ құбырына осы зауыттың крандары қойылды. Желі іске қосылса, Қарағанды облысы мен елорданы көгілдір отынмен қамтиды.

Асқар Мұқанов, «Бёмер арматура» ЖШС директорының орынбасары:

- «Сарыарқа» газ құбырына жұмыс істегеннен бастап біздің жұмыс күшіміз 75%-ке жетті. Біздің негізгі бағытымыз жылумен қамтамасыз ету. Үш жылдан бері өз өнімдерімізді Ресейге жіберіп жатырмыз. Олардың реестріне кірдік.

Еліміздегі ескі көліктердің дені осы зауытқа жеткізіледі. Көбі кеңес кезінде құрастырылған. Кәсіпорын іске қосылғалы мыңнан аса көлікті утилизациялады.

Керексіз көліктерді өңдейтін еліміздегі жалғыз кешен бұл. Темір қалдықтарынан болат, алюминий және түсті металдар өндіреді.

Әзімжан Оспан, «Recycling Company» ЖШС директоры:

- Осы күнге дейін жарамсыз автокөліктерді қоқыс деп келдік. Бірақ кейін оларды өңдеу арқылы жаңа бұйым әзірлеуге болатынын түсіндік. Өзгеше айтқанда, жарамсыз деген металдардың өзін кәдеге жаратып жатырмыз.

Осы күнге дейін зауытқа 171 мың жарамсыз көлік жеткізілген. Оларды сатып алуға кеткен шығын 11 млрд теңгеге жуықтайды.

Әзімжан Оспан, «Recycling Company» ЖШС директоры:

Әзірге республика бойынша 17 көлік қабылдау бекеті бар. Олар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында орналасқан. Көлікті утильдеуден бұрын біз алдымен ондағы қауіпті заттардан арыламыз.

Өңірде көліктік-логистиканы дамытуға бағытталған жобалар да жүзеге асып жатыр. Құрылысы биыл біткен бұл қоймада еліміздің әр өңірінен жеткізілген азық-түлік өнімдері сақталады. Мұнда кедендік рәсімдерді жүргізуге және кросс-док аймағында тікелей сауда жасауға мүмкіндік бар. Шаруалар алып-сатарлардан арылып, тауарларды арзан бағада саудалайды.

Наиль Мунасипов, «Global city» ЖШС коммерциялық директоры:

-Артық жүктеме болмайды, сондай-ақ арада делдалдар жұмыс істемейді. Бұл бағаның тұрақтануына мүмкіндік береді. Кешенге жеткізілген азық-түлік өнімдерінің құны нарықтан 30 процентке арзан болады.

Жоба жетекшілері жақында автостанция салуды жоспарлап отыр. Компания автобустары алшақта тұратын тұрғындарды тегін тасып, алып қоймадан өнім алуларына жағдай жасайды.

Наиль Мунасипов, «Global City» ЖШС коммерциялық директоры:

Біздің компания автостанция салуды жоспарлап отыр. Бірнеше автобус сатып аламыз. Олар шалғайдағы тұрғындарды осы орталыққа тегін тасымалдайды. Бұл зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасылар үшін үлкен көмек болады.

Қарағандының жаңа орталығы таяуда түрлене бастайды. Облыс басшысы қаланың жаңа келбетімен таныстырды. Мұнда зәулім үйлер де, әлеуметтік нысандар да, спорт кешендері де бар.

Құрылысқа жеке инвесторлар жұмылып жатыр. Мына емдеу мекемесі жергілікті кәсіпкердің қаржысына салынған. Орталық жұмысы ана мен бала денсаулығын жақсартуға бағытталған. Өйткені өңірде ана мен бала өлімі сиремей тұр. Жыл басынан бері 80 шақалақ шейіт болыпты.

Емханаға соңғы үлгідегі жабдықтар жеткізілген. Білікті дәрігерлер іріктеліп алынған. Әзірге 8 мыңға жуық адам тіркеліп үлгерді. Бұл сан әлі өседі.

Гүлбан Мамалинова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Тіркелу әлі жалғасады. Әлі 24-25 мыңға дейін тұрғындарды тіркеуге болады.

Биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі пилоттық режимде осы өңірде сыналып көреді. Қазір қорға 200 млрд теңгеге жуық қаражат жиналыпты. Дамыған елдің көбінде қолданылатын бұл жүйе отандық медицинаны ілгерілетуге серпін бермек.

Ержан Нұрлыбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жекеменшік медицинаның дамуына серпін береді. Өйткені түрлі оталарға қордан қомақты қаражат бөлінеді. Инвесторлдар бұл іске жұмыла кетеді. Сөйтіп, елімізде жеке емдеу мекемелері көбейіп, бәсекелестік артады. Ал бұл сапаның жақсаруына жол ашады.

Кәсіпкерлік дамыған ортада - бәсекелестіктің болуы заңды. Мемлекет жеке ісін бастауға бекінгендерге, тың жобасын ұсынған кәсіпкерлерге тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Ілкімдісі - индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы. Бірақ нәтиже ел күткендей болмады. Әсіресе, екінші бесжылдықта шикі тұстар су бетіне қалқып шыға бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Әлемдік экономика шатқаяқтады. Сауда соғысы өршіп тұр. Қазір сауда саласы құбылған кез. Сондықтан бізге жаңа амалдар қарастыру қажет. Сұраныстарға дер кезінде жауап беруге қабілетті болуымыз керек. Экономика саласына күрделі өзгерістер керек.

Шикізатты сыртқа шығарумен ғана шектеліп келген біздің ел енді өңдеу өнеркәсібін дамытуға көшу керек. Бұл сөз бұрыннан айтылып келеді. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы да сол үшін жасалды. Алғашқы бесжылдықта жақсы жобалар жүзеге асты. Бірақ кейінгі жылдары бұл бағдарламаның қарқыны бәсеңдеп кеткен. Елге керек жобаларға уақытылы ақша бөлінбеген. Қаражаттың қаттығынан кейбірі жобалар мүлдем тоқырап қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Индустраландыру жылдарында 1250 жаңа кәсіпорын ашылды. Инвестиция көлемі 8 трлн теңгеге жетті. 120 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Дегенмен, өңдеу өнеркәсібі әлі де кенжелеп тұр. Ішкі жалпы өнім көлемінің тек 11%-ін ғана құрады. Еңбек өнімділігі екінші бесжылдықта тек 4%-ке ғана артты. Негізі жоспар бойынша 12%-ке жетуі тиіс болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен дайын өнімдерді экспорттауды үдету керектігін айтты. Қазір елімізде 180 тауар түрі әзірленеді. Ал іргедегі Ресейде 358, Қытайда 1400, одақтас Беларусь елінде 690 өнім түрі дайындалады. Мемлекет басшысы «осы қарқынға ілеспесек, салымыз суға кетеді», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Соңғы 3 жылда елімізде экспорт көлемі күрт құлдырап кетті. Айталық, 2016 жылы сыртқа тасымалданған тауарлардың үлесі 34% болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 26%-ті құрады. Биылғы жылдың нәтижесі де көңіл көншітпейді. Сондықтан отандық өнімдерді экспорттау мәселесіне жіті мән беруіміз қажет.

Біз әлі күнге отандық бренд қалыптастыра алмай келеміз. Онсыз Қазақстанда жасалған өнімдерді сыртта саудалауға мүмкіндік жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев «маркетинг саласы ақсап тұр, соның еңсесін түземей, табысқа кенелмейміз»,- деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Өткен айда болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық бренд қалыптастыру туралы тапсырма берген едім. Бірақ сол міндет әлі күнге орындалмай келеді. Қазақстандық бренд жасау - кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан Үкімет алдағы 2 айда осы тапсырманы орындауы тиіс.

Елімізге инвестиция тарту керектігі осы жиында тағы айтылды. Президент бұл іске жауаптылар қызметтеріне салғырт қарайды, деді. Сондықтан қалталы кәсіпкерлермен байланыс орнату министрлер мен әкімдерге жүктеліп келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Бізде «Қазақинвест» компаниясы бар. Осыдан 2 жыл бұрын құрылған. Бірақ осы аралықта 3 рет басшысы ауысты. Мұндай мекемелер елімізге инвестиция тартуға дәрменсіз. Үйлестіру кеңесі де міндеттерін орындай отыр.

Қарапайым заттар экономикасы осы кеңесте талқыланған негізгі тақырыптардың бірі болды. Банктер ірі кәсіпорындарды қаржыландыру мақсатында 600 млрд теңге бөлуі тиіс еді. Дегенмен осы күнге дейін құны 62 млрд теңге болатын 148 жоба ғана мақұлданыпты. Мемлекет басшысы осы істі жіті тексеретінін айтты. Бассыздыққа бұдан-былай жол берілмейді.

Хабар 24 телеарнасы