388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды

  • 255
  • UPD: 15:56, 17.09.2019
Мемлекет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook-тегі парақшасында жазды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жақсы ауданындағы «Айбат» ЖШС-ның егіс алқабында болып, егін орағының барысын бақылайды. Сондай-ақ, жекеменшік спорт мектебі мен «ТНК» агрофирмасының «Урожай» серіктестігіне қарасты ауылшаруашылық өндірісі кешеніне барады», – делінген жазбада. 

Ақорданың ресми сайты ұсынған мәліметке сәйкес, Қазақстан Президентіне облыстың әлеуметтік-экономикалық  дамуының негізгі көрсеткіштері мен агроөнеркәсіп кешенінің келешегі туралы мәлімет берілген. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа дәнді және майлы дақылдардың жаңа сорттары көрсетілді.

Мемлекет басшысы механизаторлармен әңгімелескенде ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтіп, мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге баса мән беріліп отырғанын айтты.

«Мемлекетіміз үшін сіздердің еңбектеріңіздің мәні зор. Үкімет фермерлерге жан-жақты қолдау көрсетеді, ауылдың өмір сүру сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдайтын болады», – деді Президент.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев диқандарға ауа райының жақсы және өнімнің мол болуын тіледі. 

Сонымен қатар Қ.Тоқаев Жақсы ауданындағы Т.Уәлиев атындағы жеке спорт мектебін де аралап көрді.

Қазақстан Президентіне күрес, бокс және футбол спортына арналған залдар көрсетілді. Қазіргі уақытта Жақсы ауданының 170 оқушысы бокс, грек-рим күресі және футбол секцияларында спортпен шұғылданады.

Бұл спорт мектебі өз тарихында 4800 спортшыны, соның ішінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шеберлері мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін дайындап шығарды.

Мемлекет басшысы грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченкомен және спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен әңгімелесу барысында ауылдағы бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның қызметі, диірмен кешенінің, элеватордың, комбикорм зауытының және нан-тоқаш өнімдерін шығару жөніндегі өндіріс нысандарының жұмысы туралы мәлімет берілді.

Қазақстан Президентіне  агрокәсіпорнында қуаты жөнінен жылына 12000 тонна түрлі жармалар мен жылдам дайындалатын сұлы қауыздарын өндірудің жаңа технологиялық үдерісі, сондай-ақ дайын өнімнің үлгілері көрсетілді.

Мемлекет басшысы аграрилердің назарын мемлекет бөлген ауыл шаруашылығы субсидияларын тиімді пайдалану қажеттігіне аударды.

Хабар 24 телеарнасы