388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың аға министрін қабылдады

  • 195
  • UPD: 21:45, 14.10.2019
Мемлекет басшысы Сингапурдың аға министрі – ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үйлестіруші министр Тео Чи Хинді қабылдады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сингапур арасындағы қазіргі жағдайды және саяси, сауда-экономикалық салалар бойынша перспективалық жобаларды, сонымен қатар, цифрландыруға қатысты бірлескен іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Екі ел арасында достық қарым-қатынас орнағанын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында Ереванда өткен ЖЕЭО саммитінде Сингапур Премьер-министрі Ли Сянь Лунмен келелі келіссөз жасағанын жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Сингапур Президенті Халима Якобке өзінің сәлемін жеткізуді өтінді.

Өз кезегінде Тео Чи Хин де Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сингапур президенті мен премьер-министрінің ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен қатар екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі нығайта беруге ниетті екендіктерін атап өтті.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен Сингапур президентін бұрыннан танимын. Екеуміз де өз елдеріміздің парламенттерінде спикер қызметін атқардық. Мен оның мемлекет басшысы болғанына өте қуаныштымын.

Тео Чи Хин, Сингапурдың аға министрі – ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үйлестіруші министр:

– Сізге президентіміздің ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Ол сізді келешекте Сингапурға сапарлауға шақырады. Ереванда Сингапур мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында жасасқан келісім нәтижелі болатынына сенімдіміз.

Хабар 24 телеарнасы