384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысының Көкшетауға жұмыс сапары: қандай тапсырмалар берілді?

  • 324
  • UPD: 17:34, 14.11.2019

Көкшетау қаласында жаңа жылу электр орталығы салынады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Нысан құрылысы халықаралық банктер есебінен жүргізілуі тиіс. Ал Ақмоладағы шағын шаруашылықтарға қосымша жайылымдық жер берілмек. Бүгін облысқа жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырмалар берді. Абылайдың хан ордасы болған киелі мекенде әйгілі ханға монумент салу жөніндегі бастама да қолдау тапты.

Кез келген өңірдің әлеуеті сол аймақ халқының тыныс-тіршілігімен екшеледі. Ақмола өңірінің орталығында соңғы 2 жылда тек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 900 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. 8 мың отбасы қоныс тойын тойлады. Дегенмен, бүгін аймаққа арнайы келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуеттің әлі де төмен екенін атап өтті. Қарқынды үдету үшін ең алдымен көзбояушылық жойылсын деді. Сөйтіп, Тұңғыш Президент-Елбасының бастамасымен қол жеткен жетістіктерді еселеуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мемлекетіміз Елбасының көреген көзқарасы, мығым басшылығымен әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан көптеген жетістіктерге жетті. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Орталық Азияның көшбасшысына айналды. Еуразиялық кеңістікте зор бедел жинады. Сөз жоқ, бұл ретте Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін атап өткен жөн. Сондықтан Үкімет, Парламент және әкімдіктер Елбасының ұзақмерзімді стратегиясын, ұлт жоспарын және бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға жұмылуы қажет. Сол арқылы барлық қиындықтарды еңсере аламыз.

Осыдан 2 жыл бұрын Ақмоланың тау-металлургия кешеніндегі Масал кен орнына жергілікті жұрт зор үміт артқан болатын. Онда кен өндіріліп қана қоймай, темір прокатын шығару да жоспарланған. Алайда жоба жүзеге аспай қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, осы жоба жөнінде нақты шешім қабылдауы қажет. Ол жүзеге асқанда Жарқайың және Есіл аудандарында тұрғындарды тұрақты еңбекпен қамтуға сеп болар еді. Экономиканың өсіміне де тиісті үлес қосуы тиіс болатын. Алайда жоба 2018-2021 жылдарға ысырылып тасталды.

Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігі 8 мың долларға жетер-жетпес. Іргедегі Ресейде бізден үш есе жоғары. Ал дамыған елдермен тіпті салыстыруға келмейді. Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе астық шығымдылығының гектарына 12 центнерден аспай отырғанын атап өтті. Ғалымдар қанша еңбектенсе де, нәтиже көңіл көншітер емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сапархан Кесикбаевич Омаров, какая ведется работа по увеличению урожайности, и где эффект от применения новых технологий?

Сапархан Омаров, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Бараев институтының алаңында тәжірибе жүргізіп жатырмыз. Үш облыста дәлме-дәл егін шаруашылығының көлемі 1 жарым млн гектарға жетті. Өнімділік 30 процентке өсті. Бірақ бұл тек жекелеген шаруашылықтарда.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық аймақтардың әкімдіктерімен еңбек өнімділігін арттыруды мықтап қолға алуы тиіс. Оған отандық ғылыми жобаларды жан-жақты қолдануды тапсырамын.

Ақмолалық шаруалар төрт түлігін төлдетіп, басын көбейтейін десе жайылымдық жер таппай қиналады. Президент осы мәселені шешпес бұрын, ең әуелі латифундистермен күресті күшейтуді міндеттеді. Қарапайым еңбеккерлердің мүддесі бірінші орында болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еңбексүйгіш фермерлерге жұмыс істейтін жер қалмады. Осындай күйге жетіп отырмыз. Латифундистерден жерді тартып алу жөніндегі тапсырмам өте баяу орындалып жатыр. Құдды бір әдейі тоқтатып қойған секілді. Жерлерін бергісі келмейтіндердің қысымына қарсы тұра алмағаңдарға қатаң шара қолданылсын. Осы бағыттағы жоспарды тыңдауым қажет.

Тағы бір мәселе – шағын және орта бизнестің ахуалы. Ақмолалық кәсіпкерлер елорданы қажетті азық-түлік өнімдерінің тек үштен бірін қамтамасыз етеді. Еттің 42, ал сүттің 29 процентін жеткізеді. Мемлекет басшысы өңірдегі туристік саланың да тынысын тарылтып тұрған мәселелерді де атады. Сондай-ақ, Абылайдың ордасы болған киелі мекенге әйгілі ханның монументін салу жөніндегі бастамаға қолдау білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жақында маған Абылайханға арналған монумент құрылысының жоспары таныстырылды. Жоба халықтың қаражатымен салынады. Монумент ішінде музей, дәмхана, көру алаңы және жеделсаты жұмыс істейді. Жоба қолдауға тұрарлық.

Аймақтың туристік әлеуеті зор. Бірақ мұндағы демалыс орындарынан жыл он екі ай адам аяғы арылмайды деу қиын. Басты мәселе – қарапайым сервис талапқа сай емес. Бұл Ақмола ғана емес, өзге де өңірлерге тән құбылыс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Облыстағы он үш кәсіпорын төрт жүз сексен үш еңбек адамына жалақы төлей алмай, берешек болып отырғаны жөнінде мәлімет бар. Бұған да жол беруге болмайды. Облыс әкімдігіне осының мән-жайын дереу анықтап, тиісті шешім қабылдауды тапсырамын.

Астық өндіретін аймақта ұн қымбат. Таяуда ғана 47 процентке шарықтап кеткен. Мұны Президент үкімет пен жергілікті әкімдіктің бейқамсыздығына балады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Премьер-министрге осы мәселеге келгенде әлсіздік танытқан лауазымды тұлғаларға қарсы әкімшілік жауапкершілік қолдануды тапсырамын. Жүктелген міндетті орындауға құлықсыздық танытты. Олардың орнын басқаларымен алмастыра аламыз. Бұған қоса мен көмір бағасына қатысты тапсырма берген болатынмын. Осы бағытта қандай шешім қабылданды?

Роман Скляр, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Көмір өндіріліп жатыр. Дүрлігу жоқ десем болады. Сіздің тапсырмаңыз бойынша монополия саласындағы сыбайластық әрекеттерін зерттеп жатырмыз. Желтоқсанда бәрі аяқталады.

Аймақта дәрігер де тапшы. Ауылдық жерлерде 400-дей маман жетіспейді. Үш ауысымда оқитын мектептер мәселесі тағы бар. Президент бұл проблемаларды мінберде айтып қана қоймай, шешу жолдарын ұсынды. Ең қажетті әлеуметтік нысандардың құрылысын мемлекет жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асыру керек. Ал аймақтың Аршалы және Целиноград аудандарына газ тарту мәселесіне келгенде, тағы сол жауаптылардың жауапсыздығын тілге тиек етілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен мұны Нұр-Сұлтанда өткен жиналыста да айтқан болатынмын. Желілер толық дайын емес. Сылбыр жұмыс істегендіктеріңізден тұрғындар көгілдір отын тұтына алмай отыр. Бұған не себеп болды?

Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:

– Сылбырлықтың себеп болғанын мойындаймыз. Келер жылы елді мекендерді газға қосуды жоспарлап отырмыз.

Көкшетауда көптен бері жаңа жылу электр орталығына қажеттілік бар болатын. Бұған дейін тұрғындар биліктен нақты жауап ала алмай келді. Президент бүгін жылу электр орталығының құрылысына жедел кірісуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкіметке халықаралық банктерден қарыз алу арқылы жылу электр орталығын салуды тапсырамын. Қажетті қаражат – 200 млн доллар шамасында. Азия даму банкі сынды құрылымдар қаржыны бере алады. Ұсыныс беріңіздер. Біз міндетті түрде салуымыз қажет.

Ақсу-Бестөбе-Изобильное тас жолы да келер жылы пайдалануға берілуі тиіс. 3 жылдан бері созбалаңға салынып келген жобаны жергілікті атқамінерлер көп ұзамай аяқтаймыз деп сендірді. Президент құрылысты жеке бақылауында ұстайтынын айтты.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Мемлекет басшысы жиында Ақмола облысының Нұр-Сұлтан қаласына жақын орналасқан елді мекендерінің мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Халыққа ең қажетті жарық, су, жол, әлеуметтік инфрақұрылым салу жөніндегі кешенді жоспардың толыққанды жүзеге аспай отырғанына алаңдаушылық білдірді. Осы мәселені Үкімет пен әкімдікке көп ұзатпай шешуді тапсырды. Мемлекет басшысы алда елімізді ауқымды халық санағы күтіп тұрғанын да айтты. Осы науқанға әсіресе Ақмола облысы қызу дайындалуы қажет. Себебі елордаға жақын орналасқан аудандарда шартты түрде аз көрсетілгенмен, тұратын адам саны әлдеқайда көп.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров, Бақытбек Нұртаев.

Хабар 24 телеарнасы