389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент лауазымындағы 100 күні қалай өтті

  • 391
  • UPD: 22:48, 19.09.2019

Қасым-Жомарт Тоқаевтың елге ант беріп, президент болғанына бүгін 100 күн. Осы аралықта мемлекет басшысы талай бастама көтерді.

Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Әлеуметтің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған игі жұмыстар жүргізді. Осы күнде Қасым-Жомарт Тоқаев қандай ілкімді іс жасады?

Арыстың астан-кестен болған кезі. Жұрт жапатармағай жан-жаққа жан ұшыра қашты. Оқ-дәрі сақталған қойма кенеттен тұтанып, қаланың күл-талқанын шығарды.

Бас сауғалаған бұқараға басу айтар жан табылмады. Шенділердің құрғақ уәдесінен әбден зәрезап болған жұрт Шымкентке қарай жаппай ағылды. Сол түні мемлекет басшысы апат болған аймаққа дереу аттанды. Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіз жерге жеткізілген тұрғындармен кездесіп, елді сабырға шақырды.

Президент келгеннен кейін күпті болған көптің күдігі сейілді. Мұқым жұрт мемлекет басшысына иек артты. Қасым-Жомарт Тоқаев уәдесін орындай білді. Арыс аз ғана уақытта қалпына келтірілді.

Айыптылар жазаға тартылды, ал апат кезінде ерлік танытқан 40 адам президенттің қолынан марапат алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Арыс оқиғасы біздің халқымыздың қиын қыстау кезеңіндегі бекем бірлігі мен ынтымағын көрсетті. Біз бұл күні ұлт болып ұйыса білдік. Бұл іске өз үлесін қосқан азаматтардың бәріне тағы да алғыс айтамын. Мен өзімнің жарлығыммен осы оқиға кезінде ерлік пен жанқиярлық көрсеткен және міндетін адал атқарған бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттадым.

Мемлекет басшысы әр кезде де елмен бірге. Қасым-Жомарт Тоқаев жұрттың жүдеу-жадау тұрмысын ескерді. Сөйтіп, Үкіметке «банк алдында берешегі бар азаматтардың қарызы кешірілсін» деген тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Әлеуметтің әлжуаз топтары түрлі себептерге байланысты банктерден алған несиесін өтей алмай жүр. Мемлекет басшысы ретінде мұндай жайтқа бей-жай қарай алмаймын. Сондықтан Үкіметке бұқараның борыш жүктемесін азайту туралы тапсырма беремін.

Президент пәрменімен тұрмысын тіктей алмай жүргендердің өсімпұлы мен айыппұлы жойылды және негізгі қарызын өтеуге 300 мың теңгеден берілді. Сөйтіп, 500 мың адамның берешегі кешірді. Егемендік алғалы елге мұндай жеңілдік жасалмаған еді. Президенттің бұл шешіміне бұқара дән риза.

Рана Тәжметова, көп балалы ана:

Ол бізге бір көмек. Жартысы болмаса да. Менде бір несие бар. Күйеуімде де бар. Екеуміздікін де жауып берді. Көп аналар қуанып жүр. Президентімізге рахмет деп жүр.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысына республикалық басылымдарды күнделікті жеткізеді. Өйткені президент ел ішінде болып жатқан жайттарды көбіне баспасөз беттерінен біліп отырады. Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық сайттарды да парақтауға уақыт табады екен.

Берік Уәли, ҚР президентінің баспасөз хатшысы:

- Мемлекет басшысына біз мерзімді басылымдарды күнделікті кіргізіп отырамыз. Қазақ тіліндегі, орыс тіліндегі, ағылшын және қытай тіліндегі басылымдарды оқиды. Апталық шолуларды да кіргізіп отырамыз. Соның барлығын шолып шығуға, қарауға уақыт бөледі.

Мемлекет басшысы әлеуметтік желіні де тұрақты пайдаланады. Әсіресе, Twitter-ді жиі қолданады. Сол арқылы жауаптыларға арнайы тапсырма беріп жатады. Заман талабы осы. Өткір әрі өзекті мәселені көзі шалса, WhatsApp арқылы да жауаптыларға міндет жүктейді екен.

Берік Уәли, ҚР президентінің баспасөз хатшысы:

Президент әлеуметтік желіде өзі отырады. Твитті өзі жазады. Жариялайды және қадағалайды. Оның жазғандарына түсіну жұмыстарын жүргізуді арнайы қадағалап отыр. Бұл да осы президент өзінің берген тапсырмаларының орындалуын өзі тікелей қадағалап отыратындығының айқын көрінісі болса керек.

Мемлекет басшысы өткен 100 күнде өзінің Twitter парақшасында 400-ден астам твит жариялады. Оның басым бөлігі халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолға алғалы 160 Жарлыққа, 48 Өкімге және 3 заңға қол қойған. Осы аралықта мемлекет басшысының виртуалды қабылдау бөлмесіне 3500-ден астам тұрғыннан өтініш келіп түскен. Ал, президент әкімшілігіне 12 мың азамат жүгінген екен.

«Мен елге берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын». Халыққа жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін осылай түйіндеген еді. Бұл тұтас елге естіркен үндеуі. Мемлекет басшысы «мұғалімдердің айлығы алдағы 4 жылда 2екі есеге өседі» деді. Мәдениет саласының қызметкерлеріне жоғары жалақы төленетінін айтты.

Президент тапсырмасымен бұқараға бас бұрмайтын мемлекеттік қызметкердің саны алдағы уақытта 25%-ке азаяды. Бүлдіршіндерге зорлық-зомбылық көрсеткендер қатаң жауапкершілікке тартылады. Тап осы педофилдерге қолданылатын жазаның күшейтілуі көпшілік тарапынан қолдау тапты.

Думан Базарбеков, заңгер:

Педофилдерге жазаны күшейту – заман талабы. Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бастамасы орынды деп есептейміз. Бүлдіршіндерді қорлағандар енді өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Кемі 20 жылға сотталады. Меніңше, тиісті заңға енген өзгерістер қабылданатын болса, онда қоғамда мұндай қылмыстар сирейді.

Президент бұқарамен ашық диалог орнату туралы жиі айтады. Сөз қалпында қалып жатқан жоқ. Іспен дәлелдей білді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де сол үшін құрылса керек. Қоғам белсенділерінен құралған бұл топ ел ішінде қордаланған жайттарды дереу шешуге білек сыбана кірісіп кетті.

Бірнеше тілді қатар меңгерген маманға Елбасының өзі қолдау көрсетті. Көп ізденетін, көп оқитын, ішкі және сыртқы ахуалды үнемі саралап отыратын президентті өзге мемлекеттің сақа саясаткерлері де құрмет тұтады. Қасым-Жомарт Тоқаев шеттен келген меймандармен емін-еркін ой алысады. Көпті тілді жетік білгеннен болса керек.

Берік Уәли, ҚР президентінің баспасөз хатшысы:

- Бір күнде президент 5 тілде сөйлегеніне өзім куә болдым. Мысалы Қытайдан келген делегациямен басында қазақша сөйлесті. Кейін ресми келіссөз біткеннен кейін делегациямен қытайша сөйлесті. Одан кейін Кристин Лагардпен французша сөйлесті. Герман Грефпен орыс тілінде сөйлесті. Одан кейін,осы форум аясында дөңгелек үстел өткізіп, ағылшындық меймандармен ағылшын тілінде сөйлесті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 100 күнде атқараған ілкімді істері осындай. Мемлекет басшысы осы аралықта іргедегі елдерге барып үлгерді, барлық өңірді аралап, аймақтардың тыныс-тіршілігімен танысты. Президент сабақтастықты үзбей, бұқараны жарқын болашаққа жетелеп жатыр. Бағыт айқын, бағдар да белгілі. Бастысы – ұлт ұйысса, алынбайтын қамал жоқ. Елі сүйген президент халықпен ұдайы бірге.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Өмірбек Ізімов

Қ.Тоқаевтың мемлекет басшысы лауазымына кіріскеніне 100 күн

Президенттің 100 күндік қызметіне қатысты шетелдік сарапшылар не дейді

100 күнде жүзеге асқан шаруалар

 

Хабар 24 телеарнасы