386,68 428,91 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы аймақтардың нақты проблемалары қамтылған құжатты әзірлеуді тапсырды

  • 341
  • UPD: 22:27, 18.10.2019

Біздің мақсат – ұзақмерзімдік көшбасшылықты сақтау. Алдағы Мәжіліс сайлауына партияның бағдарламасын әзірлеуге қазірден кірісу қажет. Елбасы Үкімет пен Мәжілістегі фракция өкілдері бастаған «Нұр Отанның» мүшелерімен кеңес өткізіп, осындай тапсырма жүктеді.

Партия төрағасы фракция депутаттары қоғамды алаңдатқан мәселелерге дер кезінде назар аударып, халыққа барынша жақын болуы керек деді. 

Ұлт жоспары да, «Нұр Отанның» сайлауалды бағдарламасы да – ең әуелі уәде. Сол уәделерді негізге алып, бірқатар құжат әзірленді. Мәселен, «100 нақты қадамның» бір өзі сан саланы қамтиды. Бес бағыт бойынша іргелі істер атқарылды, соның арқасында ілгері бастық. 

Нұрсұлтан Назарбаев, «Нұр Отан» партиясының төрағасы:

- Басқарушы партияның ролі барлық мемлекеттерде өте жоғары екені бәрімізге анық. Соңғы Мәжілістің сайлауында естеріңізде болса, Нұр Отан сайлаушылардың 82 пайызының даусын алды. Бұл бұрын-соңды болмаған сенімге ие болады. Қазіргі таңда қоғам мен элитаны партияның атынан сайланған Президент Қ.Тоқаевтың айналасына топтастыру міндеті тұр. 

2017 жылы саяси жүйе жаңғырды. Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер қайта  бөлінді. Осылайша парламенттік партияның атқарушы билікке ықпалы күшейді. Ұлт жоспары, содан соң 2021 жылға дейінгі партияның сайлауалды бағдарламасы қалай орындалып жатыр? Үкімет фракциямен бірігіп, талдау жүргізді. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Отандық мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау толық аяқталды. Полипропилен шығаратын зауыттың құрылысы басталды. 2016 жылдан бері өнеркәсіп көлемі 15,7 проценке, өңдеу секторы 16,3 процентке өсті. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономиканың қарқыны 4,3 процентті көрсетті. 

Соңғы үш жарым жылдың ішіндегі жетістікке көз жүгірсек, 430 мың жұмыс орны ашылған. 2,7 мың шақырым жол салынған. 170 мектеп, 19 балабақша бой көтерді. Шағын бизнесті несиелендіру 6 есеге өскен. Doing Businessтегі орнымыз жиырма сегізінші болса, биыл жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 55 орынға тұрақтадық. 

Ұлт жоспарының жартысы жүзеге асты. Қалған бөлігі орындалып жатыр. Елбасы мұны бақылауға алуды тапсырды. Себебі «100 нақты қадам» дегеніміз – бұл салмақты құжат. Мықты мамандардың сараптамасынан өтіп, әбден ойластырылып,  әзірленген Ұлт жоспарының әрбір қадамы маңызды. Елдің дамуы үшін маңызды. 

Әңгімеге тұздық болсын. Мәселен, 3,5 жылдың ішінде еттің импорты небәрі 4 процентке төмендеген. Алдағы бір жарым жылдың ішінде бұған дейін жоспарлаған  межеге жетеміз бе, жетпейміз бе, оны уақыт көрсетеді. 

Жоғары оқу орындарын транформациялау, осылайша халықаралық талаптарға сәйкес, оңайландыру – «100 нақты қадамда» қарастырылған. Қарастырылғанмен, оқу орындары қысқарған жоқ. 

Алда Мәжіліс сайлауы. Елбасы партияның жаңа сайлау алды бағдарламасын әзірлеуге қазірден кірісуді тапсырды. Біздің мақсат - ұзақ мерзімді көшбасшылықты сақтау деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Партияның жаңа сайлауалды бағдарламасын әзірлеу кезінде бұрынғы тәжірибені ескеру керек. Бұдан бөлек, бұған дейін бекітілген жоспарларға өзгерістердің енуі – өмір болған соң қалыпты жағдай. Мәжіліс төрағасы, фракция жетекшісі Нұрлан Нығматулин атқарылған, атқарылатын жұмыстар жайлы баяндап берді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Партияның сайлауалды міндеттемелерін орындауға бағытталған 72 заңды парламент мақұлдады. Демек тұғырнаманы жүзеге асыруға қажет заңнамалық база қалыптасты. Сайлауалды бағдарлама 112 міндетті қамтиды, олардың 31-і орындалды. Қалған 75-сі іске асу барысында. Ал 6 тармақ Фракция мен Үкіметтің жітоі бақылауына алынды. 

Партияның сайлауалды бағдарламасы мемлекеттік жоспарлау жүйесімен қабыспайды. Фракция қызметіне қатысты әңгімеде Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге жеке тоқталды. 

Елбасы мән берген тағы мәселе – аумақтарды дамыту бағдарламасы. Бұл бағдарламалар  келесі жылы аяқталады. Қазір бұлар тиісті деңгейде іске асып жатқан жоқ деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Аумақтарды дамытудың жаңа бағдарламасында – мәслихат сайлауында партияның сайлауалды бағдарламасының негізіне айналуы тиіс. Жергілікті жердің нақты пробеламалары қамтылған құжаттарды наурызға дейін дайындауды тапсырды Елбасы. Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев партия қызметін жандандыру, фракция жұмысын күшейту мәселелеріне жеке тоқталды. 

Фракция депутаттарының ақпарат айдынындағы белсенділігі төмен. Бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет. Бұл да Елбасы атап өткен бір мәселе. 

Үнсіздік билікке деген,  тұтас саяси басшылыққа деген сенімді төмендетеді деді Елбасы. Себебі қоғамды алаңдатқан мәселелер төңірегінде фракция депутаттары төбе көрсете бермейді.

 Жалпы депутаттарға, мемлекеттік мекемелерге қаратып айтылған әрбір сын «Нұр Отанға» айтылған сын деп қабылданады. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Таяуда нақты регламент бекітіледі деді Елбасы. Бұл құжат партияның саяси кеңесі бюросында бекітіледі. 

Заңға бастамашы болу – депутаттардың конституциялық құқы. Алайда соңғы үш жылдың ішінде мәжілістегілер тек 16 заң жобасына мұрындық болған. Осы уақыт аралығында Үкімет 120 құжат әзірлеген.  

Сайлауалды уәделерді орындау. Қарапайым азаматтардың мәселесін шешу. Партия төрағасы осы бағытта белсенді жұмыс істеу керектігін айтты.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Хасен Омарқұлов

Хабар 24 телеарнасы