389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент Ақтаудағы Әбіш Кекілбаев атындағы музейдің ашылуына қатысты

  • 153
  • UPD: 22:36, 10.10.2019

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында аты алты алашқа мәлім Әбіш Кекілбаевтың музейі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәл осы мәдени нысанның алдына жазушының ескерткіші орнатылды. Қазақ тарихында өшпес із қалдырған мемлекет және қоғам қайраткерінің құрметіне арналған бұл шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып қатысты.

Лаура Қуанышқызы, тілші:

- Бұл – Каспий жағалауындағы 20-дан астам демалыс базасымен мен мұндалап тұратын Ақтау. Бүгінде шаһардың тыныс-тіршілігінің қызғаны 184 мыңнан асқан халқының санынан-ақ белгілі. Халықаралық құрғақ жүктерді, мұнай мен өзге шикізаттарды тасымалдайтын еліміздегі жалғыз порт Ақтаудың сәулеті бүгін тағы бір еңселі насынмен толықты.

Қалижан Міркәрімов, музейдің бас инженері:

- Мұражайдың аумағы 49 500 шаршы метр. Оның ерекшелігі – ортасында Әбіш Кекілбаевтың қазақ үйі тұрады. Сол қазақ үй қайталана береді шаңырақ болып, ортасы дөңгелек.Қалған жақтары да жартылай дөңгелек және бір жағы тік бұрышты. Кірген адамдар айналып өтіп, көріп жүре береді. Айналып жүреді.

Лаура Қуанышқызы, тілші:

- Қалижан Міркәрімов айтпақшы, бұл - күллі маңғыстаулықтардың көкірегіне мақтаныш сезімін ұялатқан әдебиет майталманы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы қарсаңында жасалып жатқан ауқымды шара. Біртуар тұлғаның бағындырған шыңы, еліміздің саяси өміріндегі атқарған рөлі, нағыз талантқа тән қайталанбас тағдыры мен жазушылық рухы бұдан былай туған топырағындағы мұражайдан үн қатып тұрады.

Лаура Қуанышқызы, тілші:

- Мына мұражай 11 шақырым аумақты алып жатқан Әбіш Кекілбаев мәдени кешенінің бір ғана бөлігі. Құрылыс жоспарына сай келесі жылы оның құрамына кіретін ірі кітапхана мен театр да іске қосылуы тиіс. Егер кешен құрамындағы нысандар өз жұмысын уақытында бастаса, 70-ке жуық адам толыққанды жұмыс орнымен қамтылады деген сөз. Яғни, экономика ғана ілгерілеп қоймай, өңірдегі мәдени сала да қарыштай бермек.

Мұражайдың кіреберісіндегі көзге оттай басылатын жайлауда жайбарақат отырған бала. Бұл жастайынан білімге құмар бала Әбіштің бейнесі. Оның сол жағында шағын лашық тұр. Бұл – жазушының туған жері Оңды ауылындағы кіндік қаны тамған баспанасы. Ауылдастары «Оңдыдағы орта мектепті тарихи тұлғаның есімімен атадық», - дейді.

Мыңберген Қаратауов, Ә.Кекілбаев атындағы Оңды орта мектебінің директоры:

- Балаларымыз жақсы. Әбіш аға, абыз аға, енді түрлі-түрлі сабақтар жүріп жатыр. Жарыстар жүріп жатыр. Соған қатысып, жүлделі орындар алып жүрген жүлдегерлер бар.

Оңдылықтар мектепке қайреткердің есімін берумен шектелмеген. Елін сүйген ердің әр шығармасында дәріптеген қазақы дүниелерді жинап, шағын мұражай ашқан.

Күнімкүл Саржанова, Оңды ауылы Ә.Кекілбаев атындағы музейінің директоры:

- Әбіш Кекілбайұлының шығармаларында кездесетін мынау жүкаяқ, мынау сандықша бұлардың барлығы да біздің ерте кездегі қазақ халқының, яғни ұстаған дүниелері. Одан кейін мынау Әбіш Кекілбайұлының туған жері Оңды елді мекенінің оңтүстік бетінде орналасқан Басқұдығының макеті. Яғни, осы жерде Әбіш Кекілбайұлы дүниеге келген.

Лаура Қуанышқызы, тілші:

- Мұражай қызметкерлерінің сөзінше, мұнда танымал тұлғаның бүтін ғұмырын тоғыстыру оңайға соқпауда. Себебі, осы нысанның ішінде жазушының шығармашылығы, саяси өмірі, достарымен қарым-қатынасы, тіпті балалығы да бар. Мәселен, мына әйнектің ар жағындағы ақпараттан абыз жанның саяси өміріндегі мүлдем басқа бейнесін көруге болады.

Қоғам мен мемлекетке теңдей тер төккен тау тұлғаның туған топырағындағы мәдени ошақтың орны бөлек. Көзге де ыстық көрінеді. «Оқырмандар бұл арадан жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты кез-келген сауалға жауап таба алады», - дейді мамандар.

Ғалия Шынтемірова, музей қызметкері:

- Әбекең өзі өмір бойы әкесінің қаза тапқан жерін іздеуде болды.Сонымен көп жылдан табылмай, өзінің ең алғашқы «Алтын ұшақ»деген өлеңдер жинағында да әкесіне арналған өлеңдері. Өзіміз кітапта көрсеттік. Осы экспозицияда. Енді биыл 2019 жылы Смолинск облысында Қоқымов Кекілбайдың жатқан жері табылды.  Оның фамилиясы тек теріс жазылған екен. Коконов деп жазылып кетіпті Қоқымовтың орнына.

Көркем сөздің шын шебері, парасаты биік, текті тұлғаның құрметіне бой көтерген мұражайды өзі келіп ашқан Президент те қайраткердің қоғамға сіңірген ерен еңбегін айрықша атап өтті. Мемлекет басшысы Әбіш Кекілбаевтың тау тұлғасының артықшылықтарын атай келе, жастар арасында патриотизмді күшейту қажет екенін тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан патриотизмін үш тұғырға негізделуі керек деп санаймын. Ең алдымен патриотизм төл тарихымыз бен шыққан тегіміз терең ұғынудан басталады. Халқымыздың басынан өткен қилы заманды және ел еңсесін көтерген жетістіктердіжас ұрпақтың білгені өте маңызды.

Ал, патриотизмді дамыту үшін көптеген тарихи деректердің жастар арасында насихатталуы қажеттігін нұсқады. «Мәселен, 750 жыл бұрын Алтын Орданың қазақ жерінде құрылғаны бұған айқын мысал бола алады», - деді ол. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ғұмырында сапалы еңбектер қалдырған жазушы, қайраткермен етене араласып, сыйласқанын да айтты. Әрі мемлекеттік идеологияға дұрыс бағыт-бағдар беріп, халқына сүйеу болған азаматтың қайраткерлік тұстарына да тоқталды Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әбіш Кекілбаев тәуелсіздігімізді қорғауға және нығайтуға атсалысқан аса көрнекті қоғам қайраткері болғанына ешқандай күмән жоқ. Өйткені ол қазақтың ой-санасын жаңғыртқан ұлы кісілердің басы-қасында жүрді. Көрнекті қайраткер егемен еліміздің тарихи шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырды.

Иә, әдебиетсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген жазушы саяси сахнада да таразы басын тең ұстады. «Халықтың қамын ойлаумен қатар шығармашылықты шет қалдырған жоқ. Әрі айналасында дара да дана тұлғалармен толтыратын, жақын достарының бірі Елбасы еді», - дейді оның өмірлік жары.

Клара Жұмабаева, Ә.Кекілбаевтың зайыбы:

- Әбіш түртті «сен шақыр, сен шақыр, айт» деп. Сосын тұрып айттым. Кешіріңіз, Нұреке, біздің үйде үлкен кісі бар ғой. Сондықтан мына кісілердің алдына шығып, айтып отырмын. Бізге барайық дедім. Оны өзім айтқаныммен, сол бір ай бұрын пәтер алдық. Ол пәтердің газы жоқ. Ештеңесі жоқ.

Клара апамыз айтқандай, қиын-қыстау кезеңде достарынан қол үзбеу – Әбіш Кекілбаевтың оң қасиеттерінің бірі. Бұны бүгін ақтаулықтармен жүздескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елбасының сенімді серігі ретінде тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға қосқан үлесі зор. Еліміздегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленді. Заңғар жазушыны Елбасымыз «қазақтың әлем алдындағы бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі» деп бағалаған.

Осылайша, абыз жанның жерлестерімен жүздескен Президент Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен танысты. Ал, осындай тұлғалардың асыл мұрасы мен ізеттілігін жоғалтпау үшін ел рухын көтеретін шараларды атап өту керектігін айтты. Осы себепті, «алдағы уақытта Ұлы Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы жоғары деңгейде тойлануы қажет» деп түйді.

Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Азамат Сәметов, Асхат Азретханов

Хабар 24 телеарнасы