389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев: Азиядағы қауіпсіздікті бөлшектеуге қатысты тиімді формулалар іздеу қажет

  • 206
  • UPD: 23:15, 04.10.2019

«Азия халқы тіл табыспаса, тұтас құрлық құрдымға кетеді».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық сын-қатерлерге төтеп берудің және сұрапыл соғысты болдырмаудың жолдарын атады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тың ұсыныс кеше Сочиде өткен «Валдай» халықаралық пікірталас клубының кезекті отырысында айтылды. Қазақстан Президенті Азияда тұрақтылық орнату үшін қандай қадамдарға бару керектігін айтты.

Сары құрлық сын тезінде сыналып жатыр. Қауіп-қатер басым. Корей түбегі қақ жарылды. Ауғанстан, Йемен, Сирия сынды елдерде әлі де шиеленіс. Израиль мен Палестина тіресіп әлек. Осы қақтығыстар көрші мемлекеттерге де салқынын тигізді. Сенім болмаған соң серіктес болып жатқандары некен-саяқ. Мұның соңы – санкцияларға, қырғи-қабақ соғыстарға ұласуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Аймақтағы негізгі елдердің арасындағы бір-біріне деген сенім тапшылығы, «қырғи-қабақ соғыс» элементтерінің қайта бас көтеруі, қақтығыстар, санкциялар мен сенімсіздіктерге жетелейді. Сондықтан Азиядағы қауіпсіздікті бөлшектеуге қатысты тиімді формулалар іздеу қажет. Бүгінде әртүрлі екіжақты альянстар, аймақтық және субаймақтық институттар саясатты өздеріне қарай икемдеп жатыр. Мұның соңы түрлі тірестерге ұласуы мүмкін.

Келісімге келгенде кежегені кейін тартатындары көп. Осыдан-ақ аймақтағы ахуалдың ушығып жатқанын аңғаруға болады. Кикілжің көбейген соң Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес құрылып еді. Қазақстан келер жылы соған төрағалық етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қауіпсіздік проблемаларын шешуде ұжымдық көзқарастарды сарапқа салатын алаң екенін дәлелдеген Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес зор рөл атқаруы мүмкін. Осы форумды толыққанды ұйымға айналдыру мәселесін талқылайтын уақыт келді.

Қазір қарусыз майдан жүріп жатқан кез. Әр мемлекет өз мүддесін ойлайды. Санкция салып-ақ экономиканы құлдыратып жатыр. Әлеует төмендесе, әл-дәрмен де құриды. Осындайда беделді халықаралық ұйымдармен бірлесіп қам қылу қажет. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен ынтымақтастық орнату арқылы бірінші кезекте адами капиталды дамытуға мол мүмкіндік туады. Сарапшылардың пайымы осы.

Ерлан Саиров, саясаттанушы:

Адам капиталы дамуы жағынан біз Еуропаның стантарттарына жүгінуіміз керек. Еуропаның стандарттары әртүрлі ұйымдар арқылы Қазақстанға келеді. Сондықтан бүгінгі таңда Еуропамен жұмыс істеу бізге өте маңызды.

Халықаралық ұйымдар Сириядағы сойқанды тоқтату үшін біраз күш салған. Бұл істен Қазақстан да қағажу қалмады. Елордада Астана процесінің 13 раунды өтті. Тараптарды татуластыруға бағытталған жиындардың септігі тиді. Біздің ел Ауғанстанға да көмек көрсетіп жатыр. Әлемді ядролық қарудан азат етуге атсалысуда. Айталық, Кеңес Одағы күйрегенде Қазақстанда қауіпті қару қалып қойды. Сол кезде еңсесін әлі тіктеп үлгермеген біздің ел әлемдегі төртінші ядролық арсеналға иелік етті. Қаруды қуат көрсек, өзге мемлекеттерге сес көрсетуімізге болар еді. Бірақ азуды ақситқаннан гөрі ауызбірлікті бекемдеуге бекіндік. Сөйтіп, ядролық қарудан түбегейлі бас тарттық.

Дарханбек Жандилдин, Еуразиялық интеграция институты директорының орынбасары:

Осы қарудан құтылғаннан кейін Қазақстанға үлкен инвестициялар келді. Бейбітшілік бағдарламалар өткізіліп жатыр. Сондықтан да осы шешім қанша уақыт өтсе де, оның ең дұрыс, ең оңды шешім болып табылғанын тарих дәлелдеді.

Қазір әлемде 15 мың ядролық қару бар. Осындай дерек тарады. Оған әлемнің 9 алпауыт мемлекеті иелік етеді. Солар тірессе, қауіпті қаруды іске қосатыны анық. Ол кезде жер бетіндегі тіршілік атаулы тып-типыл болады. Ядроның қандай алапат күш екенін Қазақстан жақсы біледі. Сондықтан жаһан жұртын осы аждаһадан арылуға шақырып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы