384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда косметолог қызметіне жүгінушілердің сұлулық құрбанына айналуы жиілеген

  • 469
  • UPD: 09:57, 14.10.2019

«Сұлулық құрбандықты талап етеді» деген тәмсілді ұстанған қыз-келіншектер қазір салондардың көмегіне жиі жүгінеді. Алайда артық қыламын деп, тыртық қылып жатқандар да баршылық. Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне жыл басынан бері тұрғындардан косметологиялық қызмет сапасына қатысты 8 арыз түскен. Олардың арасында адам өліміне әкелген жағдай да болды. 

Қайғылы жағдай қаланың ортасында орналасқан клиникалардың бірінде болған. Бет терісін тартқызу операциясын жасатқан егде жастағы әйел үйіне келген соң көз жұмған. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандарының айтуынша, қызмет көрсету орындары заманауи құрылғылармен жабдықталса да, қарапайым қағидаларды ескермей жатады.

Айзат Молдағасымова, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:

- Пластикалық операцияға әдеттегі шара деп қарап, тұтынушыға тиісті тексерулер жүргізілмеген. Оның созылмалы жүрек ауруы болса да, электрокардиограмма жасалмаған. Азаматшаның  денсаулық жағдайы ескерілмеген. Жүргізілген сараптама нәтижесінде осы жағдайлар пациенттің өліміне себеп болғаны анықталды.

Мамандарды алаңдатып отырған тағы бір жайт, тұрғындардың жарнамаға қалтқысыз сенуі. Жарнама арқылы шетелден келген косметолог, пластикалық хурург мамандардың қабылдауына барады. Олардың тиісті құжаттары бар, жоғын ешкім білмейді.

Айзат Молдағасымова, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:

- Алматыда Корея, Қытай, Үндістан елдерінен келген дәрігерлерге қатысты 10 факті анықталды. Олар сәйкестік сертификатынсыз жұмыс істеген.  Мәселен, үндістандық екі азамат 5 сағат наркозбен  баланың  құлағына операция жасаған. 15 мың долларға жасалған емнің нәтижесі болмаған соң анасы бізге хабарласты. Тексеру нәтижелерін тиісті органдарға тапсырдық.

Тұтынушалар ұлттық лигасының президенті Светлана Романовская косметологиялық қызмет көрсету саласын жабайы нарыққа теңейді. Себебі ешқандай бақылау жоқ. Тіпті сапасыз қызмет көрсетілген жағдайда сұлулық салоны еш жауапкершілікке тартылмайды. Бар болғаны қызмет көрсеткен маман ғана заң алдында жауап береді.

Светлана Романовская, тұтынушылар ұлттық лигасының президенті:

- Шағын бизнесті тексеруге жариялаған мараторийге байланысты құзырлы органдар бұл мекемелерді қадағалай алмай отыр. Бұл тұтынушыға деген жауапсыздыққа әкеледі. Оның соңы сапаның төмендеуіне әсер етеді. Түптеп келгенде бизнес бәсекеге қабілетсітсіз болып шығады.

Алматыда косметологиялық қызмет ұсынатын 2 мыңнан аса мекеме бар. Олардың арасында тері тұтастығын өзгертумен айналысатын 160 орталықтың қызметі қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бақылауында. Алайда косметологиялық қызмет түрлерін үйге келіп жасайтын орталықтардың жұмысын қадағалай алмаймыз дейді мамандар.

Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы