389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік державаларды уағдаластыққа қол жеткізуге шақырды

  • 270
  • UPD: 17:57, 29.08.2019

Елордада ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының иегерлері марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл бұл сыйлық МАГАТЭ-нің бас директоры болған Юкия Амонаға және ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербоға берілді. Екеуі де халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, ядролық қаруды таратпауға және ядролық атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласына сүбелі үлес қосқан.

Адамзат баласы XX ғасырда ең сұрапыл соғыстарды бастан кешірді. Ядролық қару осы жүзжылдықтың бедерінде пайда болды. Қауіп-қатерлер XXI ғасырда да сейілер емес. Әлемдік ядролық державалар арасында жасалған келісім көп ұзамай күшін жояды. Демек, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Үндістан сынды 10-ға тарта мемлекет жаппай қырып-жою қаруын басты саяси әрі экономикалық күш ретінде қолдануға мүмкіндік алады. Ал Қазақстан уранды тек бейбіт мақсатта өндіретін елдердің бірі ретінде бұған түбегейлі қарсы.

Рауан Мыңбаев, тілші:

Бұл – 1991 жылы Елбасы қол қойған жарлық. Семей ядролық полигонын біржола жабуды көздейтін бұл құжатта кейін ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту туралы шешім де шығарылды. Яғни, еліміз жаппай қырып-жою қаруынсыз дамуға болатынын дәлелдеді. Көптеген мемлекет басшылары ядролық арсеналды сақтау жөнінде ұсыныс білдіргенімен, Тұңғыш Президент тура жолды таңдай білді.

Қазақ жері уранның мол қорына иелік еткендіктен, сол табиғи байлықты тек бейбіт мақсатта қолдану үшін төмен байытылған уран банкі де құрылды. Яғни, атом энергетикасының дамытылуына шектеу жоқ. Кез келген мемлекет қажетті өнімін сатып алып, уран өндірісін жалғастыра береді. Сондай-ақ 2016 жылы ядролық әлем құру бастамасын жүзеге асырушыларға арнайы Назарбаев сыйлығы тағайындалды. Оны алғаш болып Иордания королі Абдулла II иемденді. Ал биыл лауреаттар саны - екеу. Соның бірі - МАГАТЭ ұйымының бұрынғы бас директоры Юкия Амано. Тоғыз жыл бойы халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттікті басқара жүріп, Елбасының ядросыз әлем құру бастамаларына қолдау білдірді. Әрі елімізде төмен байытылған уран банкін құруға атсалысты. Еселі еңбегі өмірден озған шағында да ескерусіз қалған жоқ. Назарбаев сыйлығы марқұмның бауыры мен өмірлік жарына табыс етілді.

Тағы бір лауреат қарусыз әлем құру бастамасын жүзеге асырушы Ядролық сынаққа жалпыға бірдей тыйым салу туралы Шарт ұйымы Даярлау комиссиясының атқарушы хатшысы Лассина Зербо. Ол алдағы уақытта да бастаманы лайықты жүзеге асыратынын айтады. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қауымдастыққа жолдаған ұсынысын толық қуаттайды.

Лассина Зербо, Ядролық сынаққа тыйым салу шарт ұйымы даярлау комиссиясының атқарушы хатшысы:

- Әлемде қауіпсіздікті сақтауымыз керек. Ядролық қару жасау үдерісін бақыламасақ, жағдай қиындап кетеді. Арнайы құжаттар мен тәртіптер орнатуымыз қажет деп ойлаймын. Бұл - ұзақмерзімді жоспар. Осы сыйлыққа ие бола отырып, ортақ істі алдағы уақытта да жалғастыра бермекпін.

Салтанатты рәсімнен кейін Елбасы ядролық қару - қай елдің де болмасын берік қорғаны бола алмайтынын еске салды. Бұл әлемдік державаларға қарата айтылған үндеу.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

Я выступил с предложением встретится тут и договариваться. Как всегда главы государств вязли инициативу. Мне кажется как раз сейчас такое время.

Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гуттериш те қатысушыларға арнайы үндеу жолдады әрі қазақ елінің осы бағыттағы маңызды қадамдарын атап өтті.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

Мен үшін Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні осы жиында сөз сөйлеу мақтаныш. БҰҰ-ның негізгі басым бағыты ядролық қаруды таратпау және әлемде қауіпсіздік орнату. Қазақстан бұл салада біздің негізгі әріптестеріміздің бірі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпауда сіңірген еңбегі зор. Бүгінде қарусыздану мәселесі сын-қатерлерге толы, онымен күрес қиындап барады. Халықаралық қауымдастық жалпыға ортақ осы жағдаймен күресу үшін бірлесе әрекет етуі қажет. Сондықтан мен сіздердің жан-жақты қолдауларыңызды күтемін.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы