386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент Абылай хан монументін салуды қолдады

  • 168
  • UPD: 15:19, 14.11.2019

Жергілікті билік өкілдері Президент тапсырмасына құлақ аспады.

Бұл туралы Ақмола облысын дамыту мәселелеріне арналған кеңесте айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде ат шаптырым аумақты иеленіп, мемлекет меншігіне қайтармай жатқан латифундистермен күрес баяу жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның кесірінен қолынан іс келетін шаруалар жер таппай сенделіп жүр. Мемлекет басшысы: «бұл бассыздыққа жергілікті әкімдік өкілдері жол беріп отыр» деді. Қызметіне салғырт қараған шенділерді сынап тастаған Президент берілген тапсырманы орындамаған билік өкілдеріне енді тықыр таянатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жолдауда жер телімдерін иеленген латифундистермен мықтап күресу керектігін айтқанмын. Солардың кесірінен қазір фермерлер іс бастайтын орын таппай сенделіп жүр. Бұл – үлкен проблема. Оны шешуге жергілікті билік өкілдері күш салуы керек. Бірақ әкімдік өкілдері тарапынан қандай да бір әрекет жасалып жатқанын байқамадым. Меніңше, олар мұны әдейі тежеп отыр. Бәлкім, латифундистерге тіс батыра алмай жатқан болар. Сондықтан құзырлы орындарға осы мәселені шешуді тапсырамын.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы өңірде туризм саласы әлі де ақсап тұрғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев «облыстың тұмса табиғаты көптеген шетелдік туристі баурап отыр, бірақ ондағы инфрақұрылым тиісті деңгейде жасақталмаған», – деді. Соның кесірен туристік саладан түсетін пайда жалпы ішкі өнімнің тек жарты пайызын құрап отыр. Президент бұл көрсеткішті 2025 жылға дейін 8%-ке жеткізуді тапсырды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев «белсенділер ұсынған Абылай хан монументін салуды қолдау керек», – деді. Тың кешен ел бейнесін айшықтайтын маңызды орынға айналатынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Щучинск-Бурабай курорттық аймағы еліміздегі ең көрікті 10 орынның қатарында. Жылына 2 млн-ға жуық турист қабылдауға қауқары бар. Бірақ әзірге ондай көрсеткішке қол жеткізе алмай отырмыз. бірінші кезекте Бурабай мен Щучье көлдерін батпақтан тазарту жұмыстарын жүргізу керек. Табиғаттың осы тартуын өскелең ұрпаққа сақтап қалуымыз қажет. Сондықтан Үкімет мен тиісті орындарға осы мәселені дереу шешуді тапсырамын. Жақында маған Абылай хан монументінің жобасы көрсетілді. Меніңше, бұл кешеннің құрылысына рұқсат беру керек.

Ал мұның алдында ауылдық елді мекендерде тұрғындар мал жаятын жер таппай қиналып жатқанын айтты.

Мемлекет басшысы Ақмола облысын дамыту мәселелері жөніндегі кеңеске қатысып жатқанын хабарлағанбыз.

Сонымен қатар елордалық тұтынушыларды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұдан бөлек Бурабай және Щучье көлдерін батпақтан тазарту туралы тапсырма берілді.

Хабар 24 телеарнасы