389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президенттің 100 күнде атқарған жұмысы сараланды

  • 320
  • UPD: 20:37, 19.09.2019
Президенттің 100 күнде атқарған жұмысы сараланды

Мемлекет басшысының 100 күнде атқарған істерін сыншыл көз сарапшылар да талқылады.

Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы халыққа берген уәделері мен жолдауда жүктеген тапсырмаларының орындалуы қалай? Сарапшылар осыған зер салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 100 күнде не атқарды? Нәтиже қандай? Бүгін сарапшылар қаузаған мәселе осы болды. Сөйтіп, әр саланың білгірлері ел тарихындағы екінші президенттің қызметіне өз бағасын берді.

«Ең алдымен мемлекет басшысы нақты әрі тиімді жұмыс істеуге деген ниетін көрсетті. Жоғары лауазымды қызметке бой үйретіп, басқарушылық қабілет қалыптастырудың қажеті болмады. Нәтижесінде елдегі саяси жүйеде соңғы 3 айдан бері кешенді трансформация жүріп жатыр. Билік тізгіні кезең-кезеңімен жаңа толқын - жастарға өте бастады», - дейді сарапшылар.

Президенттің сайлаудан кейінгі 100 күні саяси маңызға ие қос бірдей құжатпен ерекшеленді. Оның бірі - сайлауалды бағдарламасы. Екіншісі - халыққа арнаған жолдауы. Бұл құжаттарда халықтың талабы толық ескерілген. Әсіресе, көп балалы отбасылардың жағдайын жақсартуға басымдық берілді. Жерді тиімді игеру үшін жауапты мемлекеттік орган басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелді. Бұл да қордаланған мәселе еді.

Марат Шибұтов, саясаттанушы:

Президент қолға алған жұмыстардың нәтижесі жаңа жылда барынша көрінеді. Президент халықпен байланысқа қазір ерекше көңіл бөліп жатыр. Ол үшін заманауи коммуникация құралдарын пайдалануда. Бүгінгі дәуірдің талабы да сол. Қасым-Жомарт Тоқаев кадрлық мәселеге де барынша ден қойды. Талаптарына сәйкес келетін азаматтарды жауапты қызметтерге қойып жатыр. Іріктеу жүруде. Себебі жаңа реформалар жүзеге асу үстінде. Мемлекет басшысы мұндай қарқынмен тиімді атқарушы билік құра аларына сенімдімін.

Несиені кешіру жөніндегі бастама 507 мыңнан астам қазақстандықтың бойынан бір жүкті түсіріп, тұрмысын жеңілдетті. Мемлекет олардың берешегін өтеуге 105,7 миллиард теңге бөлді. Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа мұндай бір реттік жеңілдік жасау аз боларын білді, сондықтан жалақы мәселесін түбегейлі шешуге кірісті. Мәселен, мұғалімдердің табысын екі есеге арттыру жөніндегі тапсырма берді. Мұнай саласында еңбек ететіндердің жалақысы шетелдіктердің кем болмай, басшылық лауазымға жергілікті халықты көбірек тарту керектігін қадап айтты.

Күрмеулі мәселелер көшеде шешілмейді. Билік пен бұқара бас қосып, бір-бірінің сөзіне құлақ түргенде ғана тиімді диалог қалыптасады. Президенттің ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрудағы негізгі мақсаты осы. Алғашқы отырысы көпшілік күткендей, ашық әрі шынайы пікір алаңына айналды. Көкейде жүрген көп мәселе бүкпесіз айтылды.

Эдуард Соловьёв, Ресей ғылым академиясы әлемдік экономика және халықаралық қатынастар орталығының жетекшісі:

- 100 күн туралы айтатын болсақ, бұл макроэкономикалық және макросаяси өзгерістер үшін өте аз уақыт. Дегенмен, белгілі бір дәрежеде трендтер айқындалды. Экономикалық саясат, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігіне қатысты жекелеген бағыттарды атап өтуге болады. Президент Тоқаевтың жолдауындағы алғашқы бөлімінде саясатқа басымдық берілуі бекер емес. Яғни, саяси трендтер трансформацияға ұшырайтын сыңайлы. Азаматтық қоғамның мемлекеттегі проблемаларды шешуге араласуы Тоқаев мырзаның үлкен саясаткер ретіндегі дәрежесін нықтай түсті. Ол қазақстандықтардың мүдделері мен қажеттіліктерін дөп басып қана қоймай, әлемдегі саяси коммуникациялық дағдарысты жақсы түсінеді. Сондықтан реформалар арқылы Қазақстандағы саяси процестерді реттеуге тырысып жатыр.

Сарапшылардың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік салаға соны серпін әкелді. Оқыс жағдайларда оқиға орнынан табылады. Күрмеулі мәселелерді шешудің тың жолдарын да ұсынып келеді.

Андрей Чеботарев, саясаттанушы:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудан кейінгі алғашқы 100 күні позициясын бекітуге арналды. Себебі ол мемлекеттік қызметтің баспалдағынан, ірі мектептен өтсе де, халықаралық аренаға танылса да, елдің тізгінін ұстап, тұтас бір мемлекетті басқару аса жауапкершілікті талап етеді. Барлығы сауатты түрде іске асып жатыр. Оған қоғам куә. Қасым-Жомарт Тоқаев ең бастысы коммуникабельді тұлға екендігін танытты. Ол Twitter-де өте белсенді. Тағы бір айта кететін жағдай - Арыс оқиғасы. Қоғам арасында қызу талқыланған осы бір жәйттен кейін президент бірден Арысқа аттанды. Барлығын өз көзімен көріп қайтты. Қаланы қалпына келтіруді тапсырды.

Президенттің білім жүйесіне қатысты бастамалары да лайықты бағаланды. Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінде ғана емес, сыртқы саясатта да зор құрметке ие. Негізгі серіктес - Ресей, Қытай, АҚШ, Орталық Азия және Еуроодақ елдерімен сенімді диалогты жалғастырып, инвестициялық әріптестікті одан әрі нығайтуға кірісті.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы