386,68 428,91 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» Агенттігіне 24 жыл толды

  • 199
  • UPD: 20:32, 23.10.2019

«Хабар» Агенттігінің ұжымы үшін бүгін – ерекше күн.

Осыдан тура 24 жыл бұрын төл арнамыздың эфирінен көзі қарақты көрерменге алғаш рет жаңалықтар топтамасы жол тартты. Яғни 1995 жылдың 23 қазанынан агенттік тарихы ресми түрде жазыла бастады.

«Хабар» Агенттігі ширек ғасырға жуық уақыт ішінде 4 жетекші телеарнаны тоғыстырған әрі кәсіби мамандардың басын біріктірген үлкен телешаңыраққа айналды. Жер шарының әр түкпірінде тілшілер қосыны жасақталды. Олардың көмегімен осы уақыт ішінде мыңдаған телерепортаждар мен оқиға орнынан тұщымды тікелей қосылымдар ұйымдастырылып келеді.

24 жылда күні кеше еңбектеп жүрген бала есейіп, өз пікірі мен өмірге көзқарасы бар тұлға қалыптастырады. Біздің «Хабар» да бастапқыда тәй-тәй басып, қазір үлкен телеотбасыға айналды.  

«Хабар 24», «Kazakh TV», «EL ARNA» жəне «Хабар» – арналары осының айғағы. Мұндағы эфирдің 70% – телеарнаның төл туындылары. Яғни мұнда түсірілетін бағдарламалар, фильмдер мен телехикаялардың өзіндік орны бар. Бағдарламалардың 90% әлеуметтік маңызды тақырыптарды қамтиды. Тәуліктік хабар таратудың 50% астамы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Осыдан 7 жыл бұрын қазақ телевизиясы тарихында ерекше арна дүниеге келді. Ол – «Хабар 24». Өйткені елімізде осы уақытқа дейін тәулік бойы ақпарат тарататын арна болған емес. «Хабар 24» ақпарат таратып қана қоймайды. Мұнда саясат, экономика, спорт секілді түрлі саладағы бағдарламалар эфирден өтеді. Көрерменге 100% отандық туынды ұсынады.

Арман Сеитмамыт, «EL ARNA» телеарнасының директоры:

– «Хабар» арнасы болсын, «Хабар» агенттігінің құрамына кіретін өзге де арналар болсын, барлығында да өз кәсібінің білікті мамандары жұмыс істейді. «Хабар 24» арнасының өзін алсақ, құрылғанына 7 жыл ғана болса да, 7 жыл ішінде телевизиялық нарықтағы өзінің орнын ойып тұрып алды.

«Хабар» агенттігі түрлі телебағдарламалар, қоғамның тыныс-тіршілігін боямасыз көрсететін ақпараттық сюжеттер, салмақты сұхбаттар мен көңіл қылын қозғап ой сергітетін мәдени, ойын-сауық жобаларды дайындауда алдыңғы қатарда келеді. Ал көк жәшік алдында отырған көрермен кадр сыртында қандай еңбек жатқанын біле бермеуі мүмкін. Осы орайда көрермен қауымға сапалы сарапталған материал жеткізу үшін «Хабар» агенттігінің қызметкерлері таңның атысы мен күннің батысы тер төгетінін атап өту міндет.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– 24 жыл ішінде біздің агенттік тек сапалы бағдарламаларды, түрлі деректі фильмдер мен тележобаларды, отандық телесериалдарды, әлемнің түкпір-түкпірінен дайындалған және ел ішінен әзірленген жаңалықтарды, сонымен қатар 24 жыл ішінде отандық журналистикаға мықты медиа мамандарды, менеджерлерді сыйлады. Баспасөз қызметтерінің жетекшілері, әр салада басшылық етіп жүрген азаматтардың басым көпшілігі біздің агенттіктің қабырғасынан түлеп ұшқан. Осы тұрғыдан алғанда, біздің агенттік үлкен мектеп, медиа дәстүрлердің орталығы деп айтсақ болады.

Бүгінгі мереке үлкен ұжымдағы әрбір маманға ортақ. Таңертеңнен жүздері балбұл жайнаған әріптестер бірін-бірі құттықтап, естелікке суретке түсіп, арнаның құрылған күнін атап өтті. Ендеше бағыты бағдарлы, жоспары ауқымды «Хабардың» ақпараттық кеңістікте беделі мығым болуын біз де тілейік.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Жандос Битабаров, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы