389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тоқаев: ЕАЭО елдері жалпы ішкі нарықтағы кедергілерді жоюы қажет

  • 185
  • UPD: 22:40, 01.10.2019

Осыдан шамамен бір сағат бұрын Армения астанасы Ереванда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары толық құрамда жиналды. Иран президенті Хасан Рухани мен Сингапур Республикасы премьер-министрінің арнайы келіп қатысуы саммиттің салмағын одан әрі арттыра түсті.

Сарапшылар «тарихи» деп бағалаған дәл осы кеңестің отырысында Одақ үшін маңызды бірқатар құжатқа қол қойылды.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Соңғы төрт айдағы екінші кездесу. Биыл бес жылдығын атап өткен бестік бірлестіктің басшылары 29 мамырда Қазақстанның астанасында кездескен болатын. Бір-бірін сағынып та үлгермеген саясаткерлер Арменияның бас резиденциясында бүгін тағы да бас қосты. Дегенмен, дәл бүгінгі саммиттің бестік одақ үшін мазмұны да, маңызы да ерек.

Еревандағы саммитке қатысу үшін президенттердің дені Армения астанасына дүйсенбі күні кешқұрым келсе де, ешкім кеңес отырысын бүгін ерте бастауға асыққан жоқ. Саммит біздің уақыт бойынша түс ауа, 15:00-ден кете басталды. Бір жылға жуық экономикалық одақтың төрағалығын атқарған Армения және оның премьер-министрі Никол Пашинян қонақтарды қарсы алды.

Әуелі шағын құрамдағы кездесу. Әдетте жабық есік форматында өтетін бұл дәстүр биыл да бұзылған жоқ. Саммит иесінің алғысөзінен соң журналистер үшін есік жабылды.

Никол Пашинян, Армения Республикасының премьер-министрі:

- Біз Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде барынша жемісті жұмыс істеуді әу бастан көздедік. Бүгінгі отырысқа Иран мен Сингапур мемлекеттерінің қатысуы және олармен еркін сауда аймағы туралы келісімдерге келу біздің интеграциялық бірлестігіміздің серіктесік географиясын одан әрі кеңейте түседі.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Сарапшылар Ереван саммитіне «тарихи» деп баға беріп те үлгерді. Себебі, екі жылға және жеті раундқа жалғасқан келіссөздердің соңғы нүктесі бүгін Ереванда қойылды. Еуразиялық экономикалық одақ пен Сингапур Республикасы еркін сауда аймағы туралы келісімге келді.

Сондықтан жиынның басты қонағы – Сингапур премьер-министрі. Ол Армения астанасына үш күн бұрын алғашқы ресми сапармен келген болатын. Жалпы Еуразиялық экономикалық одақ серіктестік үшін Шығысты бетке алды. Мұның астарында тек саясат жатқан жоқ, шынымен де Шығыс – экономикасы мен технологиясы қатар дамып келе жатқан аймақ. Жалпы Қазақстан мен Сингапур арасындағы тауарайналым жылына 500 млн доллардан аспайды. Дегенмен, мәселе тек көрсеткіштерде ғана емес. Сингапур бұл – АСЕАН-ға ашылған есік.

Жанел Күшікова ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

- Бұл келісімнің форматы ауқымды барлық тауар түрлерін қамтиды. Яғни, ешқандай тарифтік шектеулер, қандай да бір кедергілік нормалар қолданылмайды. Сингапурлік тауарлар секілді біздің отандық өнімдер де олардың нарықтарында еркін сатылымға түседі деген сөз. Бұл, әрине, біздің кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Келіссөздер әлі де жүріп жатыр. Тауардан бөлек, қызмет түрлері мен инвестиция еркіндігі туралы келісім бекітілетін болады. Бізге бұл ел өте қызықты. Себебі, Сингапур әлемдегі мықты он экономиканың ішіне енеді.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің осы отырысына келген Хасан Рухани да бірлестік үшін бөтен адам емес. Еркін сауда аймағын құру туралы уақытша келісім Иранмен де талқыланды. Нәтижесі бар. Уақытша келісім 27 қазан күні күшіне енеді. Үш жылдық мерзімге. Мұндай келісімге Қазақстан мен Иран былтыр келген.

Никол Пашинян, Армения Республикасының премьер-министрі:

- Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер еркін сауда аймағын құру туралы Сербиямен келіссөздерді аяқтап жатыр. Жақын арада ол да күшіне енеді. Біз дәл осындай келіссөздердің Египет, Израиль, Үндістан секілді мемлекетермен де тез ара тиімді аяқтауға мүдделіміз.

Бірақ тараптар түсінісе алмай отырған мәселелер де жоқ емес. Ол мәселелерді президенттер біледі. Және әркім мүмкіндігінше шешуге тырысады. Мысалы, келер жылы Еуразиялық экономикалық одақтың төрағалық қызметін атқаратын Беларусь бірлестіктің бұғанасын бекемдей түсуге уәде етті.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының президенті:

- Еуразиялық комиссияның алдына тауарды таңбалау тапсырмасын қойдық. Бірақ оның да экономикалық одақ аясында кедергілері аз емес. Беларусь экономикалық одақтың төрағалық тізгінін 2020 жылы қолына алады. Еуразиялық экономикалық одақ әлі жас. Оның буынын қатайту үшін әлі көп жұмыс істеу қажет.

Ал, Қазақстан президенті алты тарамнан тұратын ұсынысын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойынша, сәт сайын құбылған жаһан экономикасында қауіп көп, төтеп беру үшін ішкі кедергілерді азайту қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Еуразиялық экономикалық одақ тиімді серіктестік үшін үнемі ашық. Дегенмен, нарықтың тез өгеруі, экономика өсімінің төмендеуі бізге де әсер етіп жатыр. Оны тауар айналымынан байқауға болады. 2019 жылдың бірінші жартысында Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы көрсеткіш 2%-ке төмендеген, сыртқы елдермен 5%-ке азайды. Келісіңіздер, жақсы көрсеткіштер емес. Сондықтан бізге ішкі едергілерді азайту үшін көп жұмыс істеу қажет болады.

Аумағы бойынша әлемде бірінші, ал халық саны бойынша сегізінші орында тұрған алып бірлестік бүгін келешегін айқындады. Негізі, Еуразиялық экономикалық одақ бірінші күнен-ақ 4 экономикалық еркіндік қағидатына сүйенеді. Олар – тауарлар, қызмет түрлері, капитал мен жұмыс күші қозғалысы. Интеграция идеясының авторы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, халықтың игілігі үшін жұмыс істеуден танбаса керек.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев, Дулат Ентебеков

Хабар 24 телеарнасы