384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшылар Қазақстандағы зейнетақы жүйесін реформалауды сұрап отыр

  • 311
  • UPD: 10:54, 11.11.2019

Қолданыстағы зейнетақы жүйесі қазақстандықтардың баспана мәселесін шеше алмайды.

Себебі, халықтың 70%-інің жинағы 1 млн теңгеге де жетпейді.

Бұл туралы стратегиялық бастамалар орталығының мамандары мәлімдеді.

Күні ертең баспана мәселесін зейнетақы қоры арқылы шешеміз деп үмітін үкілеп жүрген тұрғындарға қайтпек керек енді?

Сарапшылар зейнетақы жүйесін реформалауды сұрап отыр. «Мысалы, сингапурлық әдіске жүгіну ұтымды», - дейді олар. Ол қандай әдіс?

Қазақстанда орталық жинақтау қоры құрылу керек. Стратегиялық бастамалар орталығының мамандары осындай пікірде. Сарапшылар зейнетақы жүйесін толықтай реформалауда сингапурлық әдісті тиімді санайды. Жоба 20 қарашада еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатысуымен өтетін стратегиялық бастамалардың екінші форумында пысықталмақ. Оның негізінде мемлекетте жұмыс беруші мен жұмысшы ай сайынғы салым жасайды. Кейін бұл қаражат әдеттегі арнайы және медициналық есепшоттарға бөлінеді. Алғашқысын салымшы тұрғын үй алуға не өзі, болмаса отбасы мүшелерін оқытуға жұмсайды. Сондай-ақ осы ақшаны еңбекке жарамсыз болып қалған жағдайда алдын ала шешіп алуға құқылы. Өз кезегінде арнайы есепшоттағы қаражат зейнетақы қоры ретінде сақталады. Медициналық шоттағы қаржыны салымшы денсаулығын түзеуге жұмсай алады. Қолданыстағы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры соңғы кезде сынға көп ілігуде. Демек, мемлекет те жүйені жетілдіруге мүдделі болуы керек.

 

Қытайлық ұялы қосымшалар сұранысқа ие

745 млн доллар. Қытай өндірген ұялы қосымшаларды пайдаланған ақштықтардың шығыны бұл. Sensor Tower сарапшыларының пайымынша, ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында АҚШ халқы ұялы құрылғыларға арналған қосымшаларды пайдалану үшін 3,5 млрд доллар жұмсаған. Оның 22%-і қытайлық өнім. Мамандардың айтуынша, мұндай қосымшаларға сұраныс артып келеді. Үкіметтің сақтық шараларын арттырғанына қарамастан,  бір жылдағы өсім 25%-ке жеткен. Себебі, қолданушылар өнімнің Аспан асты еліне тиесілі екенін аңғармайды. Сол себепті құрама штаттар билігі Қытайға елдің заңын қадірлеуді сұраған. Сенаторлардың пікірінше, қолданушылардың жеке деректері Америкадан тыс аумақта сақталуы ықтимал.

 

Алматы әуежайы сатылады

Шетелдік компания Алматы халықаралық әуежайын сатып алмақшы. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Еске салайық, 84 жылдық тарихы бар бұл әуежай – еліміздегі, тіпті Орталық Азиядағы ең ірісі. Мұнда жылына 6 млн жолаушыға қызмет көрсетіледі. Мамандар «бұл әуежайды сатып алу Groupe ADP және TAV Airports-тың даму стратегиясына сай келеді», - дейді. Себебі, Қазақстан – теңізге шыға алмайтын әлемдегі ең үлкен мемлекет, өңірдегі экономикалық өсімнің драйвері және Орталық Азияның ЖІӨ-нің 60%-ін қамтамасыз етеді.

Қазір Алматы халықаралық әуежайына әлемнің 20-дан аса әуекомпаниясы ұшады. Жыл соңында оған Доха да қосылмақ. Qatar Airways әуе компаниясы елімізге рейстерін бастайды. Бұл туралы азаматтың авиация комитеті хабарлады. Енді Нұр-Сұлтан – Доха, Алматы – Доха бағыттарында аптасына жеті рейстен және осыншама жүк рейсі ұшатын болады. Оған қоса, еліміздегі «ашық аспан» режимін енгізу аясында бесінші «ауа еркіндігі» дәрежесімен тұрақты жеті рейс орындау үшін құқықтық база бекітілген. Яғни, отандастарымызға әлемнің 160 бағыты бойынша саяхат жасауға мүмкіндік тумақ.

 

Жамбыл облысында 55 млрд теңгеге жуық қаражатқа фри-картобы өндірілмек

Зауыт құрылысына голландиялық компания инвестиция салған. Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы өкілдерінің хабарлауынша, кәсіпорын жылына 70 мың тонна картоп өнімін өндіруге қауқарлы. Жоба 2019-2022 жылдарға арналған. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Ал фри өндірісі үшін картоп Шу ауданында өсіріледі.

Қазақстан қор биржасында доллардың орташа бағамы 388 теңге 35 тиынды құрады.

Хабар 24 телеарнасы