389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы астанадағы «жасыл белдеудің» даму барысымен танысты

  • 282
  • UPD: 23:07, 18.09.2019

Бұдан 20 жыл бұрын елорданың іргесіне егілген тал-шыбық қазір зәулім ағашқа айналды. Сарыарқаның сайын даласында жалпы аумағы 87 мың гектар орман пайда болды.

Ол аз десеңіз, жыл сайын көлемі ұлғайып, жас шыбықтармен толығып жатыр. Қайың-қарағайы жайқалып тұрған орманда шырша, емен, үйеңкі сынды ағаштардың түрі-түрі бар. Арасында қарақат, шие тәрізді жеміс-жидектер де кездеседі. Жалпы "Жасыл белдеу" Елбасының жеке бақылауында. Жоба үздіксіз дамып отыруы қажет. Сонда ғана Есіл бойы ен тоғайға айналады. 

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

- 1997 жылы өзіңіз берген тапсырма бойынша «Жасыл белдеу» құру жұмысын жалғастырып жатырмыз. Қазір аумағы 87 мың гектарға жетті. Соның 4,6 мыңына биыл тал-шыбықтар отырғызылды. 2022 жылға дейін жасыл-желек аумағын 100 мың гектарға жеткіземіз. 

Енді ғана еңсе тіктеп келе жатқан тал-терекке ерекше күтім қажет. Жауын-шашын аз болған жағдайда қолдан суарылады.

«Алайда агротехникалық жұмыстарға заманауи әдіс-тәсілдер енгізілсе, тиімділік зор болады» дейді мамандар. Сондықтан еліміздің орман шаруашылығын тұтастай цифрландыру көзделіп отыр. Бұл дегеніңіз, ағаштардың өсіп-жетілуін және топырақтың құнарлығын қашықтан бақылауға мүмкіндік береді. 

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

- Цифрлық Қазақстан бойынша орманды цифрландыру басталды. Жаңа технологияларды орман шаруашылығының 85 процентіне енгіздік. Сондай-ақ, автоматтандыру ісі жүріп жатыр. Нәтижесінде топырақтың құнарлығын біліп отыратын боламыз. Болашақта барлық мәлімет ортақ базаға енгізіледі. 

Елбасы ойын қорыта келе, «Жасыл белдеу» жобасын республиканың барлық өңіріне енгізу қажеттігін айтты. Бас қала секілді, өзге аймақтардың айналасы жасыл-желекпен көмкерілсе, экология да жақсара түседі. Статистика бойынша, ұлан-ғайыр жеріміздің тек 5 процентке жуығын ғана орман алқабы алып жатыр. Айта кетейік, елорда үшін ендігі міндет - жасыл белдеуді Бурабай аймағына дейін жеткізу. Демек, бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынын арттыра түсу қажет. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев

Хабар 24 телеарнасы