389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев Сочиге сапары аясында бірқатар екіжақты кездесу өткізуі мүмкін

  • 208
  • UPD: 11:49, 03.10.2019
Қ.Тоқаев Сочиге сапары аясында бірқатар екіжақты кездесу өткізуі мүмкін tengrinews.kz

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Сочи қаласына барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент әріптесі Владимир Путиннің шақыруымен «Валдай» халықаралық пікірталас клубының отырысына қатысады.

Биыл 16-мәрте ұйымдастырылған жиынның пленарлық отырысы елорда уақыты бойынша кешкі сағат 19:00-де басталады. Отырыс алаңында президент бірқатар екіжақты кездесу өткізуі мүмкін.

Рауан мыңбаев, тілші:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде Ресейге екінші мәрте келеді. Алғашқысы жыл басында жасалған ресми сапар. Ал бұл жолғы себеп өзгеше. Курортты қала Сочиде Ресей, Әзірбайжан, Иордания, Филиппин сынды елдердің басшыларымен пікір алысып, ой бөлісу. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары Ресей сынды алпауытпен әріптестікті одан әрі арттыруға деген ниетті аңғартса керек. Себебі, шара аясында Владимир Путинмен екіжақты кездесу өтеді деп піжоспарланып отыр. Екі ел басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен өзара ынтымақтастықты арттыру жайын талқылайды. Жалпы Қазақстан мен Ресей стратегиялық серіктес әрі одақтас мемлекеттер. Көптеген халықаралық ұйымдар аясында бірлесіп жұмыс істейді. Өзара тауар айналымы былтыр 7,2%-ке өскен. Сөйтіп, жалпы көрсеткіш 17,6 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстанның Ресейге экспорты 11, ал импорты 5,6%-ке ұлғайды.

Андрей Филатов, сарапшы (Ресей):

Қазақстан өзінің әлемдік деңгейдегі бірқатар компанияларымен мақтана алады. Олар технологиялық тұрғыда дамыған. Арадағы әріптестігімізді одан әрі нығайтуға мүмкіндік мол. Әлемде геосаяси жағдай құбылып тұрғанына қарамастан, технология саласында бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік көп.

«Валдай» пікірталас клубы – негізінен саясаткерлер, сарапшылар бас қосып, ой бөлісетін алаң. 2004 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ресей президенті тұрақты түрде қатысады. Бұған дейін бұл алаңда тек Ресейдің ішкі мәселелері қозғалса, енді әлемдік саяси құрылымдағы Шығыстың рөлі ой талқысына салынады. Биылғы форумның тақырыбы «Шығыс шапағаты: әлемдік саясат құрылымы» деп аталуы сондықтан. Қасым-Жомарт Тоқаев елорда уақыты бойынша кешкі сағат 20:00 шамасында сөз сөйлейді. Жалпы отырыс барысында журналистер мен сарапшылардың сұрағына да жауап береді.

Андрей Фурсенко, Ресей Федерациясы президентінің көмекшісі:

- Ресейдің Шығыс және Африка елдерімен байланысты ұмыт қалдырғаны рас. Басқа мемлекеттерге көп көңіл бөлініп кеткен секілді. Сондықтан арада тепе-теңдік болуы қажет. Себебі, әр елдің өзіндік тәжірибесі, көзқарасы бар. Алдағы уақытта Шығыспен байланысты жандандыруға мүдделіміз.

Осылайша, курорттық қала Сочи бір күнге болса да халықаралық саясат алаңына айналды. 5 ел басшысының басқосуы көптеген жайттан хабар береді. Елді елең еткізер жаңалық та көп болуы мүмкін.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров, Бақытбек Нұртаев, ПТРК көмегімен

Хабар 24 телеарнасы