387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық кеңестің мүшелері келесі отырысқа нақты заң жобаларымен келеді

  • 264
  • UPD: 21:50, 06.09.2019

Жеріміз шетелдіктерге жалға да берілмейді. Ал отандық зейнетақы жүйесі қайта құрылуы мүмкін. Мемлекеттік қарызға халықтық бақылау орнатып, қазақ тарихын қайта жазып шығу қажет.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында осындай тың бастамалар көтерілді. Көкейде жүрген көп мәселе бүкпесіз айтылды.

Көрші елдің 55 зауыты қазақ жеріне көшірілмейді. Қазір қоғамдағы ең өзекті жайтқа мемлекет басшысының жауабы бұл. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде ең алдымен осы мәселенің аражігін ажыратып алды. Бұған қоса «ортақ байлық - ұлан-ғайыр атырап ешбір шетел азаматына сатылмайды» деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төрағасы:

- Соңғы уақытта «жер шетелдіктерге сатылады деген немесе көрші елдің ескі 55 зауыты көшіріледі. Мыңдаған шетелдік жұмыскерлер тартылады» деген секілді түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Біз ұлттық мемлекеттік мүддені бірінші орынға қоямыз. Тағы да шегелеп айтам, жерімізді ешкімге бермейміз, халқымыздың мұң-мұқтажын ескереміз, басты назарда болады. Шетелдік инвестициялар тек қажетті салаларға ғана тартылады.

Тәуелсіздік жылдары көптеген саясаткерлер мен сарапшылардың теріс болжамына қарамастан еліміз толыққанды мемлекет ретінде орнықты. «Елбасы бастап, халық қоштап жеткен жетістіктер ұшан-теңіз» деді Президент. Алайда ел экономикасына қомақты қаржы құйған инвесторлардың да еңбегі аз емес. Әлемдегі озық мемлекеттер де шетелдік капиталды өз пайдасына жаратып отыр. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төрағасы:

- Жалпы шетелдік инвестициясыз дамушы мемлекеттер өмір сүре алмайды. Қазір біз ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына жақындап келеміз. Біздің генетикалық кодымызға жауласу тән емес. 

Қазақстанға жаңа реформа қажет. Алайда ол тек реформа үшін жүзеге асырылмауы тиіс. Президент бүгінгі қоғамға тың өзгеріс, жаңа серпін қажеттігін айтты. Сондықтан жан-жақты сараланған, қоғамдық ортада талқыланған ұсыныс жасауға шақырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттік биліктегі менің формулам - бұл мықты президент, ықпалды парламент және халыққа есеп беретін үкімет. Әзірге бұған іс жүзінде дәлел жоқ. Қазақстан Президенттік басқару жолында қала береді. Бірақ, Парламент саяси жүйеде лайықты орнын алуы қажет. 

Үш деңгейлі зейнетақы жүйесіне халықтың сенімі азайды. Экономист Рахым Ошақбаевтың есебі бойынша қорға жинақталған қаржы биыл бар жоғы 0,9 процентке өскен. Сондықтан елімізде еңбек ететін 8 миллион адамның барлығы бірдей қаржысын оған құя бермейді. 

Рахым Ошақбаев, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, экономист:

- 20 жылдан астам уақыт болды зейнетақы жүйесіне міндетті қаржы аудару жұмысы тиімді нәтиже бермеді. Әрі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерді басқармаса да, комиссия үшін қыруар қаржы алады. Әкімшілік шығындарының өзі 20 миллиард теңгеге пара-пар. Осынша қаражатты қайда жұмсауға болады?! Енді еліміздің зейнетақы жүйесін түбегейлі өзгерту қажет деп ойлаймын. 

Елімізде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі кейінге шегерілуі мүмкін. Әрі сол қорға аударылатын төлем де азайтылуы ғажап емес. Ел экономистерінің тағы бір ұсынысы осы. Себебі жаңа жүйені енгізуге дейін бірыңғай әлеуметтік төлем жасау тәртібіне толыққанды бейімделіп алған жөн. Ал отандық экономиканың кежегесін кейін тартып тұрған квазимемлекеттік секторға түбегейлі өзгеріс қажет.

Мұхтар Тайжан, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, экономист:

- Неге экономикамыз дамымайды. Мемлекет экономиканы өте қатал түрде ұстап тұр. Мемлекеттің рөлі тым үлкен. Сондықтан рөлін азайтуымыз қажет. Квазимемлекеттік компаниялар өз-өзін қысқарта алмайды. Осыны біз бақылауымыз керек. Сіз жер туралы жақсы айтып кеттіңіз. Жер шетелдіктерге сатылмайды деп, бірақ жер жалға да берілмеуі керек. 

Мұхтар Тайжан көтерген тағы бір мәселе мемлекеттің сыртқы қарызын азайту. Бүгінде азаматтарымыз қай елден қашан және қанша берешек алынғанын білмейді. Ендігі талап - ашық реестр құрып, қарыз алу үдерісін халық назарына ұсыну. 

Ұлт мүддесіне сай ұсыныстар айтылды. Қазақ тарихын қайта жазып шығу жөніндегі бастама да көтерілді. Дегенмен, ең өзектілері құқық қорғау саласында. Мәселен, адвокат Айман Омарова сот жүйесінің әділдігіне күмәнмен қарайды.

Мәдениет саласын спорттан бөле-жара қарастыру керек. Отандық киногерлер осындай бастама көтеріп отыр. Себебі, қазір мәдениетке біржақты көзқарас қалыптасқан. 

Ермек Тұрсынов, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, режиссер:

- Мәдениет және спорт министрлігі көрсеткіштер үшін жұмыс істеуді доғару керек. Ведомствоның жұмысы қайта қаралуы шарт. Министрліктің жанында мәдениет саласы бойынша кеңес құрылса, сөйтіп, қаржыландыру жағы жетілдірілсе деген ұсыныс бар. 

Президент жиын соңында ұсыныстарды бір жүйеге келтіріп, тиісті құжат әзірлеу қажеттігін айтты. Яғни кеңесте айтылған бастамалар толыққанды жүзеге асады. 

Кеңес мүшелерінің айтуынша, жиында айтылмай қалған мәселелер де бар. Бұл жолы экономика мен саясатқа көп көңіл бөлінді. Ендігі жиынға, қоғам белсенділері нақты заң жобаларымен келуді көздеп отыр. 

Қорыта айтқанда, мемлекет халық үніне құлақ асуы тиіс. Сонда ғана еліміздің әлеуметтік саясаты қайта жанданады. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы