389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент: Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құру қажет

  • 302
  • UPD: 18:14, 04.09.2019

«Азия алыбы» әдеби сыйлығын тағайындап, Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құру қажет.

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада шымылдығын түрген ақын-жазушылар форумында осылай деді.

Бұдан бөлек Президент сөз зергерлерін Шығыс өркениетін кең көлемде насихаттауға шақырды. Азия елдері қаламгерлерінің алғашқы форумы жайлы Рауан Мыңбаев кеңірек баяндасын.

Азия қаламгерлерінің алғашқы форумында ақын-жазушылар үшін жағымды жаңалық көп болды. Құрлықтың әр қиырынан келген меймандарды, әсіресе, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Азия алыбы» атты әдеби сыйлығын тағайындау туралы бастамасы қуантты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Алдымен Азия қаламгерлері форумы шығармашылық қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде қуатты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіл әлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта Азия алыбы әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек.

Тұңғыш рет ұйымдастырылған форум 300-ден астам ақын-жазушының басын қосты. Оның ішінде Азияның 38 елінен келген 70-ке жуық қаламгер бар. Арасында Нобель сыйлығының номинанттары да кездеседі. Демек, қазақ даласы Батыс пен Шығысты жалғайтын дәліз ғана емес, ғылым мен білімнің, яки ұлы өркениеттің тоғысқан тұсы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Мәдениеттердің жарасымды дамуын бір сөзбен әралуандық үйлесімі деп түсіну қажет. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқаны осыны меңзейді. Азия біріге алады. Қайта жаңғырған Ұлы Жібек жолы осының айқын дәлелі.

Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып, жарыққа шығады. «Таңдаулы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни, 2,5 млрд оқырманға тарайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл - қазақ әдебиеті тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қазақ әдебиеті – халқымыздың сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан асыл қазына. Тұтас түркінің ортақ мұралары  «Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге қаған» жырлары мен «Қорқыт ата кітабы» – әдебиетіміздің түп-тамыры. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи сынды ұлы тұлғалардың еңбектері ислам дәуіріндегі түркі жұртын төрткүл дүниеге танытты. Алтын Орда заманындағы жыраулық поэзия дәстүрі өз жалғасын тауып келеді.

Батыс өркениетінің түп-тамыры Шығыстан бастау алады. Дегенмен, сол заманның тарихи құндылықтарын насихаттау жағы әлі де кемшін.

Анар Рзаев, Әзірбайжан жазушылар одағының төрағасы:

- Еуропаның Шекспир секілді белгілі тұлғалары жазған шығармалар үздік әрине. Бірақ Манас пен Қорқыт жырына тең келетіндіктері некен-саяқ. Мәселен, Қорқыт шығармаларында көрсетілетін кейбір образдар Шекспирдікімен ұқсас. Оның оқиғалар желісі кино туындыға сұранып тұрады.

Азияның ақын-жазушыларын алаңдатқан мәселелер де аз емес. Соның бірі - поэзия жанрында жазылған шығармаларға қолдау аз. Бұл мәселені шешу үшін Азия поэзияның жаңа толқынын бастауы керек.

Гомбожавын Мэнд Ооёо, Нобель сыйлығының номинанты, моңғол ақыны:

- Біз қашанға дейін Батыстың қабағына қарап, телміреміз. «Батыс деген Батыс, Шығыс деген Шығыс – бір-біріне еш қарамайтын тұс» деп Киплинг айтып кеткен. Бөліп-жармай әлем әдебиетінің ұлы арнасында, әсіре, батысшыл үстемдікті өзгерту мақсатында бұл сөзімді түсінулеріңізді сұраймын. Азия әдебиетін қолдауға қатысты тиімді тәсілдерді тауып, айталық, бір белдеулік қор құру арқылы тәржіма және таңдаулы шығармаларды насихаттау – осы құрлықтағы елдердің Үкіметтерінің міндеті болады деп ойлаймын.

Азия елдерінің әдебиет саласындағы ынтымақтастығы артады. Қазақстандық оқырмандар тек Орталық Азия емес, құрлықтың әр қиырында үздік деп танылған туындыларды оқып, рухани дүниетанымын байытады.

Ақұштап Бақтыгереева ақын:

- Бүгін араластық, таныстық жақсы. Бастама жақсы. Әдебиетке деген көзқарасқа ризашылығымыз бар. Әсіресе, жастар өзінің туған елін түп-тамырымен танытып, сол бағытта шықса деген арман бар бізде.

Әдебиет алыптарының жиыны 3 күнге жалғасады. Ал елорда төрінде алғаш рет ұйымдастырылған форум енді дәстүрге айналады деген сенім зор.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы