389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы «Валдай» халықаралық пікірталас клубының отырысына қатысып жатыр

  • 223
  • UPD: 20:27, 03.10.2019

Дәл осы сәттерде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Валдай» халықаралық пікірталас клубының отырысына қатысып жатыр.

Жиын Ресейдің Сочи қаласында ұйымдастырылды. Басқосуда Қазақстан, Ресей, Иордания, Әзербайжан және Филиппин президенттері сөз сөйлейді. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі ең ықпалды сарапшылардың сұрақтарына жауап беріп, пікір де алысады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей жеріне биыл екінші рет келді. Алғашқысы сәуір айында жасалған ресми сапар. Ал бүгінгі себеп басқа. Ресей, Әзербайжан, Иордания, Филиппин басшыларымен пікір алысып, ой бөлісу. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары әлемдік қауымдастықпен байланысты нығайтуға деген ниетті аңғартса керек. Себебі, «Валдай» халықаралық пікірталас клубы 2004 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Оған жер жаһанға белгілі тұлғалар қатысып, қалыптасқан геосаяси ахуалды талқылайды. Сол арқылы тұтас бір аймақтың экономикалық жағдайына тікелей әсер етуі мүмкін.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Шығыс шапағаты: әлемдік саясат құрылымы. Биылғы форумның тақырыбы осындай. Ал ауқымды жиын өтетін алаң Кавказ тауларының шыңы. Сочи олимпиадасы кезінде тау шаңғы спорты мен өзге де қажеттіліктер үшін қолданылған инфрақұрылым бүгінде «Валдай» пікірталас клубы өтетін орынға айналды. Дәл осы нүкте курорттық қаладан 1400, ал әлемдік теңіз деңгейінен 350 метр биіктікте орналасқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жер  шара қонақтарының кең тыныс алып, алаңсыз демалуы үшін арнайы таңдалған. 

«Валдай» пікірталас клубының биылғы ауқымы кең. 5 мемлекеттің басшысы мен 30-дан аса елден жиылған 140 сарапшы әлемдік саясаттағы Шығыс өркениетінің рөлін талқылайды. Бұған дейін тек Ресейдің ішкі мәселелері қаралып келген жиын осылайша құрлықтық маңызға ие болды. Шараны ұйымдастырушы тарап Ресей Еуропа мен Азия аумағын алып жатса, Әзербайжан қос құрлықтың түйіскен тұсында орналасқан. Қазақстан бұл арада Шығыс пен Батысты жалғайтын көпір. Әрі Орталық Азияның алыбы. Иорданияны Таяу Шығыстағы орнықты мемлекет десек, Филиппин Оңтүстік-Шығыс Азияның ірі экономикасы. Тынық мұхитындағы шағын аралдардан құралған демесеңіз, халқының саны жағынан алпауыт.

Андрей Фурсенко, Ресей Федерациясы президентінің көмекшісі:

- Ресей Шығыс және Африка елдерімен байланысты ұмыт қалдырды деген ойды құптаймын. Басқа мемлекеттерге көп көңіл бөліп жібердік. Бірақ арада тепе-теңдік болуы қажет. Себебі әр елдің өзіндік тәжірибесі, көзқарасы бар. Соларды қолдана білуіміз керек. Шығыспен байланысты жандандыруға бейілміз.

Клуб отырыстарының басталғанына бірнеше күн болды. Пленарлық жиынға дейін де өзекті мәселелер қаралып, тұшымды ойлар айтылды. Мәселен, Ресей тарапы Шығыс елдеріне деген көзқарасын өзгертіп, арадағы байланысты жаңаша леппен дамытуға ниет білдірді. Себебі, сарапшылар аймақта Қытай ғана емес, өзге де алпауыт экономикалардың барын алға тартып отыр.

Ли Чже Ён, Корея Халықаралық экономикалық саясат институтының президенті:

- АҚШ пен Қытай немесе АҚШ мен Ресей арасындағы текетіреске көп көңіл бөлмеуіміз керек. Өңірде өзге де қуатты мемлекеттер бар. Мысалы, Тынық мұхиты елдерін алайық, алпауыт экономикаға иелік етеді. Сондықтан құрлықтық байланыс көпжақты деңгейде жүзеге асырылуы тиіс деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстанның құрлықтық деңгейдегі рөлін нығайтуды жоспарлап отыр. «Еліміздің Таяу шығыстағы шиеленісті реттеу қадамын, көпвекторлы саясатын, жалпы бейбітшілік бастамаларын таныстыра отырып, сарапшылар назарын аймаққа бұру – негізгі міндет» дейді Президент кеңесшісі Ерлан Қарин.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қасым-Жомарт Тоқаев елорда уақыты бойынша кешкі сағат 8 шамасында сөз сөйлейді. Жалпы отырыс барысында сарапшылар мен журналистердің сұрақтарына да жауап береді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы