384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы: «Самұрық-Қазына» қарқынын үдетті

  • 310
  • UPD: 22:03, 14.11.2019

Биыл «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры табысын 40 процентке ұлғайтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін қорды басқару жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өткен. Жаңағы мәліметті сол жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келтірді. Тұңғыш Президент осы қарқынды бәсеңдетпеуді тапсырды.

Басты қордың бәсі басым қазір. Жыл басынан бері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 268 млрд теңге табыс тапқан. Соның 70 пайызы ел қазынасына аударылған екен. Табыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– В прошлом году Фонду удалось на 88 процентов увеличить объем чистой прибыли к уровню 2017 года. В этом году наблюдаем рост ещё на 40 процентов. За 9 месяцев показатели этого года выше годового показателя прошлого года. Хорошая динамика. Системно занимаетесь сокращением административных расходов и других неэффективных затрат. Это все оценивается положительно.

Қазынаны қампайтып жатқан қордың енді ортайып қалмасы анық. Ондағы басшылық корпоративтік орталықтардың құрылымын оңтайландыруды және қордың басқару деңгейлерін қысқартуды мықтап қолға алған. Цифрлық жүйелерді жаппай енгізіп жатыр. Соның арқасында толайым табысқа кенеліп отыр.

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

– Біз қор портфелін әртараптандыруға жіті мән беріп отырмыз. Айталық, Ұлттық банк бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының портфелін 150 млн долларға сатып алды. Осының арқасында, зейнетақы қорына 21 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат құйылды.

Жолаушылар тасымалында да тың серпін бар. «Қазақстан темір жолы» компаниясы кредиторлық қарыздарынан толықтай құтылған. Ендігі мәселе – қосымша вагондар сатып алу. Шойын жолмен қатынайтын жолаушылардың саны жыл сайын көбейіп жатыр. Сондықтан оларға жаңа әрі жайлы вагондар қажет. Ал жүк тасымалы саласында ешқандай түйіткіл жоқ.

Сауат Мыңбаев, «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы:

– Батыс Қытай – Батыс Еуропа және Транс Каспий халықаралық көлік бағыттары бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Сұраныс көп. Біз шетелдік әріптестерімізбен бірігіп, осы бағыттарды дамытып жатырмыз.

Елдің орталық бөлігін және солтүстік аймақты көгілдір отынмен қамтитын ауқымды жоба да сәтті жүзеге асырылып жатыр. Қазір «Сарыарқа» магистральді газ құбырының бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Желі тартылған, жыл соңына дейін сыналады. Сөйтіп, іске қосылмақ. «ҚазМұнайГаз» компаниясы тағы екі бірдей тың жобаны қолға алған екен.

Алик Айдарбаев, «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы:

– Мен Елбасыға компания тарапынан жүзеге асырылатын екі бірдей жобаны таныстырдым. Алғашқысы – полипропилен шығаратын алып өндіріс орны. Оның қуаты жылына 500 мың тонна дайын өнім әзірлеуге жетеді. Құрылысы 2021 жылы аяқталады. Ал екінші зауытта полиэтилен дайындаймыз. Жоба құны 6 млрд доллардан асады. Кәсіпорынды 2026 жылға қарай қолданысқа беруді көздеп отырмыз.

Біздің ел соңғы 2 жылда уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұр. Жыл соңына дейін төмен байытылған уранның 42 тоннасы Қазақстандағы МАГАТЭ-ның қоймасына жеткізіледі. Осыдан бір жыл бұрын «Қазатомөндіріс» компаниясының акциялары халықаралық биржада саудаланған еді. Қазір шетелдік инвесторлар компания акцияларының 18,8 пайызына иелік етеді. Бір жылда «Қазатомөндірістің» құны 3 млрд доллардан 3 жарым млрд долларға дейін өскен екен.

Ғалымжан Пірматов, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарма төрағасы:

– Қазір «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 2018-2028 жылдарға арналған даму стратегиясын жүзеге асыруға күш салып жатырмыз. Басты міндет – компанияның құнын өсіру, акцияларға сұранысты көбейту. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Биыл мамыр айында елімізде алғашқы ұлттық лоукостер іске қосылған еді. Небәрі жарты жылда «Флай Арыстанмен» қатынаған жолаушылар саны 500 мыңға жетіпті. Қазір еншісінде бар-жоғы 3 ұшақ бар. Келесі жылы олардың саны 10-ға көбейеді.

Питер Фостер, «Air Astana» әуе компаниясының президенті:

– Елбасының тікелей бастамасымен 2002 жылы «Эйр-Астана» әуе компаниясы, ал былтыр «Флай Арыстан» лоукостері құрылған. Қазір екі компания да сәтті жұмыс істеп жатыр. Жолаушылар тарапынан сұраныс өте жоғары.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты компаниялардың қай-қайсы да қазір қарымды. Қарқынның үдей түсуі – ел экономикасына серпін беретіні анық.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Самрук-Казына – это фонд национального благосостояния. Поэтому нам, как совету по управлению, также как и совету директоров, необходимо провести планомерную работу по повышению доверия населения и бизнеса к деятельности фонда. Граждане должны понимать, что всё это принадлежит Казахстану и нашему народу.

Қордағы қаражат ұлғайса, елдің тұрмысы да тіктеледі. Жиынды түйіндеген Елбасы қараша халық осыны жете түсінуі тиіс деді.

Авторы: Дастан Сейілханұлы.

Хабар 24 телеарнасы