386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы таяуда АҚШ-қа баруды жоспарлап отыр

  • 213
  • UPD: 21:12, 13.09.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай түрмесінде жатқан отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдырына араша түсті.

Президент көрші елге мемлекеттік сапары кезінде осы мәселені көтеріп, қандасымыздың жағдайына алаңдаушылық білдірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Келіссөз нәтижесінде екі елдің дипломаттары қазақстандықтарды толғандырған осы мәселені қайта қарайтын болып келісті. Одан бөлек, біздің ел Қытай шекарасы арқылы көмір тасымалдайтын болды. Шикізатты Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жөнелту жоспарланып отыр.

Осы аптада Қасым-Жомарт Тоқаев іргедегі Қытайға алғаш рет мемлекеттік сапарымен барды. Қазақстан президентін көрші ел басшысы жылы қабылдап, мәртебелі мейманға сый-құрмет көрсетті. Осы сапар кезінде тараптар оншақты құжатқа қол қойды. Ілкімдісі - енді Қазақстанның көмірі Қытай шекарасы арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жіберіледі. Бұл - экспорттық әлеуетті еселеуге мүмкіндік бермек.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Келісім бойынша жылына 2 млн тоннаға жуық көмірді Қытай арқылы Ляньюньган порты жеткізіп, әрі қарай оңтүстік-шығыс Азия елдеріне жөнелтуді жоспарлап отырмыз. Бұл көмір экспортын дамытуға мол мүмкіндік береді. Одан бөлек, екі мемлекет авиациялық іздеу жұмыстарын бірлесіп жүргізуге уағдаласты.

Тараптар көлік-логистика саласын бірлесіп дамытуды көздеп отыр. «Қорғас» экономикалық аймағы арқылы Ресейге, Еуропаға, Орталық Азияға, Түркия және Парсы шығанағы елдеріне тауар тасымалдауға мүмкіндік туды. Мамандар бір терезе әдісін қолдану арқылы жүк тасымалын 18%-ке өсірген. Қытайлық инвесторлар былтыр ашылған «Астана» халықаралық қаржы орталығына да қызығып отыр. Олар қазақ жеріне инвестиция құйып, түрлі саланы дамытуға ниетті.

Асқар Жұмағалиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Қытайдан келер қауіп жоқ. Біз осыны жіті түсінуіміз керек. Көрші мемлекет қазақ жеріне көзалартпайды. Біз түгіл әлем елдері осы мемлекетпен ынтымақтастық орнатқысы келеді. Олардың өндірісте қолданатын әдіс-тәсілдерін кеңінен меңгеруді көздейді. Сондықтан Қазақстан өзара қарым-қатынасты нығайтудан қалыс қалмақ емес.

Мемлекет басшысы осы сапары кезінде Қытай түрмесінде жатқан отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың да мәселесін көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ қызының қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірген. Тараптардың уағдаластығы бойынша енді екі елдің дипломаттары осы мәселені қайта қарайтын болып келіскен.

Мұрат Нұртілеуов, ҚР президентінің көмекшісі:

Біз жол жүргелі отырғанда Қасым-Жомарт Кемелұлының атына 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында Қытай құқыққорғау органдары ұстаған отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың анасынан өтініш түскен болатын. Оның мәтіні БАҚ-та жарияланды. Осыған орай мемлекет басшысы Бейжіңдегі кездесулерде Қытай тарапына жеке өзінің өтінішін жеткізді. Бұл мәселе жан-жақты талқыланды.

Президенттің шет мемлекеттерге сапары мұнымен шектелмейді. Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Америка Құрама Штаттарына баруды жоспарлап отыр. Мемлекет басшысы Біріккен ұлттар ұйымының басшыларымен кездесіп, арнайы мәлімдеме жасайды деп күтілуде.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

 

Хабар 24 телеарнасы