387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы Жапонияның жаңа императорын таққа отырғызу рәсіміне қатысты

  • 254
  • UPD: 15:20, 22.10.2019

Бүгін Жапония өзінің жаңа императорын ұлықтады.

Отыз жыл бойы тақта отырған император Акихитоның ұлы Нарухито тізгінді өз қолына алды. Салтанатты рәсімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты.

Дархан Әбдуахит, тілші:

– Императорлық жүйенің 2700 жылдық тарихы бар дейтін болсақ, сол 2700 жылдың ішінде 58 император көзі тірісінде тақтан кеткен. Оның әрқайсының өз себебі бар. Акихитоның тізгінді өз еркімен тапсыруы енді сол оқиғалардың тізбегін толықтырды. Дәл мұндай оқиға осыдан екі ғасыр бұрын болған.

Таққа отыру – жапонның таным-түсігінде қастерлі рәсім. 2016 жылдың тамызында император Акихито халыққа жолдауын жариялап, денсаулығы мен жасын меңзеген сәттен-ақ, тақтан түсетіні жайлы нақты айтпаса да, билікті жақын арада мұрагері Нарухитоға тапсыратыны белгілі болды. Билік тізгінін Нарухито биыл мамырдың бірі күні қолына алды. Сол кезде халыққа он күн демалыс беріліп, дәстүрге сай рәсімдер өткен. Ал бүгінгі ұлықтауды көбіне «жаһанға жариялау» деп сипаттаған жөн шығар. Себебі жиынға 190-ға жуық мемлекеттен делегация қатысты. Олардың денін мемлекет басшылары бастап келді. Императордың таққа отыру рәсімінде Елбасы құрметті қонақтардың қатарында болды. Уайт тай киім үлгісі Нұрсұлтан Назарбаев үшін таңсық емес. Осындай деңгейдегі іс-шаралардың талап-тәртіптерін Елбасы үнемі бұлжытпай орындайды.

Ұлықтаудың өзегі жөн-жоралғы, ежелгі дәстүрге сай әуелі тиісті ғұрыптар орындалды, содан соң жаңа императордың өзі сөз алды.

Нарухито, Жапония императоры:

– Отыз жылдан астам уақыт бойы Аса мәртебелі, құрметті император Акихито халқының бақытты болуын, әлемдегі бейбітшіліктің берік болуын тіледі. Мен Жапонияның бірлігі мен мемлекеттігінің нышаны ретінде Конституцияға сәйкес қызмет атқарамын.

Отыз жыл бойы император болған Акихитоның дәуірі «Хейсэй» деп аталады. Мазмұны – «Бейбіт өмір». Енді «Хэйсей» дәуірі Рейваға, яғни тамаша үйлесімділік дәуіріне ұласты. Жергілікті тұрғындардың жаңа императорға деген ықыласы ерекше. Ал Акихитоның тақты тапсыру туралы шешіміне құрметпен қарайды.

БЛИЦ:

– Билік шеру өткізуді кейінге қалдырды. Жойқын тайфун салдарынан 200-ге жуық адам зардап шегіп, 70 астам тұрғын қаза тапты. Табиғи апаттан соң аймақтарды қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Император отбасының парадтың уақытын шегере тұру туралы шешімін құрметпен қабыладық.

– Тайфуннан зардап шеккенде қолдау білдіргені үшін, императорымызды ұлықтаған сәтте, қуанышымызға ортақтасқаны үшін бүкіл әлемге ризашылығымды айтамын.

Император әулеті Нұрсұлтан Назарбаевты жақсы біледі, Жапонияға сапарлары кезінде бірнеше мәрте кездескен. Әсіресе Елбасының ядролық қарусыздануға қатысты бастамаларын қуаттайды. «Хейсэй» дәуірінде, яғни император Акихитоның тұсында Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға бірнеше рет сапарлады.

Сол сапарлардың әрқайсы тарихи деп атауға лайық. Өзара ынтымақтастық бүгінгі күні стратегиялық әріптестікке ұласты. Бүгінгі рәсімге Елбасын жапон үкіметінің арнайы шақыруы да қарым-қатынастың әлеуетін аңғартады. 

Сонымен бүгін Акихитоның тұңғышы, елу тоғыз жастағы Нарухито таққа отырды. Дәстүрге берік әулет Рейва дәуірінде халыққа одан бетер жақындай түседі деп топшылайды сарапшылар.

Таққа талас жапондардың табиғатында жоқ деседі. Керісінше императорға қызмет етуге, жүйенің болмыс-бітімін бұзбай сақтап қалуға қай заманда да талпыныс болған. Себебі император – елдіктің нышаны, император – тіл мен ділдің сақшысы, император – өткеннің өнегесі, келешектің бағдары. Бәлкім осынау зор құрмет бұл дәстүрді бүгінгі күнге жеткізген де болар.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев, Айдос Ентебеков

Хабар 24 телеарнасы