387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев Қытаймен өзара байланысты бекемдеудің жолдарын талқылады

  • 128
  • UPD: 13:39, 11.09.2019

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары басталды. Айта кету керек, бұл Мемлекет басшысының аспан асты еліне президент ретінде жасаған алғашқы сапары. Күн тәртібі  тығыз. Таңертең ерте басталған кездесулер әлі де жалғасып жатыр. 

Алғашқы сапар алатаңнан басталды. Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат алты жарымда Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы кездесуін өткізді. Қытай Коммунистік партиясының сыртқы істер жөніндегі жетекші тобының Кеңсе басшысы Ян Цзечимен кездескен президент өзара байланысты бекемдей түсудің жолдарын кеңінен отырып талқылады.

Содан соң, мемлекет басшысы қазақ-қытай іскерлік кеңесінің 6-ншы отырысының ашылуына қатысты. Кеңес 2013 жылдың сәуір айында құрылған болатын. Кеңестің бірінші отырысы сол жылы қыркүйек айында Нұр-сұлтан қаласында өтті. Осы уақыт ішінде бұл кеңес қазақстандық және қытайлық іскерлік топтарының кездесуі үшін таптырмас алаңға айналды. Кездесулердің нәтижесі бар, ол құны 42 млрд долларданн асатын 107 коммерциялық құжат. 

Іскерлік кеңестегі кездесуден соң президент Қытайлық бизнес өкілдерімен жеке жүздесті. Бизнестің акулалары - елдің экономикасын дамытатын алыптар. Ал қазір қытай экономикасы қуаты бойынша әлемде екінші орында тұрғанын ескесек, бұл үлкен көрсеткіштің артында сөзсіз осы қытайлық кәсіпкерлердің үлкен еңбегі жатыр. Мемлекет басшысы қытайлық бизнесті Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысына белсенді араласуға шақырды. Айта өту керек, Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамаларын тек қана мемлекеттік тілде жасап жатыр. 

Сондай-ақ бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында дәріс оқыды. 40 жылдық тарихы бар елдегі ең жоғарғы академиялық құрылым қоғамдық әрі әлеуметтік зерттеулермен айналысады.

Ал түстен кейін нақтыласақ Бейжің уақытымен 17:00-де кездесудің ресми рәсімі өтеді. Халықтар жиыны үйіндегі алаңда Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин мәртебелі мейманы Қасым-Жомар Тоқаевты қарсы алады. Сосын мемлекет басшылары жеке жүздесіп елдер арасындағы қарым-қатынастың ендігі бағыттарын талқылайды. Одан соң қос тарап оншақты құжатқа қол қояды деп жоспарланып отыр. Оның ішінде, авиациялық іздеу және азаматтық әуекемелерін құтқару жөнінде үкіметаралық келісім, «Нұрлы жол» мен «Жібек жолы экономикалық белдеуін» бірлесе жүзеге асыру жөніндегі меморандум, сондай-ақ Қытайға эспортталатын қазақстандық ауылшаруашылығы өнімдері туралы протоколдар бар. 

Авторы: Гүлжан Марқабаева

Хабар 24 телеарнасы