387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Face Pay жүйесі: қызметтің дамуы ма, әлде бақылаудың күшеюі ме?

  • 243
  • UPD: 10:49, 04.11.2019

Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан көп тақырыптың бірі – автобуста жол жүру ақысын «Фейс Пэй» жүйесімен төлеу.

Әсіресе биометрикалық төлем жасау үшін жеке салық төлеушінің номері мен банк картасын қолдану көпшіліктің алаңдауына себеп болып отыр. Жалпы соңғы жылдары елімізде ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің өзектілігі айтарлықтай артты. 

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Қазір не көп, камера көп. Үйден шыққан сәттен бастап, жұмыс орныңызға жеткенше қаншауының назарына ілінгеніңізді байқамай қаласыз. Қазір мен қаланың шет жағындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде тұрмын. Орталыққа жеткенше қанша камераға түскенімді санауға тырысамын.

Беталысым Қонаев көшесінде орналасқан Қазмедиа орталығы. Оған жеткенше кем дегенде 20-ға жуық камераны көзім шалды. Олардың көбі тұрғын үйлер мен дүкендердің сыртында ілінген. Ірі көшелердің бойындағы «Сергек» және бар. Бұлардан бөлек  көп ұзамай еліміздегі қоғамдық көліктерге «Фейс пей» жүйесі енгізілуі мүмкін.  Яғни жол ақысын жүзіңізбен төлейсіз. Төлемнің бұл түрін қолдану үшін жеке салық төлеуші номері мен банк картасына қатысты мәліметтер қажет. Ал бұл талаптар тұрғындардың алаңдауына себеп болып отыр.

- Бұл алаяқтар үшін жақсы мүмкіндік. Яғни адамның жүзін сканерлеу арқылы төлем жасауды өз мүддесіне пайдаланып кеткісі келетіндер жоқ емес. Әрине ыңғайлы, бірақ қауіпті деп есептеймін.

Өзге де жолаушылардың пікірі осыған ұқсас. Жеке мәліметтері қолды болады деп алаңдайды. Оған себеп те жоқ емес. Біріншіден, жауапты мекеме жеке мәліметтердің сақталуын мойынына алғанымен, 100 пайыз кепілдік бере алмайды. Орталық Сайлау комиссиясын еске түсіріңіз. Екіншіден, егер біз айтқан камераның барлығын бір жүйеге біріктірсе, сіздің А нүктесінен Б-ға дейінгі жүріп өткен жолыңыз таспалануы әбден мүмкін. Сала мамандары осылай дейді. 

Арман Әбдірәсілов, кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры:

- Әзірге бұл төлем жүйесі техникалық сынақтап өткізіліп жатыр. 10 және 5-бағыт бойынша жүретін екі автобусқа ғана енгізілді. Егер тиімділігін көрсетсе, пилоттық жоба қолға алынады. Жоба операторы – Астана ЛРТ компаниясының өкілдері, жолаушыға алаңдайтын себеп жоқ дейді. 

Айтпақшы, төлемнің мұндай жүйесі көршілес Қытайда да бар көрінеді. Азаматтың биометрикалық ақпараттары коммерциялық мақсатта алғаш рет  2017 жылы қолданылыпты. Ал қазір бұл елдегі кейбір сауда орындары сатушысыз, яғни жасанды интеллекттің көмегімен жұмыс істейді. Бұдан бөлек жол қозғалысын және қоғамдық орындардағы тәртіпті реттеуде де пайдаланылады екен. Дегенмен, «бұл қызмет көрсету саласын дамыту ма әлде бақылауды күшейту ме?» деген сұрақ Қытайда да өзекті болып отыр.

Хабар 24 телеарнасы