384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы: Бұл бассыздыққа жергілікті әкімдік өкілдері жол беріп отыр

  • 199
  • UPD: 13:31, 14.11.2019

Жергілікті билік өкілдері Президент тапсырмасына құлақ аспады.

Бұл туралы Ақмола облысын дамыту мәселелеріне арналған кеңесте айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде ат шаптырым аумақты иеленіп, мемлекет меншігіне қайтармай жатқан латифундистермен күрес баяу жүріп жатқанына тоқталды. Соның кесірінен қолынан іс келетін шаруалар жер таппай сенделіп жүр.

Мемлекет басшысы «бұл бассыздыққа жергілікті әкімдік өкілдері жол беріп отыр» деді. Қызметіне салғырт қараған шенділерді сынап тастаған Президент берілген тапсырманы орындамаған билік өкілдеріне енді тықыр таянатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жолдауда жер телімдерін иеленген латифундистермен мықтап күресу керектігін айтқанмын. Солардың кесірінен қазір фермерлер іс бастайтын орын таппай, сенделіп жүр. Бұл – үлкен проблема. Оны шешуге жергілікті билік өкілдері күш салуы керек. Бірақ әкімдік өкілдері тарапынан қандай да бір әрекет жасалып жатқанын байқамадым. Меніңше, олар мұны әдейі тежеп отыр. Бәлкім, латифундистерге тіс батыра алмай жатқан болар. Сондықтан құзырлы орындарға осы мәселені шешуді тапсырамын.

Ал мұның алдында ауылдық елді мекендерде тұрғындар мал жаятын жер таппай қиналып жатқанын айтты.

Мемлекет басшысы Ақмола облысын дамыту мәселелері жөніндегі кеңеске қатысып жатқанын хабарлағанбыз.

Сонымен қатар елордалық тұтынушыларды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді тапсырды.

Хабар 24 телеарнасы