385,01 426,40 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде көлікті мас күйінде жүргізгендерге жаза күшейеді

  • 330
  • UPD: 22:40, 28.10.2019

Көлікті мас күйінде басқарғандарға жаза күшейеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Заңға енгізілетін өзгерістер әзір. Алдағы уақытта Мәжілістің жұмыс тобында қаралады. Ал көлік басқару куәлігі болмаса да, қайта рөлге отыратындар бұдан былай қазіргіден 5 есе айыппұл төлейді.

Көлік басқару куәлігі болмаса да, қайта рөлге отыратын азаматтар көбейіп кетті. Заңсыз әрекет үшін төленетін айыппұл көлемі енді 50 айлық есептік көрсеткішке жеткізіледі. Депутаттар осындай ұсыныс білдіріп отыр.

Қанат Мусин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жыл сайын арнайы куәлігінен айырылса да, қайта көлікке заңсыз отыратын 20 мың дерек тіркеледі. Заңды күшейтуіміз керек. Қазір осындай құқықбұзушылық үшін 10 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Енді оны 50-ге көбейтпекпіз. Сондай-ақ, куәлігінен айырылған азаматқа өз көлігін тізгіндеуге берген адам да жазаға тартылады. Ол енді 70 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейтін болады.

Мәжіліс депутаттары ұсынып отырған өзгертулер алдағы аптада өтетін жалпы отырыста қаралады. Оларды төменгі палата өкілдері бірауыздан мақұлдауы мүмкін. Себебі, Президент таяуда ғана осы саладағы заңдарды жетілдіруге, әсіресе мас күйінде көлік басқарғандарға қатаң жаза қолдану жөнінде тапсырма берген болатын.

Ішкі істер министрлігінің мәліметтері бойынша былтыр елде автокөлікті мас күйінде басқаруға қатысты 25 мың дерек тіркелген. Бұл ресми мәлімет қана. Мұндай жағдайда жол ережесін бұзу деректерін автоматты тіркеу құрылғыларынан пайда аз. Себебі, алкогольді ішімдік ішкен адам бейнебақылау камерасы түгілі, полицейлердің белгісін де елемейді.

Қанат Мусин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Көлікті мас күйінде басқарғандарға жазаны күшейту жөнінде өзгертулер бар. Қазір қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізіледі.

Жыл басынан бері жол көлік оқиғаларында 1552 адам көз жұмды. 11 мың 500 апат тіркелді. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда құрбандардың саны көп. Әсіресе, кейбір халықаралық және қаларалық тас жолдар қауіпті болып тұр.

Соңғы 5 жылдан бері жол бойында 5 мың адам қайтыс болған. Қайғылы оқиғаларға көлік жүргізушілері ғана емес, кейде жолдардың жай-күйі де себеп болып жатады. Сондықтан ішкі істер министрлігі инфрақұрылымға жауапты мекемелерді әкімшілік жазаға тартуы бекер емес. Бұл да адам өлімі деректерін төмендетуге сеп болуы тиіс.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ерлан Наурызбаев.

Хабар 24 телеарнасы