384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы елордадағы инновациялық экожүйе нысандарымен танысты

  • 318
  • UPD: 20:28, 20.11.2019

Қазақстанда мұғалімі жоқ және мүлдем дәріс бермейтін мектеп бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқу орны елордада орналасқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін сол білім ошағының жұмысымен танысты. Жастармен кездескен Президент оларды ел игілігі үшін қызмет етуге шақырды.

Тың технология мен соны серпін. Инновациялық жүйелер шоғырланған бұл орынды осылай суреттеуге болады. Қазір «Астана хаб» қаржы орталығы ғана емес, түрлі стартап-жобалар әзірленіп жатқан қайнаған орта. Оның жұмысымен танысқан мемлекет басшысы – жастарды бұл салаға әлі де көптеп тарту керектігін айтты. Өйткені, әлем көш ілгері дамып жатыр. Қазақстан да сол қарқынға ілесуі қажет. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстанның мақсаты – әлемдік үрдістен қалып қоймау. Ең бастысы, заман ағымымен жүріп отыруымыз керек, әйтпесе біз әлемдік даму үдерісінен сырт қаламыз. Жастарды осындай дағдыларға баулып, аталған салаға көптеп тартуымыз керек. Білім алуға ұмтылатын өте қабілетті жастар жеткілікті.

Қазір технопарк базасында бірнеше стартап-жоба жүзеге асырылып жатыр. Ілкімдісі көп. Соның бірі – «Тастамат» мобильді жүйесі. Оның көмегімен хат алмасу және сәлемдеме жіберу анағұрлым жеңілдеген.

Данияр Асанов, «Tastamat» мобильді жобасының негізін қалаушы:

– Бұл – ақылды пошталық терминал. Электрондық коммерция саласында қолданылады. Оның көмегімен сәлемдемелерді дереу әрі арзан бағада жеткізуге болады. Қазір көптеген жеке компаниялардың әлемдік нарыққа аяқ басып жатқанын көруге болады. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалмауы керек. Оған барлық әлеуеті жетеді деп ойлаймын.

Жастар түрлі бағыттарды қамтыған. Айталық, «Клокстер» жобасы арқылы қызметкерлердің жұмысқа келіп-кету уақытын автоматты түрде анықтап отыруға болады. Ол үшін саусақ іздері қолданылады. Қазір тың жобаға қызығып жатқан ірі компаниялар көп екен. Біразы соны енгізіп те үлгерген.

Ержан Рысқалиев, «Clockster» жобасының негізін қалаушы:

– «Астана хаб» біздің тынысымызды ашты. Оның көмегімен екі рет шет мемлекеттерге барып, тәжірибе жинап келдік. Көптеген қаржыгерлермен жолықтық, өзіміздің жобамызды соларға көрсетіп, қолдау таптық.

Тың технология қызыққан жастар алдымен «Әлем» мектебінде білім алады. Ерекшелігі сол – мұнда оқытушы жоқ, ешкім дәріс бермейді. Арнайы бағдарлама арқылы оқушылар білімдерін жетілдіреді. Оларға челледж түрінде тапсырма беріледі. Мемлекет басшысы бұл әдістің ұтымды болатынына сенім білдірді. Қазірдің өзінде елордадағы бұл орталыққа келіп, білім алуға ұмтылып жатқандар көп екен.

Технопарк тынысымен танысқан Президент ізінше «Астана ІТ унивесрситетіне» барды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғары оқу орнының негізгі бағыттары туралы мәлімет беріліп, оқу кабинеттері мен зертханалары көрсетілді. Кейін, Президент студенттермен тілдесті. Оларды сапалы білім алып, еліміздің игілігі үшін  жұмыс істеуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Университет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен ашылған. Білім беру тұрғысынан бұл университет беделді әрі білікті мамандар даярлайтын, беделді оқу орнына айналатынына ешқандай күмәнім жоқ. Неғұрлым жақсы білім алсаңыздар, мына қиын да алмағайып өмірден алар еншілеріңіз соғұрлым көп болады.

Джозеф Циглер, «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің бас директоры:

– Қазақстанда жастар көп. Бұл – нарықтық экономиканы дамытуға үлкен серпін беретін күш. Сондықтан кейінгі буын өкілдерін жаппай жаңа технологияларды меңгеруге баулу керек. Қазақстанды технологиясы дамыған Сингапур, Ұлыбритания немесе АҚШ сияқты мемлекеттермен салыстыруға келмейді. Бірақ бұл елдің мүмкіндігі көп.

Дәл осы «ЭКСПО» қалашығы аумағында цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Келесі жылы мемлекеттік қызмет көрсетудің 90 пайызын осы форматқа көшіру жоспарланған. Қазір мұнда 1 мың 220 адамның биометриялық дерегі тіркелген. Осының арқасында олар өздерінің жеке құжаттарын көрсетпей-ақ, мемлекеттік қызмет ала алады. Орталық қашықтықтан видео-сервис арқылы қызмет көрсетеді. Сондай-ақ елорда тұрғындары бұл жерде цифрлық сауаттылық дағдыларын меңгереді. Орталық жұмысымен танысқан мемлекет басшысы Қазақстан жоғары технологияларды пайдаланатын алдыңғы қатарлы ел болу керек деді.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Бақытбек Нұртаев.

Хабар 24 телеарнасы