384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕАЭО аясында ортақ валюта енгізілмейді

  • 191
  • UPD: 13:56, 13.11.2019

Мемлекеттердің одақ аясындағы байланысы экономикалық сипатқа ғана ие. Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер алдына шыққан Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, одақ елдері бір-біріне валюта жөнінен тәуелді емес. Еске салайық, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді ратификациялау жөніндегі» Заң жобасын мақұлдады. Құжат банк және сақтандыру секторлары, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы нормалар мен талаптарды үйлестіруге бағытталған.

Серік Құсайынов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ортақ валюта болмайды. Өйткені әр мемлекеттің өз валютасы бар. Валюта – тәуелсіздіктің негізі. Бұл заңнама, бұл келісім кейбір қағидаларды сәйкестендіру. Негізі әр мемлекет өзінің заңымен жұмыс істейді.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжат бірқатар әлеуметтік төлемдердің мөлшерін көбейтуді көздейді. Мәселен, келер жылдан бастап еңбек қабілетінен айырылғандар мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін қаражат ұлғайтылмақ. Еске салайық, бұл заң жобасы 12-наурызда таныстырылып, 3 айдан соң Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған.

Айгүл Нұркина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Екінші оқылым бойынша жұмыс істеу барысында атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа жолдарын да қарастырдық. Ол 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жүзеге асады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай барлық көп балалы отбасыларға олардың кірісіне қарамастан мемлекеттік қолдау көрсетіле бастайды. Егер отбасында 4 немесе одан да көп бала болса, оларға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 4 балаға 42 мың, 5 балаға 53 мың, 6 балаға 63 мың және жеті балаға 73 мың теңге беріледі.

Хабар 24 телеарнасы