386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент: Саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек

  • 289
  • UPD: 20:18, 02.09.2019

Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында осылай деп мәлімдеді.

Ал қазақстандықтардың тұрғын үй немесе білім алуы үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануына рұқсат берді. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті тексеруді тоқтатып, ұсақ және шағын бизнесті кіріс салығынан босатты. Және бұдан былай әр түрлі акциялар өткізіп, митингтер ұйымдастыруға тыйым салмау қажеттігін айтты.

Өткен отыз жылға жуық уақыт жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Ендігі меже – жеткен жетістіктерді еселеу әрі сабақтастықты сақтау. Соңғысы саясат пен экономикада маңызды рөл атқарады. Қоғамдық-саяси өмір жаңғырмай, экономиканың алға жылжуы екіталай. Бұдан шығар қорытынды – мемлекеттің халыққа мейлінше жақын болмағы керек. Таяуда құрылған ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осы үдеден шығады деген сенім мол.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біздің ортақ міндетіміз – «Тыңдайтын мемлекет» қағидасын шынайы өмірде жүзеге асыру. Ол азаматтардың өтінішіне жедел жауап қатып, тиімді шешім табуына септесуі тиіс. Қоғам мен билік арасында тұрақты диалог орнаса ғана заманауи геосаясатта мызғымас мемлекет қалыптастыра аламыз.   

Елде саяси ұйымдар мен қозғалыстардың жұмысын жетілдіру керек. Nur Otan секілді өзге партиялар да қоғам өміріне етене араласуы тиіс. Мемлекет бұған барынша мүмкіндік жасайды. Сайып келгенде, Парламент көп партиялы органға айналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мемлекет басшысы ретінде көп партиялы даму үдерісіне үлес қосатын боламын. Саяси тұрғыда бәсекелестік орнайтын болады. Бұл жүйенің болашағын қамтамасыз етеді. Алда келе жатқан Парламент Мәжілісі мен Мәслихатының сайлауы көп партиялы саясаттың орнауына игі ықпал етпек.

Мемлекет басшысы митингтер жөніндегі ұстанымын да жария етті. «Конституция бойынша оған ешбір тыйым салынбайды. Сондықтан заңға сай митингтер ұйымдастыруға рұқсат берілсін», - деді Президент. Бірақ халықтың ішкі татулығына сына қағылмауын қадағалау қажеттігін қадап айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Егер қандай да бір акциялар бейбіт мақсатты көздеп, тұрғындардың тыныштығын бұзбайтын болса, заң талаптары бойынша оларға рұқсат беру қажет. Арнайы жер де бөлінуі шарт. Бірақ қала сыртында емес. Акциялар кезінде тәртіп бұзылып, бұзақылық жасалса, заңға сай әрекеттер қолданылады.

Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналады. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін кеуде соғып, даңғаза жасаудың қажеті жоқ. Тіл үлкен саясаттың құралы екенін ұмытпаған жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: Ел бірлігі – оның әралуандығында!

Келер жыл еліміз үшін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға толы болмақ. Әл-Фарабидің 1150 және Абайдың 175 жылдық мерейтойларына дайындықты бастап, жоғары деңгейде атап өту қажет. Бірақ ысырапшылдыққа жол берілмейді. Осы қағидамен тәуелсіздіктің отыз жылдығы да атап өтіледі. Президент бұл Жолдауында азаматтардың құқығын қорғау мәселесіне ерекше басымдық берді. Қоғамда қылмыстық оқиғалардың белең алғанын айтып, жазаны күшейту жолдарын ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Заңнаманы ізгілендіруге көп көңіл бөліп кеттік. Соның салдарынан адам құқығын қорғау ісі көлеңкеде қалды. Педофилия, есірткі тасымалдау, адам саудасы, әйелдерге және балаларға қарсы зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны қатаңдату керек. Броконьерлер де көбейіп, өздерін еркін сезінетін болды. Биыл екі қорықшы олардың қолынан қаза тапты. Бұл дегеніміз броконьерлік тамыр жайып кеткенін аңғартады. Екі айдың көлемінде Үкімет заңнаманы жетілдіріп, жазаны барынша күшейтуді міндеттеймін.

Қылмыстың алдын алуға ең алдымен құқық қорғау органдары жауапты. Салаға толыққанды реформа қажет. Президент пәрмені бойынша, полиция енді мемлекеттің күштік құрылымы деген ұғымнан ажырап, кезең-кезеңімен халыққа қызмет көрсетуші органға айналмақ. Келер жылдан бастап әкімшілік полиция қайта құрылымдалады. Қосымша қаражат бөлініп, тәртіп сақшыларының еңбекақысы артады және тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Сөйтіп, полицейлер Халыққа қызмет көрсету орталықтары секілді заманауи фронт-кеңселерде жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тұрғындарды табиғат және техногенді апаттардан қорғауға басымдық беріледі. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар елімізде және әлемде көбейіп кетті. Сондықтан салада нағыз кәсіби мамандар жұмыс істеу керек. Ішкі істер министрлігінің жаңа реформасына 173 миллиард теңге бөлінеді. Соның 40 миллиарды азаматтық қорғау саласы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыруға жұмсалады.

Ішкі істер органдарынан бөлек, қазақстандық армия да күшейеді. Арыс қаласындағы жағдай енді қайталанбауы тиіс. «Бірақ сол оқиға әскеріміздің осал тұстарын көрсетіп берді», - деді Президент. Сондықтан Қорғаныс саласындағы шығындарды реттеп, қаржылық тұрақтылық орнату қажет. Бюджеттен бөлінетін әрбір теңге қарулы күштердің материалдық тұрғыда қамтамасыз етілуіне және әскери қызметтің мәртебесін көтеруге жұмсалады. Жоғарыда айтылған мақсаттарға қол жеткізу үшін экономикаға тұрақты өсім керек. Болжам бойынша 2025 жылға қарай оның көлемі 5 пайыздан асуы тиіс. Еңбек өнімділігінің нақты өсімі де кем дегенде 1,7 есеге артуы қажет. Құрылымдық өзгерістердің бірі - шикізат саудасына тәуелді болмау. Президент бұл бағыттағы бастамаларын таяуда Үкіметке ұсынған және олардың жүзеге асырылуын қатаң бақылайтынын айтты. Елімізді өңірдегі көшбасшы ретінде танытып, Орталық Азиядағы беделімізді арттыру – стратегиялық міндет, деді сондай-ақ Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ұлттық әл-ауқат қорының 14 жылда әл-ауқатты арттыруға қаншалықты әсер еткенін саралау керек. Алдағы үш айда мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін тексеруді тапсырамын. Квазимемлекеттік компаниялар көбіне бір-бірімен бәсекелес. Мәселен, тұрғын үй саласында 7 мемлекеттік оператор жұмыс істейді. Олардың санын қысқартуымыз керек.

Үкімет тарапынан баға саясатына бақылау азайып кетті. Мәселен, әуе және теміржол саласындағы жекеменшік монополис мекемелер билет құнын жиі шарықтатып, ынғайына қарай тарифтерді белгілеп жүр. Ол ғана емес, азық-түлік және киім-кешек саудасында да мұндай дерек аз емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еліміздегі негізгі әуе тасымалдаушы компанияның билеттері неліктен тым қымбат екені түсініксіз. Әуежайларымызда қызмет көрсету құны да шарықтап тұр. Мәселен, әуе кемелеріне қажетті отын бағасы шетелдік тасымалдаушылар үшін екі есе жоғары. Осының салдарынан Қазақстан халықаралық бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Транзиттік әлеует төмендейді. Бұған қоса, теміржол саласында билет тапшылығы қолдан жасалып отыр. Осы мәселелердің бәрін кезек күттірмей шешу қажет.

Ендігі кезек – шағын және орта бизнес. Жолдауда басымдық берілген салалардың бірі ретінде ауылдағы кәсіпкерлік таңдалды. Алайда сарапшылардың пікірінше, салаға бөлінген қаражат тиімсіз жұмсалып жатыр. Қаржылай қолдау көбіне билікпен байланысы бар шаруашылықтарға көрсетіледі. Президент мұндай әрекеттерден хабардар екенін айтты. Сондықтан бақылау күшейіп, шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсетілмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Микро және шағын бизнес кәсіпорындарын 3 жылға кіріс салығынан босатуды тапсырамын. 2020 жылы заңнамаға өзгерістер енгізілуі қажет. Сондай-ақ микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық тыйым салынады.

Бизнесті тексеруге тыйым салынса да, кәсіпкерлік құрылымдар тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін орындауы шарт. Мораторий қоғамға кері әсер етпеуі тиіс. Егер санитарлық салада заңбұзушылықтарға жол берілсе, компаниялар жабылып, қожайындары жауапқа тартылады. Ал ауыл шаруашылығында суармалы жерлердің көлемі 3 миллион гектарға көбейтіледі. Бұл жоспар 2030 жылға дейін жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдері 4 жарым есеге көбейеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз.

Жер – ортақ байлығымыз. Бірақ оны мақсатты пайдалануға міндеттіміз. Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы тиімді жүзеге асырылуы тиіс. Оған биыл қосымша тағы 90 миллиард теңге бөлінеді. Сөйтіп, ауылдық жерлердің су, газ, жол мәселелері шешімін табады. Тағы бір маңызды жайт – келер жылдан бастап жұмыс берушілерге міндеттелген 5 пайыздық зейнетақы аударымдарын жасау кейінге қалдырылды. Жалпы бұл саланы ауқымды өзгеріс күтіп тұр. Қазақстандықтар енді зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазір еңбек етіп жүрген азаматтардың зейнетақы жинақтарын алуына мүмкіндік жоқ. Сондықтан осы мүмкіндікті жасауды ұсынамын. Мәселен, тұрғын үй немесе білім алуына сол қаржының бір бөлігін алуына болады. Енді Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жинақтарын басқаруды жетілдіруі керек.

Егер жергілікті әкімдердің жұмысына тұрғындардың көңілі толмаса, оларды қайта тағайындау мәселесі қарастырылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Егер тұрғындардың 30 пайызы әкімнің жұмысын бұрыс деп бағаласа, онда Президент әкімшілігі арнайы комиссия құрып, мәселені шешуге атсалысады. Кейін халықтың сұрауымен жергілікті атқамінерді ауыстыруға мүмкіндік жасалады.

Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларды қолдау, баспанамен қамту, өңірлерді дамыту, инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы бастамалар да Президент жолдауында көрініс тапты. «Әр салаға бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді», - деді Мемлекет басшысы. Демек елдің әлеуеті бүгінгіден де жақсарып, тұрмыс түзеледі деген сөз.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы