389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Зейнетақы қорынан қанша қаражат шешіп алуға болады?

  • 285
  • UPD: 15:28, 03.09.2019

Қазақстан азаматтары зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін баспана алуға, оқуға және медициналық мақсатта жұмсайды.

Бұл туралы бүгін премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, әуелі Үкімет пен мемлекеттік органдар бұл сұрақты жан-жақты зерттеп, кейінірек нақты ұсыныстар әзірлейді. Вице-премьер тұрғындардың жасы мен зейнетақы қорындағы қаражатының мөлшері де ескерілетінін атап өтті. Бұдан бөлек, Бердібек Сапарбаев көп балалы аналарды жұмыспен қамту мәселесіне де тоқталды.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

- Еңбек мәселесіне байланысты, әсіресе көп балалы аз қамтылған аналар үшін гранттарды, микрокредиттерді дамытып, олардың өздерінің отбасылық кәсіпкерлігін дамытуға мүмкіндік жасау. Одан кейінгі бір мәселе - мамандарды дайындау. Бұл жөнінде баланс жасап, заман талабына сай керек мамандарды дайындау.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдауы кезінде бірқатар өзекті мәселені көтерді. Соның ішінде зейнетақымен қатар келесі жылдан бастап елімізде мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарту басталатынын да мәлімдеді. 

Бұдан бөлек келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өсетіндігін де еске салды.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қазақстан халқына жолдауы кезінде жерді сату мәселесіне де тоқталды.

«Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз», – деді ол.

Мұның алдында ҚР Президенті қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі жеткенін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру қажеттігін айтты.

Елімізде браконьерлерге қатысты заң қатаңдатылады. Президент елімізде браконьерлердің тамыры тереңге жайылғанын атап өтіп, Үкіметке 2 ай ішінде тиісті заң жобасын күшейтуді жүктеді.

Мемлекет басшысы жолдауының толық нұсқасын мына жерден оқи аласыздар.

Хабар 24 телеарнасы