424,64 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенкомен шағын құрамда келіссөздер жүргізді

  • 998
  • UPD: 15:28, 25.10.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь республикасының президенті Александр Лукашенконы Ақордада күтіп алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мейманға жоғары дәрежеде құрмет көрсетілді. Қызыл кілем, сымдай тартылған сап. Сәлемдесіп алған соң екі елдің президенттері алдымен шағын, кейін кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконың елімізге ресми сапары Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара стратегиялық әріптестік пен экономикалық іс-қимылдардың дамуына серпін беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Александр Григорьевич, сіздің сапарыңыз біз үшін аса маңызды. Өйткені бұл біздің мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен қарым-қатынастардың шынайы достық сипатқа құрылғанын дәлелдейді. Сонымен қатар екі елдің іскерлік әріптестігіне, оның ішінде экономикалық, гуманитарлық байланыстар мен халықаралық қарым-қатынастарға тың серпін береді.

Мемлекет басшысы Беларусь Республикасы тәуелсіздігінің негізін қалаған Александр Лукашенкоға Қазақстанда шынайы құрметпен қарайтынын атап өтті. Беларусь басшысы өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, екі ел арасында қалыптасқан тарихи достық байланыстарға назар аударды.

Александр Лукашенко, Беларусь республикасының президенті:

– Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз өте жақсы екенін, экономикамыздың бірін-бірі толықтырып отыратынын және екі ел өзара жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтқым келеді. Біздің елімізде шығарылатын өнімдер Қазақстанға қажет. Ал біз қазақстандық өнімдерді сатып алуға дайынбыз.

Хабар 24 телеарнасы