387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы Түркістан қаласының құрылыс барысымен танысты

  • 317
  • UPD: 23:27, 04.11.2019

Бүгін Елбасы Түркістан қаласының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Өткен бір жылдан астам уақыттың ішінде бірнеше нысан бой көтерді. 150 жобаның 102-сі биылғы жылдың еншісінде. Тұрғындар үшін қолайлы, туристер үшін тағылымды шаһарда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Бүгінгі Түркістан – бұрынғы Түркістан емес. Мына кадрларға қарап, құрылыстың қарқынын аңғарасың, бұл тек үлкен істің бастауы ғана. Меже белгілі. 2035 жылы мұнда 350 мың адам тұрады. Ал 2050 жылға қарай қала халқының саны жарты миллионға жетеді. Бұл әбден мүмкін. Себебі өткен бір жылдың өзінде облыс орталығына 20 мыңға жуық адам қоныс аударған.

Түркістан тарихымен құнды. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне қарасты Күлтөбе қалашығындағы қазба жұмыстарының барысы Елбасына таныстырылды. Алтыннан, темірден, қоладан жасалған бұйымдар 2-3 ғасырларға тән.

Тамыры тереңде жатқан Түркістанның тарихы Күлтөбеден басталады деп топшылайды мамандар. Қалашық орны тәуелсіздік алғанға дейін ескерусіз келді. Бертінде қомақты қаржы бөлініп, зерттеу жұмыстары басталды.

Бақытжан Әшірбеков, Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі:

– Түркістанның төңірегінде алтыншы ғасырдың өзінде қала болған. Бұл жер бекерден бекер Түркістан болып қалыптаспаған, осы жерді Әмір Темір келіп таңдамаған, осы жерде бекерден бекер Яссауи бабамыз өзінің мекенін таппаған. Яғни бұл жердің ежелден халыққа жайлы, өзінің тарихи ортасы екені белгілі.

«Рухани жаңғырудың» аясындағы Елбасының шешімі ұтқыр шешім болды. Қаланың құрылысы енді бәсеңдемесі анық, алайда қарқынды құрылыс тарихи кескін-келбетке кірбің түсірмеуі тиіс.

Бақтыбай Дүйсебеков, Түркістан облыстық сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының міндетін атқарушы:

– Өзіміз қойып отырған мақсатымыз – тек қана облыс деңгейінде емес, халықаралық деңгейде деп отырмыз. Себебі оның тарихы Самарқанттан да, Ыстамбұлдан да кем емес. Мақсатымыз – халықаралық деңгейде қала жасауымыз керек.

Түркістан – түркі әлемінің бой тұмары. Киелі шаһарды қайта түлету тәуелсіздік алғалы бері ойда жүрген дүние еді. Сабақты ине сәтімен.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Тәуелсіздік алғаннан кейін әрине, мен тіпті Астананы таңдаған кезде де біраз ойландым, бірақ оған жағдай болмады, өздеріңіз білесіздер. Міне, енді уақыты келді, Түркістан қаласын облыстың орталығы жасап, қайтадан жаңдандырып, елімізге осы киелі орданы қайтару мүмкіншілігі қолымызға тиді.

Қала дамуының бағдары анық. Былтыр облыс орталығы ауысқан тұста, бірден екі құжат қабылданған. Тұжырымдама мен арнаулы экономикалық аймақ құру туралы Жарлыққа сәйкес, негізгі басымдық айқындалды. Барлығы 150 жоба дейтін болсақ, соның 102-сі биылғы жылдың еншісіндегі шаруа.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Елімізде Алматы, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы, Шымкент, бір млн тұрғыны бар қалалар қатарында. Болашақта қалаларда экономика, мәдениет саласы дамитын болады. Сондықтан біз де сол жолмен жүреміз. Бұйыртса, алдымызда тағы да бір млн халқы бар қалалар өсетін болады. Солардың ішіндегі Түркістанның орны жеке дара.

Қазіргі құрылыстың негізгі өзегі – 30-ға жуық нысан. Әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени деп екіге бөлініп, құрылысы жүріп жатқан қос орталықтағы әрбір ғимарат қала тұрмысына қажет. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Бұл жердің саябағы да болады, жолдары да болады. Түркістанның тұрған жері талай жердің торабы дейді. Қытай арқылы Еуропаға кететін үлкен дәліз бар. Барлығы бар. Құдай бұйыртса. Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанымызда тағы бір орталық, тағы бір керемет қала болайын деп отыр.

Қазір Қазақстанға сапарлайтын туристердің көбі Түркістанға аялдайды. Құрылыстың барысын ескерсек, туризмді түлетуге сеп болатын жобаларды есепке алсақ, келешекте киелі шаһарға бір жылда 5 млн саяхатшы келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Бүкіл түрік дүниесінің орталығы екені бәрімізге белгілі. Мына жердегі оңтүстіктегі ағайындар: Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан барлығы қуанып жатыр. Өздеріңізге белгілі, Түркістанның 1500 жылдығын атап өтеміз деп біраз шаруаны жасаған болатынбыз, сонда осы алаңда кездесіп, сөйлестік. Сонда мен айтқанмын, Түркістан орталық болады деп. Мінекей қолға алынды.

Әр нысанды салу шешімі електен өткізілді, халыққа аса қажеттісі ескерілді. Әрі жаңа ғимараттардың құрылысына аймақтар атсалысып жатыр. Осылайша киелі Түркістанды түлетуге бүкіл үн қосып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 

– Ендігі жылы көп ғимарат іске қосылып, жылдың ортасында, жарлыққа қол қойғанымызға екі жыл толғанда, бәріміз осы жерде кездесетін боламыз. Талай рет келдім, кесенені жөндеуден өткіздік, университет іске қосылды. Осының барлығының аяғындағы міндет – облыс орталығын салу еді, соған да бізді жеткізді Алла. Сондықтан баршаларыңызды құттықтаймын, үлкен қаланың орталығы болатын болады. Әдемі болады. Жан-жақтан ел келетін болады.

 

 

Дархан Әбдуахит, тілші:

– Шығыстық үлгідегі шаһар. Туристік қала. Және заманауи мекен. Осы үштаған бір-біріне кедергі келтірмейді, керісінше бір-бірін толықтырып тұрады. Бас жоспарды әуел баста әзірлеген тұста осы талап ескерілді. Сосын бір жылдағы іс бекер емес, берекелі. Көбіне көп «Түрленген Түркістан» деген тіркес, сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде айтылатын күн алыс емес.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев, Самат Қазанбай және Асхат Әзіретханов

Хабар 24 телеарнасы