389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бақытты отбасы» бағдарламасы: баспана кімдерге беріледі

  • 428
  • UPD: 11:23, 05.09.2019

2020 жылдан бастап, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жыл сайын 10 мың жанұя баспаналы болуы қажет. Бүгінде елімізде 30 мыңнан астам көп балалы отбасы бар.

Оларды тұрғын үймен қамту мәселесі үш жыл ішінде шешілу тиіс. Президент өз жолдауында үкіметке осындай тапсырма берді.  

Жаңа үйге көшіп келгенге алдымен балалар мәз. Кең пәтерде асыр салып ойнап жүр. Дарханбек пен Ақмарал Мәлібаевтардың отбасы бұған дейін үш баласымен саяжайда тұрып келген еді. «Бақытты отбасы» бағдарламасының іске қосылғанынан хабардар болысымен олар бірден тиісті орындарға құжаттарын тапсырған. Көп ұзамай жанұядағы үш баланың екеуі тыныс жолдары ауруымен ауыратындықтан мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы ретінде баспана алу мүмкіндігіне болды.          

Ақмарал Жұмағұлова, қала тұрғыны:

- 15 млн ең жоғарғы қаржы. Соған мақұлдануды алып, соның бір жарым млнын есепшотқа салдық. 0302 Шарттары өте тиімді болды. 2 ғана пайызбен берілген. Мұндай Қазақстанның тарихында болмаған. 19 жылға алып жатырмыз. 8 жылда 80 мыңнан төлейміз. Қалған 11 жылда 56 жарым мыңнан төлейміз. Ол біздер үшін өте тиімді. 

Бағдарламаға дәл осындай отбасылар қатыса алады. Көп балалы және жанұясында мүмкіндігі шектеулі баласы барлар, сондай-ақ толық емес отбасылар. Шаңыраққа ай сайын кіріс кіріп тұруы міндеттелген. Кем дегенде  бір адам жұмыс істеуі тиіс. Сондай-ақ бағдарламаға қатысу үшін баспанаға мұқтаж отбасы ретінде әкімдікте кезекте тұруы қажет. 

Бүгінде елімізде 35 мың көп балалы, толық емес 100 мың және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 18 мың отбасы бар. 

Ләззат Ибрагимова, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы: 

-«Бақытты отбасы» бағдарламасының бірінші механизмі бойынша, оған бір адамға шаққандағы табысы 42 500 теңгеден аспайтын отбасылар қатыса алады. Мәселен, егер отбасы алты адамнан тұрса, онда оның жалпы табысы 255 мың теңгеден аспауы керек. Сондай-ақ олардың ешқайсысының атында үй болмауы тиіс. Банк өтінімді мақұлдағаннан кейін баспана таңдауға 3 ай уақыт береді. Пәтерді жаңасында  немесе қазіргі нарықтағы тұрғын үйлерден де алуға болады. 

Айта кетейік, табысы аз жанұяларды баспанамен қамтасыз етуге арналған  бұл бағдарлама Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Шарттары да қолжетімді.

Жылдық мөлшерлемесі 2 процент, бастапқы жарна 10 процент, несие 20 жылға беріледі. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырауда қарыздың ең жоғары сомасы 15 миллион теңге. Қалған өңірлерде 10 миллион теңгеден. 

Ләззат Ибрагимова, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы: 

- Біз бірге қарыз алушыға жалақысы аз болып жатса, туған-туыстарын тартуға рұқсат береміз. Қазір бізге келіп жатқан адамдардың басым көпшілігі балабақшаларда санитар, медбике, тәрбиеші болып жұмыс істейді. Олардың табысы көп емес, бірақ еңбекақысын тұрақты түрде алып тұрады. Бағдарлама дәл осындай жандардың баспана мәслесін шешуге арналған. 

Бүгінгі күні «Бақытты отбасы» бойынша 2 мыңға жуық өтініш мақұлданды. Яғни осынша жанұя қоныс тойын тойлайды. Жыл соңына дейін 6 мың отбасы баспанаға қол жеткізбек. Енді мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылдан бастап бұл көрсеткішті 10 мыңға жеткізу жоспарда бар.

Хабар 24 телеарнасы