387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР Президентінің Қытайға мемлекеттік сапары аяқталды

  • 227
  • UPD: 23:27, 12.09.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аяқталды. Екі күнге жалғасқан сапарды бүгін президент түйіндей келе, оның жемісті өткенін айтты. Тараптар қол алысты, келісімге келді. Сөйтіп, қазақ-қытай қатынасын қарқынды ете түсуге уағдаласты.

Әсіресе, технология саласында. Технология демекші, бүгін мемлекет басшысы Қытайдың Ханчжоу қаласында болып, технология саласына түрен салған бірнеше компанияның кеңсесінде болды. 

Әр ұлттың өз тарихы бар. Және ол қандай болмасын оған өзің де, өзге де құрметпен қарауы тиіс. Өткен екі ғасыр жер бетіндегі қай халық болмасын жеңіл болған жоқ. Соғыс, ұрыс, жанжал. Қытай халқы да осы азаптарды аз кешкен халық емес. Мына мемориал сол қиын күндердің белгісі болып Бейжіңнің орталық көшесінің бірінде тұр. Мемлекет басшысы сапарының екінші күнін осы Халық Батырлары ескерткішіне гүл шоғын қоюдан бастады. Осылайша президент өткен екі ғасырда Қытайда болған ұлт-азаттық қозғалыстарының құрбандарын еске алып, рухына тағзым етті. 

Елу жылда ел жаңа. Ал биыл Қытай Халық республикасына 70 жыл. Ел үшін үлкен еңселі белес. Жалпықытайлық халық өкілдерінің жиыны Тұрақты комитетінің Төрағасы Ли Чжаньшумен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев осы мерейлі датамен құттықтап, мемлекеттік сапарының шын мәнінде жемісті болғанын айтып өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрметті Ли Чжаньшу мырза, біз бүгін бірнші рет кездесіп отырмыз. Өте қуаныштымын. Шын мәнінде кешегі сапарымыз ойдағыдай, жемісті болды деп айтуға болады. Осы сәтті пайдаланып ҚХР жетпіс жылдық мерейтойымен Сізді және Қытай халқын құттықтаймын шын жүректен».

Қытай технологияның тілін ерте түсінген ел. Қазір бұл елден шыққан алыптар ел ішінде ғана емес, әлем бойынша технологияда түрен салғандар деп мойындалып та жүр. Бізге көршіден үйренбек керек. Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Бейжіңде өткен ел бизнесмендерімен кездесуінде де Қазақстанның инновацияны игеруге деген ниетін айтқан болатын. Бүгін президент сол инновацияға иек арту арқылы, табысқа жеткен «Hikvision» компаниясының кеңсесіне барды. Компания өкілдері Қазақстан президентіне өздерінің соңғы өнімдерін таныстырды. 

2001 жылы құрылып, небәрі 28 адам жұмыс істеген компания қазір 34 мың қызметкері бар жаһандық корпорацияға айналды. Мықты мамандар мен инновацияны үздіксіз енгізудің арқасында компания бейнебақылау және қауіпсіздік жүйесінде өнім шығарып, сататын әлемдегі нөмірі бірінші компания атанып отыр. Өнімін 150-ден астам ел тұтынады. Бүгінде «Hikvisionнің» Азия мен Америка, Еуропа елдерінде 46 сауда өкілдігі бар. Компанияның қор биржасындағы нарықтық капиталы 12 млрд доллардан асады. 

Ханчжоу қаласындағы атақты «Алибаба» кеңсесі. Ал бұл атақты Джек Ма. Қазақстан президентімен ескі танысындай емен-жарқын. Бұрынғы ағылшын тілі мұғалімі, қазір Азиядағы ең бай адам. Оның табыс тарихы таңқалдырмай қоймайды. 1999 жылы құрылған компанияның қазір нарықтағы құны 420 млрд АҚШ доллары деп бағаланып отыр. Қазақстан президенті компанияның құрылу тарихымен және қазіргі жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысының Ханчжоуға келуінің өз себебі бар. Ол цирфлық экономиканы дамыту тәжірибесімен танысу. Себебі бұл қала әлемдегі жоғары технологиялар орталығы болып саналады. Технологиядан саясатқа. Мемлекет басшысы Қытай Компартиясының Чжецзян провинциясындағы хатшысы Чэ Цзюньмен кездесті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Мәңгілік стратегиялық серікестігіміз, шын мәнінде өзара ынтымақтастықтық көптеген салаларын қамтиды. Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай басшылары негізін қалаған істі жалғастырамыз. Біз экономика, саясат және өңірлік қауіпсіздік, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтастық орнатамыз. 

Ал бұл шай мұражайы. Шай ішпесе көңілі жайланбайтын қазаққа жақын тақырып. Қасым-Жомарт Тоқаев сапары аясында оны да аралап көрді. Қытай халқында шай ішу де тұтас өнер. Қазақстан Президентіне шай дәстүрінің ерекшелірктері мен шай әдебі, шай рәсімі де көрсетілді. 

Адам көршісін өз ыңғайына қарай таңдай алады, ал мемлекет, жоқ таңдай амайды. Қазақстан мен Қытай іргесі бірге көрші. Саясатта ұстаным ұқсас, ал экономикада әлемдік алыппен Қазақстанның байланыспаған саласы жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент мәртебесіндегі тұңғыш сапары сәтті өтті деуге әбден болады. 

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Асхат Әзретханов, Алмас Омарғалиев

Хабар 24 телеарнасы